М.Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театрының «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» спектаклі
Жанр: Спектакль-рутиал
Жас ерекшелігі: 14+
Ұзақтығы: 60 минут
Тілі: Қырғыз-орыс аралас
Өтетін орны: Үлкен зал
Өтетін уақыты: 21-қазан, 18:00
Спектакльдің шығармашылық құрамы:
- Автор – Шыңғыс Айтматов
- Режиссер – Антон Зайцев
- Суретші – Асия Курманалина
- Композитор – Ярослав Жуков
- Хореограф – Салтанат Беймишева
Спектакль туралы:
Сұрғылт мұхиттың суы суық аспанмен астасқан тұста Охот теңізі жағалауының ұлан-ғайыр кеңістігі басталады.
Қуыршақ театрының сахнасында Шыңғыс Айтматовтың белгілі шығармасы тұрмыстық реализм шеңберінен шығып, көрерменді баурайтын тылсым рәсімге айналады. Мұнда қуыршақ, маска, актер және табиғаттың бастапқы стихиялары біртұтас көркем әлем құрайды.
Театр өнерінің барлық мүмкіндігін тоғыстыратын біртұтас сахналық тіл ізденісімен танылған режиссер Антон Зайцев көрерменге тағдыр шешетін аңшылық сапарының жай ғана баянын емес, уақыт тоқтап қалғандай әсер қалдыратын ержету мен рухани толысудың шешуші сәтін ұсынады. Бұл – меңіреу теңіз ортасында бір қайықта қалған төрт буын ер-азаматтың тарихы. Тұман қоюланып, тұщы су таусылғанда, табиғат адам алдына ең қатал әрі маңызды сұрақтарын қояды. Қорқыныш қай тұста аяқталып, жанқиярлық сүйіспеншілік қай тұстан басталады?
Спектакльдің көркемдік тілі әсерлі қарапайымдылыққа және дүниені сезім арқылы қабылдауға негізделген. Сахна кеңістігі құм, су және ағаш секілді табиғаттың бастапқы элементтері арқылы тіріледі. Құм – сырғып өтіп жатқан уақыт пен аяқ астынан жоғалған құрлықтың, су – тыныстап, толқып, адам өмірін жалмайтын мұхиттың бейнесіне айналады. Табиғи ағаштан жасалған қуыршақтар адамның осалдығын, сонымен қатар ішкі қайсарлығы мен тамырына деген ажырамас байланысын айқындайды. Ал актерлердің қолындағы жуан арқандар адам тағдырларының түйініне айналып, бірде жазмыштың бұғауын, бірде ұрпақтар арасындағы нәзік байланысты бейнелейді.
Әсерлі сахналық қимыл мен табиғат элементтеріне негізделген көркем метафоралар арқылы көрермен тұманды жарып өтіп, аңсаған құрлыққа – әрқайсымыздың жан дүниемізде өмір сүретін Ала төбет жартасына қарай рухани сапар шегеді.
Театр туралы:
М.Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театрының негізі 1939 жылы қаланған. Театрдың қалыптасуына Ленинградтан келген режиссер әрі актриса М.Волкова елеулі үлес қосты. 1945 жылы режиссер әрі драматург В.Швембергердің келуімен театрдың шығармашылық жұмысы жанданып, қырғыз труппасы құрылды. Осылайша театр екі тілде өнер көрсете бастады.
90 жылға жуық тарихында театр әлемдік және ұлттық драматургия негізінде 500-ге жуық спектакль сахналады. Ұжым Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа да елдерде гастрольдік сапармен болып, Еуропа, Азия, Африка және Орталық Америкадағы халықаралық мәдени іс-шараларға қатысты. Бірқатар мемлекеттердің құрмет грамоталарымен марапатталған театр бүгінде Қырғызстандағы балаларға арналған жетекші өнер ұжымдарының бірі саналады.