Іс-шара халықаралық қуыршақтар театры күніне орайластырылған.
Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театрында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Есте сақта, балақай!» атты қойылым қойылды,- деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шара халықаралық қуыршақтар театры күніне орайластырылған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, қойылымның тәрбиелік және танымдық мәні бар. Онда қуыршақтар кішкентай көрермендерге бағдаршамның көмегімен жолдан өту ережесін, өрт кезінде тілсіз жаудан қалай қорғану керегін үйретеді. Қазір театр басшылығы қалалық білім басқармасымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта қойылым мегаполис мектептерінде көрсетілмек.
«Қуыршақ жасаудың, оның киімін тігудің түрлі шеберлік сағатын көрсетеміз. Ал бүгінгі қойылымның негізгі мақсаты – балаларды мектепке дайындау», – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Алмат Әбдірахманов.
Сондай-ақ әлем сырын танытқан қуыршақ түрлерінен көрме ұйымдастырылды. Сахна сыртындағы маман иелері шеберлік сағатын өткізді.
«Шеберлік сағатта біз қуыршақтардың құрылысын көрсетеміз. Мәселен, театр актері ойнататын қуыршақтардың бірнеше түрі бар: қосалқы рөлдегісі, жіппен тартатыны және планшетпен қосылатын. Ал менің қолымдағы үстел үстіне қойылатын қуыршақ. Онымен 1-2 адам ойнауы керек», – деді Мемлекеттік қуыршақ театрының әртісі Еркеш Жүнісова.