Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Балғын көрермендер барда театрдың қартаюы мүмкін емес

28 Наурыз 2017

Біз «Буратиномен» өстік. Ағаштан жонып жасалған баланың қолына келешектің алтын кілтін тапсырып, бақытты балалық шаққа сендірген Толстойдың бұл ертегісімен балалардың бірнеше буыны тәрбиеленді. Әйтсе де, ұлттық репертуардан бүлдіршіндердің ұғымына жақын Алдар көсе, Толағай, Көлтауысар, Шибұт, Қаңбақ шал секілді кейіпкерлерді іздейтінімізді несін жасырайық?

 

Бірақ не аңға, не адамға ұқсамайтын, қиялмен құрастырылған құбыжық кейіпкерлерді көріп өсіп келе жатқан жас өскіндерге Жезтырнақ вампирдей, Алдарымыз Шректей әсер ете ала ма? Балаларға арнап жазу, бала танымына сай сахнаға лайықтау неліктен қиын? Халықаралық театр күні қарсаңында Алматыдағы 80 жылдан аса тарихы бар Қуыршақ театрының жаңадан тағайындалған директоры Талғат Есенәлиев балалар қойылымдары айналасындағы мәселе бар екенін жоққа шығарған жоқ. Жасынан қазақ драма театрының ыстық-суығын бірдей сезініп, кейбір ділгір мәселені түбірінен танып, байыпты тұжырым жасай алатын Талғат қамқабайұлының театр туралы толғамдары құлақ түруге тұрарлық.

– Сіз Қуыршақ театрының ди­рек­­тор­лығына жаңадан тағай­ын­дал­ды­­ңыз. Жұмысыңызды неден бас­та­ды­ңыз? 

– Қуыршақ театрына келісімен, әрине, жұмыс шығармашылықтан басталады. Бірден репертуарды қарап шықтым. Әрине, өзге театрлармен салыстырғанда, театрдың репертуарлық саясатының ауқымы кең. Жұмыс істейтін әртістер де өз мамандығының нағыз шебері. Театр­­дың ішкі ахуал-мүмкіндігімен то­лық­­­тай танысып шыққан соң ғана дра­ма­­тургтермен жұмыс істеуді қолға алдым. Бұрын республикалық мәртебесі болған Алматы Қуыршақ театрының 81 жылдық тарихы бар. Тәуелсіздік жыл­­дарынан кейін, Алматы қаласы мә­­дениет басқармасының иелігіне өт­кен­­нен кейін Мемлекеттік қуыршақ театры болып қалған. Бірақ Алматы қа­ласының мәдениет басқармасына қа­­расты қазыналық кәсіпорын бол­ған­дық­тан, қаржы жағы Үкіметтен де қарас­ты­р­­ылған.

Репертуарда 43 спектакль жүріп жатыр. Актерлер екі тілде ойнай береді. Осы спектакльдердің 80 пайызы орыс және шет ел драматургиясынан, ал 20 пайыз қазақ драматургтерінің шығармаларынан құ­рылған. Осы мәселені зерттей келе, «қазақ көрермені неге аз?» деген сұрақ­тың да жауабы табылғандай болды. «Қуыр­шақ театры көрерменнің кө­ңі­лі­нен шық­па­ғандықтан» немесе «Қа­зақ қа­ламг­ері­нің шығармасының аз­ды­ғы­нан» деген ойға келіп, биыл біз қазақ драмату­р­­гиясынан бірталай пьесалар алып, көр­кем­дік кеңеспен ақылдаса келіп, 13 пье­саны іріктедік. Осы пьесалардың өз­ін сұрыптай келе, үш пьесаны екшеп алд­ық. Шығарма авторлары мен режиссер­лер бірігіп, пьесамен қайта жұмыс істеуді қолға алды. Бұл шығармалар қуыр­шақ театрының сахнасына арналып жа­зылмаған, бірақ өзегіндегі баланы қы­зық­тыратын дәнегіне бола балалар сах­насына икемдеп қайта жазуды жөн деп шештік. Қазірдің өзінде алғашқы спектакльдің дайындығы да басталды. Сәу­ір айына премьерасы жоспарланған Жақып Омаровтың жаңа пьесасымен жас режиссер Рүстем Жанаманов жұмыс істеп жа­тыр. Қазір белгілі ақын, драматург Ба­қыт Беделханға тапсырыс беріп, бүл­дір­шін­дердің патриоттық, отан­шыл­дық ру­хын шыңдайтын Қазақстан чемпионда­ры ту­ралы пьеса жа­зып беруін сұрап отыр­мыз.

