Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

«МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕ» | Драма | ІІ Almaty Puppet Festival – 2024

16 Қазан 2024

Астана қалалық қуыршақ театры / Астана қаласы, Қазақстан

 

Автор: Р.Мұқанова

Режиссер: Қ.Ешмұратова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
Суретшілерілер: Ш.Елембаева, Н. Клименко, Л. Қожақова

Жас ерекшелігі: 14+

Қалам құдіретімен «Муза», «Мысықтар патшалығы», «Сарра», «Шатыр астындағы Мен» сынды пьесаларды тудырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» туындысының шоқтығы қашанда жоғары.

Көптеген төл театрларымыздың сахнасынан орын алып, көрермен көңіліне жол таба білген шыншыл шығармадағы Ләйлә қыздың тағдыры арқылы, бүтіндей қазақ халқының қайғы-қасіретін танып білуге болады.

Панасыз күйде қалған басты кейіпкердің қалың мұңы, жанына жанашыр кісі таппай жарық аймен тілдесуі, дарқан дала зарын еске түсіретіндей... 1949-1989 жыл аралығында өткен Семей полигон жарылысы  сан мыңдаған адамның ғұмырын келте қылғаны бек ақиқат. Ендеше, аталмыш тақырыпты қамтитын өміршең спектакль, бүкіл сынақ құрбандарының рухына бағышталады.

Жанарға жас үйірер трагедияға толы қойылым, жоғары сынып оқушыларына арналған.

 

Спектакль қазақ тілінде көрсетіледі