Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры елімізде ертеден келе жатқан көне театрлардың бірі. 80 жылдан астам тарихы бар театр әр елдің шығармаларын ұлттық тілде сахналаумен қатар, талантты әртістердің, қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп, халықаралық, республикалық фестивальдер мен конкурстардың жүлдегерлері және дипломанттары атанып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген театрлардың бірі. Театрдың репертуарларының ауқымын кенейтіп, спектакльдерді орыс және қазақ тілдерінде сахналап келеді. Бүгінгі таңда театр репертуарында отыздан астам ертегі қойылымдар бар. Қуыршақ театры жыл сайын көптеген халықаралық, орта азиялық және республикалық фестивальдарға қатысып, жүлделі орындарды иеленуімен қатар шетелдік қуыршақ театрларымен бірлесіп жұмыс жасап, тәжірбие алмасып келеді. Біз Мемлекеттік Қуыршақ театрының атқарып жатқан жұмысы жайында осы театрдың директоры Талғат Қамқабайұлымен аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Сізді Қуыршақ театрына басшы болғаныңызға көп уақыт бола коймады. Келе сала қандай бастаманы қолға алдыңыз? Қандай өзгеріс пен жаңашылдық енгіздіңіз?
– Келгеніме жылдан астам уақыт болды. Бұрын Әуезов театрында 20 жыл, Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрында директордың бірінші орынбасары болып 1 жыл жұмыс істедім. Өткен жылдан бастап осы Қуыршақ театрына директор болып тағайындалдым. Театр мен өнер саласында жұмыс істеп келе жатқандықтан жаңа ұжымды басқару қиын болмады. Биыл 83-маусымын аштық. Ұжыммен толық танысып шыққан соң театрдың репертуарын қарап шықтым. Оның 90 пайызы шетелдік қойылымдардың аудармасы екен. Қуыршақ театры екі тілде жұмыс істейді. Алайда қазақ тілді көрермендердің саны аз болып шықты. Сондықтан осы мәселені қолға алып жұмыс істей бастадық.
– Жуырда ғана Анкара қаласына барып келдіңіздер. Сол жайлы біздің оқырманға әңгімелеп берсеңіз?
– Биылғы 1 жылдық маусымымызда 5 мемлекетке барып қайттық. Алдымен көршілес ел Қырғызстанда Қуыршақ театрларының фестивалы өтті. Одан біз бас жүлдені және «Ең үздік режиссер әні-2» номинациясы бойынша жеңімпаз атандық. Мамыр айында Молдавияда өткен Қуыршақ театрларының 7-інші фестивалына қатысып, «Үздік менеджер – Қазақстан театры» атты атағын алдық. Маусым айында Татарстанның Қазан қаласында өткен драма театрларымен бірге қуыршақ театрларының фестивалы болды. Бірақ біз мұнда жүлде ала алмадық. Алайда түркі тілдес қандастарымыздың кәсіби шығармашылығынан тәжірбие алмасып қайттық. Шетелдің көптеген елдерінен келген Қуыршақ театрларының қойылымдарын көріп және бізде өз спектаклімізді ұсына отырып, жаңа тың идеямен қайттық. Семинар, талқылау да өткіздік.
Тамыз айында Дүниежүзілік фестиваль Анкара қаласында өтті. Ол жерден лжалы оралдық. Және арнайы фестивалға шақырту алған болатынбыз. Қатысып қайтқанымызға бір аптадай ғана уақыт болды. Ол фестивальға Молдавия, Болгария, Бельгия, Ресей, Израйль сынды мемлекеттен және Түркия елінің 4 театрынан қатысты. Бір-бірімізбен шығармашылық байланыс құрғанның арқасында біз келер жылы сәуір айына шақырту алып келіп отырмыз. Біздер балалар үйінде жиі боламыз.
– Театрға келуге мүмкіндігі шектеулі немесе балалар үйімен жалпы қайырымдылық іспен жиі айналысып тұрасыздар ма?
– Біздің ұжым қайырымдылық іс-шараға белсене араласады. Және біз қарттар үйі, жағдайы төмен отбасылардан шыққан балаларға, балалар үйіне тек мейрамдарда ғана бармай уақыт шығарып арнайы барып, қойылым қойып олардың көңілін көтереміз. Жазда ЭКСПО-2017 көрмесіне орай, Астанаға барып, қала тұрғындарына арнап, бір апта бойы қойылым қойып қайттық. Жақында ғана зағип балаларға арнап демеушілердің көмегімен үлкен қойылым ұйымдастырдық. Онда балалар рухани азық алуымен қатар, оларға аздап болсын сыйлық таратылып көңілдерін бір серпілтіп алдық.
– Театрда қазақ тілді көрерменіміз аз сияқты, себебі неден деп ойлайсыз?
