Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры Болгарияда гран-при жүлдесін иеленді

7 Тамыз 2023

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры қазіргі заманауи тенденцияларды, көркемдік-эстетикалық өзгерістерді, жаһандық әлемдегі жаңа бағыттар мен үздік шешімдерді меңгеру, театрдың бүгінгі тынысын кеңейту жолында Халықаралық ірі жобаларға қатысуды негізгі жұмыс барысына айналдырған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Осы орайда, театр ұжымы Қазақстан ғана емес Түркия, Ресей мемлекеттерімен қатар Еуропа елдерінің де ірі, беделді қуыршақ театр фестивальдеріне арнайы шақырту алып, үздіктер қатарынан көрініп жүргендігін баса айта кеткен жөн.

Театрдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылы аталмыш өнер ұжымы Болгария Республикасы, Варна қаласында өткізілген XVII Халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ театрлар фестивалінде әлемдік классиканың озық үлгісі – «Ромео мен Джульетта» (реж.:Д.Жұмабаева) ойылымын ұсынып Гран - при жүлдесін, сонымен қатар театр артистері Шохан Құлназаров «Ең үздік ер адам рөлі», Ұлан Асанбек және Ұлпан Серік «Ең үздік» дебют номинацияларын иеленген болатын.

Биылғы жылы Еуропаның төрі Болгария Республикасы, Бургас қаласында 30 шілде мен 5 тамыз аралығында өткізілген ашық аспан астындағы Х Халықаралық “Қуыршақ күндері” атты фестивальге арнайы жолдама алып, театрдың бойтұмарына айналған, отыз сегіз жылдық терең тарихқа ие қуыршақ театрының анасы Құралай Ешмұратованың режиссерлігімен сахналанған «Қуыршақ думан» қойылымымен қатысты.

Сонымен қатар, Х Халықаралық “Қуыршақ күндері” атты фестиваль аясында театр ұжымы Бургас қаласының мэрі – Димитър Николовтың арнайы қабылдауында болып болашақтағы бірлескен жобалар турасында жоспарлар құрылып, жүзеге асырылуы талқыланды.

Бургас Мемлекеттік қуыршақ театрының басшысы Христина Арсеновамен шығармашылық кездесу ұйымдастырылып, заманауи техникалық жабдықтарды қолдана күрделі де сапалы қуыршақтардың дайындалуынан, жүргізілуі мен сақталуынан, театр тынысының хабар беретін экскурсиямен жалғасын тапты.

Аталмыш фестивальге елімізден бөлек Болгария, Нидерланд, Румыния мемлекеттерінен іріктелген таңдаулы он үш ұжым өнер көрсеткен дүбірлі додада Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Бургас қаласы әкімшілігінің шешімімен «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды.

 

"ALMATY AQSHAMY" қоғамдық-саяси газеті порталы

Сілтеме: https://almaty-akshamy.kz/kuirshak-teatri-gran-pri-zhyldesin-ielendi