Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Бар ізгілік театрдан басталады

4 Тамыз 2017

Алматы Қуыршақ театры қала тұрғындары мен қала қонақтарының сүйікті орындарының бірі. Әсіресе, алматылық кішкентай көрермендер Қуыршақ театрының тұрақты келушілері.  Мұнда кішкентай көрермен ертегіге сапарлайды, мұнда кішкентай көрермен өз қаһармандарымен кездеседі.

Сексен жылдан астам уақыт келушісіне осындай қуаныш сыйлап келе жатқан Қуыршақ театры талай жылдарды артқа тастады. Талай кезеңдерді бастан кешіріп, көптеген кейіпкерлерді өмірге оралтты. Ертегіге, қиял ғажайыпқа құмар көрерменді ізгілікке жетеледі, жамандықты әшкере ете отырып, жақсылықтың қай кезде де салтанат құратынына сендірді. Әлемдік театрлар тарихына үңілгенде біз, кішкентай көрермендер Қуыршақ театрын өздерінің сенімді серігіне балап, ондағы кейіпкерлерді жан досына айналдырып, солармен сырласып өзінің ішкі құпиясын айту үшін арнайы келетінін көрдік. Әлемнің Қуыршақ театрлары бұл тәжірбиені озық тәсіл ретінде бағалайды. Біздің Алматы Қуыршақ театры да кішкентай көрерменінің көңіліне кілт, жүрегіне жол табу үшін түрлі тәсілдерді, жаңаша үлгілерді қолдана бастады. Мысалы, 2016 жылы сахналанған  «Жаңа жылдық ғажайыптар Шаһерезада елінде» және «Аладдиннің сиқырлы шамы» атты қойылымдар  театр тарихындағы жаңашыл заманауи үлгіге лайықталған, жанды байланыстағы қойылымдар болды. Бала кез келген туындыдан өз кейіпкерін іздейді, тіпті өзін сол шығарманың басты кейіпкері ретінде көргісі келеді. Алматы Қуыршақ театры жас көрерменіне осы мүмкіндікті беруде. Театрдың қол жеткізген табыстары көп. Халықаралық фестивальдар театрдың жаңа тынысын ашуға мүмкіндік береді десек, Қуыршақ театрының бұл жолдағы ізденістері де бір төбе. Жас әртістер, тәжірбиелі әртістер бүлдіршіндердің тілін жетік меңгерген.  Театр әртістерінің тәжірбиелігі кез келген саладан көрінеді. Олардың даусы тек театр қабырғасында ғана емес, Қазақ радиосының эфирінен де қалықтап, республиканың бүкіл аймағындағы балаларды ертегі еліне жетелеуде. Алматы Қуыршақ театры әртістерінің даусымен 60 ертегі жазылғаны да үлкен жетістік. Алдағы уақытта сахналанады деп күтіліп отырған  драматургтер Д.Саламат «Қасқырлар шөп жейме», «Қуырмаш», «Асқар мен асықтар», Ж.Омаров «Құлыншақ пен бөлтірік», Е.Жуасбек «Тоба», Р.Отарбаев «Сағыныш шөбі» пьесалары да бүлдіршіндердің көңілінен шығатыны анық.       

Қуыршақ театры ұжымының қайырымдылық шаралардан қалыс қалмайтыны көпшілікке мәлім. Жақсылықтың жаршысы болуға ұмтылатын ұжымның  «Есік қаласының облыстық зерде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты» тәрбиеленушілеріне  тегін спектакль көрсетуі, «Үміт үйі» мекемесінің тәрбиеленушілеріне  тегін билеттер беруі, Жетісу аудандық мүгедектер қоғамы бірлестігіне қайырымдылық көмек ретінде тегін билет беруі театр басшылығының ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығын көрсетсе керек. Балалардың жүрегіндегі иман, олардың бойындағы адами, имани қасиеттердің бәрі осы театр төрінен қалыптасады.  Яғни, Қуыршақтарда жақсылықтың жаршысы.

 

Арайлым Тәжібаева