– Біздің репертуарда 90 пайыз аударма қойылымдар. Қазақ көрермен неге аз деген сұрақ тұрды. Сол сұрақтың төнірегінде жұмыс жасап, қазақ қойылымдарды көбейтуді мақсат тұттық. Конкурс жариялап, қазақ драматургтарымен және балалардың жан дүниесіне жақын деген пьесаларды іріктеп алдық. Соның ішінен бізге 11 пьеса келіп түсті. Осылардың 3-ін біз көрермендерімізге ұсындық. Біріншісі, Ш. Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік», екіншісі, Р. Отарбаевтың «Сағыныш шөбі» және үшіншісі, Е. Жуасбектің «Тобасы». 2018 жылға 18 пьеса жоспарда тұр. Оны көркемдік кенес қарап, ішінен 5-уін іріктеп аламыз. Осылай біз қазақ көрермендерді аздап болсын көбейтеміз деген ойдамыз.
- Жаңа жылға орай, кішкентай бүлдіршіндерге қандай тосын сый даярлап жатырсыздар?
Біздің жасөспіріммен балаларға ұсынған спектаклідеріміз өмірден алынған соң барлығының көңілінен шығып, бізге көптеген сұрақтар қойылып, ашық әңгімелесулер болып тұрады. Келесі жылғы жоспарда тек ересектерге ғана емес, жас бүлдіршіндеріміздің жасына сай қойылым қоюды жоспарлап отырмыз. Желтоқсан айында көптеген мерекелердің қатар келуіне байланысты біздің репертуарда қойылымдар көп. Келген қонақтарымыз аяз ата мен ақ шақармен бірге ертегі әлеміне саяхаттай алады. Және біздің ұжым дайындаған спектакльдерді тамашалауға да жағдай жасап жатырмыз. Барлық мәліметті алдағы уақытта біздің ресми сайтымыздан, әлеуметтік желідегі ресми парақшамыздан біле аласыздар.
- Қуыршақ театры тек балаларға ғана арналған ба? Қандай қойылымдар халықтың көңілінен шығып жатыр?
– Қуыршақ театры неге жасөспірім мен балаларға ғана арналған, бала театрға ата-анасымен келеді. Сондықтан оларға да арналған қойылым қоюмыз керек деп шешіп, соңғы бір жылдың ішінде осы мәселе төнірегінде жұмыс жасап келеміз. Өткен жылдың ақпан айында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай, «Мені де ойла» атты поэтикалық кеш ұйымдастырдық. Кешке ақынның ұлымен қоса Мұқағали Мақатаев қорын басқарып отырған келіні екеуі келіп, алғыстарын айтып, ақ батасын беріп қайтты. Сол поэтикалық кеште қуыршақ арқылы Мұқағали ақынды сөйлету халықтың көңілінен шығып, сұранысқа ие болған соң біз оны арнайы репертуарымызға қостық. Ал 83-інші маусымды «Ана жүрегі» атты спектакльмен аштық. Қазіргі қоғамдағы ана мен баланың образын жаңа форматта жақсы аша біліпті деп халық алғыстарын жаудырып жатыр. Сыншыларда осы қойылымға оң бағасын берді.
– Қуыршақ театрынының сахнасында өнер көрсету бақыты қандай таланты бар адамға бұйырады? Жұмысқа қабылдау алдында неге мән бересіздер?
– Театрдың тарихы теренде болған соң жасы үлкен актерлар көп. Сонғы уақытта біз конкурс жариялап, жастарды қатарымызға тартып жатырмыз. Жас мамандарды біз тәжірбиесіз деп шет қалқалай бермей оларға мүмкіндік беруіміз керек деп ойлаймын. Сол себепті, қазіргі кезде біз ұжымның қатарын жастармен толықтырып жатырмыз. Оларды жан-жақты сынақтан өткізгеннен соң жұмыс жасау барысын қадағалап, ақыл кеңесімізді беріп отырамыз.
– Жылдың аяғы таяп қалды, сіздердің репертуарларыңызда қандай қойылымдар бар? Алдағы жоспарларыңыз туралы аз кем айта кетсеңіз?
– Әзірге келер жылға ешқандай мәліметті сайтымызға салмадық. Алайда, 2018 жылға көрермендерімізге ерекше жаңа қойылымдарды тарту етеміз.
Ал желтоқсан айында «ҚУЫРШАҚ ДУМАН», «СҰҒАНАҚ ЕШКІ», «ҚЫЗЫЛ ТЕЛПЕК», «АРЫСТАННЫҢ ҮРЕЙІН ҚАЛАЙ ЕМДЕЙМІЗ?», «ВИТАМИН», «АЛТЫН АДАМ», «ҚАҢБАҚ ШАЛ», «СУ АСТЫ ПАТШАЛЫҒЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ» (ертегі) сияқты қойлымдарды қазақша және орысша көрермендерімізге ұсынып отырмыз. Келіңіздер, көріңіздер!
– Уақытыңызды бөліп біздің сауалдарға жауап бергеніңізге рахмет! Театр ұжымына кішкентай бүлдіршіндерді қуантатын қойылымдары көп болсын деп тілейміз!
Сұхбаттасқан: Нұржол Табиғат