 

– Уақытпен бірге балалар ауди­то­риясының қаһармандары да ауыс­ты. Баласының қандай қойылым кө­р­е­тініне бірінші ата-анасы таңдау жа­­саса, екінші кезекте оның енді қа­лып­тасып келе жатқан талғамы ал­дын­да қуыршақ театры да жауап­ты. Ал бүгінгі Қуыршақ театры ба­ла тал­ғамы мен талабы алдында қау­қар­лы ма?

– Өкінішке қарай, бала талғамы мәселесі өте нәзік күйінде қалып отыр. Бүгінгі ұрпақтың «кумирін» сахналайтын режиссер тапшылығы өткір сезіледі. Тап қуыршақ спектаклін қоюға маманданған режиссер жоқтың қасы. Бұл мамандық тіпті дайындалмайды да. Жыл сайын Т.Жүргенов атындағы ұлттық Өнер академиясы мен Астанадағы «Шабыттан» режиссерлер шоғыры бітіріп жатады. Бірақ олардың бәрі оқуын тәмамдай сала, драма және музыкалық драма теа­- т­рларына, телевизиялық, ойын-сауық шоу бағдарламаларына қанат қағады. Ал түптеп келгенде, қуыршақ режиссері мен драма режиссерінің міндеті екі бөлек. Сондай-ақ, балалардың тілінде сөйлеп, көкейіндегісін дөп басатын, балаларға арнап жазатын авторлар да саусақпен санарлық, тіпті «жоқ» десек те болар. Бұл тек қуыршақ театрына ғана қатысты емес, жалпы балалар әдебиетіне байланысты ортақ мәселе деп ойлаймын. «Алдағы уақытта қуыршақ театрлары үшін режиссер арнайы дайындалса» деген ұсынысымызды Өнер академияларына хат арқылы жолдадық. Ал актерлерге келсек, Қуыршақ театрының әртістерін Т.Жүргенов академиясы төрт жылда бір рет дайындаса, Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжі жыл сайын құжат қабылдайды. Драма театрларындағы әріптестерінен ерек­ше­лігі, актерлер екі тілде бірдей ойнай бе­реді. Қуыршақпен бірге өздері де жанды дауыста ән салып, жанын сала билеп, жан-тә­німен іс-әрекет жасайды.

 

– Кішкентай көрермендер мен актер байланысы мығым болмаса, ер­тең­гі күні есейгенде олардың театр­ға қы­зы­ғушылығы да төмен бо­лады. Театр ту­ралы түсінігі де жоқ ба­лақайларды сах­на өнеріне қызық­ты­рудың жолы қан­дай?

– Расында да, баланы кішкентай кезінен қызықтыра алмасақ, ертең оларды театрға жалынып келтіре алмайсың. Әдемілікке сүйсініп, тазалық әлеміне титтейінен тартылып өскен, рухани іргетасы ерте бастан қаланған бала өскенде де театрды өз-өзінен із­деп тұратын болады. Біздің ментали­тетке тән кемшіліктің бірі, өзіміз көріп, көзіміз жетпейінше, белгілі бір нәрсеге баламызды оңайлықпен да­ғ­ды­ландыра қоймаймыз. Сол себепті қа­зақ көрерменін тарту үшін, қазақ драматургтерінің шығармаларын ересектерге арнап қоюды жоспарлап отырмыз. Алғашқы бастамасы ретінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Мен деп ойла...» атты поэзия кешін ұйымдастырдық. Актерлердің өзіндік жұмысы ретінде қойған қойылымның ерекшелігі сонда, бұрын әртістер перденің арғы жағында көрінбей, қараңғылық құрсауында тұ­рып қуыршақтарды ойнатса, ал мұнда қуыр­шақтармен бірге актерлердің өздері өлең де оқып, ән де айтып, би де билеп, көрерменнің алдында тұрып өнер көр­сетті. Бір жарым сағаттық өзіндік жұ­мысты халық өте жылы қабылдады. Ақын­ның туған күніне орай өткен бас­қа театрлардағы қойылымдардан айыр­ма­шылығы, Мұқағали ақынның алғаш рет қуыршақ бейнесінде көрінгені, жыр­ының бала танымына лайықталып сөйлегені болды.

– Жалпы, өнер зерттеушілері, театр сын­шылары тарапынан «Қуыршақ театры балаларға не ұсынып жатыр? Қалай тыныстап, не күн көріп жа­­тыр?» деген сұрақ қойыла ма? Қой­ы­лымдарды талдап, баға беріп, сіз­дер­ге бағыт сілтей ме?

– Иә, сыншылар жүйелі, жиі мойын бұрмағанымен, сексен жылдан аса та­рихы бар театрға жанашыр мамандар жылы көзқарас танытып, жағдай сұрап тұрады. Қазір белгілі театр сыншысы, өнертану ғылымдарының кандидаты Еркін Жуасбектің біздің театрымыздың тарихын сыни көзбен таразылай отырып, саралаған, бүгінгі күнге дейінгі қойылымдарды түгендеп, актерлердің шеберлігіне баға берген үлкен зерттеу еңбегі баспада әзірленіп жатыр. Жақын арада көрермен мен оқырманға жол тартады деп отырмыз. Бақыт Нұрпейіс, Амангелді Мұқан сын­­ды белгілі театр сыншылары да мүм­кіндігінше театрымызға келіп, актер­лік ойынға байланысты өз пікірін ай­тып тұрады. Болашақта дай­ын­дық дең­гейіндегі қойылымдарды сах­на­ға шы­ғар­май тұрып, сыншыларды ша­қырып, тал­қылатамыз деген ой бар. Қалай деген­мен, о баста тек орыс тілінде ғана спекта­кльдер қойған театрымыз бүгінгі күні екі тілде, жыл сайын 25 000-нан ар­тық көрермен тамашалайтын іргелі өнер ордасы ғой.

 

– Театр көрермендері арасында ба­лаларымен бірге келіп қойылым көретін ата-аналар, жалпы, отбасылық көрермендеріңіз бар ма?

– Балаларын ертіп емес, балаларына ілесіп, қаздай тізіліп келіп спектакль көретін отбасылар көп болмаса да, бар. Әр спектакльді тұрақты түрде тамашалайтын 2-3 отбасы бар. Өте аз, солай ма? Немерелерімен келетін ата мен әжелер саны да біршама. Біздің көрермендеріміз екі айлық баладан бастап, 80-ге келген қариялар десек, қателеспейміз. Қойылым аяқталған соң киім ілгіштің жанына келіп екі айлық құндақтаулы сәбиі мен жеті жастағы баласын киіндіріп тұрып, жаңа ғана көріп шыққан ертегінің мазмұнын қызықты етіп қайыра бір баяндап жатқан аналарды көргенде, перзенті алдындағы жауапкершілігі үшін рахмет айтқың ке­леді. Осы қазір көріп шықса да, оқиға са­рынынан шыға алмай, ойлы көзін ана­сына қадай түсіп, жан дүниесімен бе­ріле тыңдап тұрған баланың көңіл күй реңкіне сырттай қарап тұрып-ақ қызығасың. Өкінішке қарай, олардың бәрі қазекемдер емес. Біз де балаларымызды жақсы көреміз, баламыз үшін бәрін жасауға даярмыз, бірақ баламызбен бірге қойылым көріп, бірге қуануға келгенде керенау тартамыз. Кім, не кедергі? Білмедім. Өз сыныптастарымен бірге келіп тамашаламаса, баласымен бірге келіп, бірге күліп, бірге мұңайып қызықтайтын ата-ана өте аз.

 

– Осыдан он-он бес жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда театрдың ма­териалдық-техникалық базасының же­­тілгенін байқадық. Қуыршақ те­ат­р­­ы­на деген көзқарастың кем­ші­лі­гі сон­да, көпшілік театрдағы қуыр­шақ ке­й­іпкерлерді дүкеннің қуыр­шақ­­та­рымен салыстырады. Өнер ре­тінде қа­рауға өре жетіңкіремейтін сияқ­ты...

– Республикалық қуыршақ театр­ы­ның алғашқы қуыршақтарын жасап, механикалық тетіктерін құрас­ты­р­­ған бутафоршылар А.Папэ, М.Ли­за­губ, Ю.Тэрземан, Е.Иванов, Г.Ла­ло­та, В.Шмонина, Н.Виноградова, Ш.Ка­ве­риналардың тынымсыз із­де­ніс­тері, адал еңбектері өз алдына бір тө­бе. Бұлар театрға қырық жылдан астам қызмет етті. Жоқтан бар жасап, қолға түскенді ұқсатып, қиындықтардан шы­ғудың жолын таба білді. Бұл, сөз жоқ, жалаң тыраштану емес, өз ісіне де­ген ерен сүйіспеншіліктің ғажайып кө­рінісі еді. Мәскеудің белгілі суретшісі С.Тропани «Мен көптеген қуыршақ ма­мандарын білемін. Алайда мына су­ретшілердің шеберлігі мені мүлдем қай­ран қалдырды. Бұлардың өнері біз­дің Мәскеу театрындағы ең әйгілі шеберлерден бірде-бір кем емес!» деп көркемдік кеңестік отырысында ағынан жарылғанын әлі күнге аңыз қылып айтады. Ал қазіргі заманда қуыршақ театры өте күрделі. Оны көп салалы, мүмкіндігі кең динамикалық ағза десе де болғандай. Өйткені, мұндағы қойылымда би де, пантомимо да, цирктік нөмірлер, балет элементтері жиі қолданылады. Бүгінде Алматы мемлекеттік қуыршақ театрында қуыршақтың барлық түрлері – қа­ра­па­й­ым таяқ қуыршақтан бастап, күр­делі ма­рионеткаларға дейін бар. Мұ­ның бәрін тек келіп көру керек.

 

– Алматы қуыршақ театры ау­ру­ханаларға, жетімдер үйіне барып, қам­көңіл сәбилерге қуаныш сыйлап тұ­ра ма?

– Бұл міндетті театрымыздың негізгі жұмысының ажырамайтын бір бөлшегі деп білеміз. Биылғы Жаңа жылда ата-ананың мейірімі мен қамқорлығына зәру балалар мен мүмкіндігі шектеулі кіш­кентай бүлдіршіндер үшін арнайы мерекелік шара ұйымдастырдық. Олар­дың әрқайсысына театрдың атынан сый­лығымызды табыстап, қамкөңіл бүл­діршіндерге қолымыздан келген кө­ме­гі­міз бен қуаныш сыйлауға тыры­с­тық. Атау­лы мерекені күтпей-ақ, сәті келген­де сәбилер шоғырланған нысандарды аралап, ертегі кейіпкерлері арқылы кө­ңі­лін өсіріп, шаттыққа бөлеу театрдың қа­сиетті парызы саналады. Гастрольдік сапарларды қайта жан­дан­­дыруды қолға алып, алыс-жақын шет­ ­ел­­дерде өтетін театр фестивальдарына қа­­тысып, шығармашылық қары­мы­мыз­­ды салмақтап көру де жоспарымыз­да қарастырылған. Мамыр айында Қыр­ғызстанда халықаралық қуыршақ театр­ларының фестивалі өтеді. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ, Татарстанда «Наурыз» фестивалі өте­ді. Ол жақтан да шақырту алдық. Қара­жат мәселесі шешілген, қос фестивал­ьға қатысудың қамын жасап жатырмыз. Жұ­мыс деген қайнап тұр. Қуыршақ теат­ры – ешқашан қартаймайтын, мәңгі жас өнер ордасы. Балшырын балғын кө­рер­мендер барда, театрдың қартаюы мүм­кін емес. Кішкентай көрермендердің шат-шадыман, ақжарма күлкісі театрға мәңгілік жас ғұмыр сыйлай бермек.

 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»