Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ пен баланы табыстырған әртіс туралы не білеміз?

6 Қазан 2017

«Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп». Осы ізденісті театр өнерінде жүрген кез келген әртістен көреміз. Әшірбек Сығай ағамыздың тамыршыдай тап басқан бұл диагнозы сыншының алдында ойын көрсеткен әрбір әртістің жүгін еселеді, жауапкершілігін арттырды.

Қуыршақ театры әртістерінің де осы үде тұрғысындағы ізденісі ерекше. Мәселен, Құралай Исмагулова 20 жылдан бері Мемлекеттік қуыршақ театрында еңбек етеді. Бүгінде Мәдениет қайраткері, театрдың беделді әртістерінің бірі. Актрисамен сұхбат барысында сахнаның әртісті қаншалықты шыңдайтынын көрдік. Өз кәсібін сүйетін, мәртебелі көрерменін құрметтейтін актрисаға сүйіндік.

Қуыршақ өнерімен студент кезде ғана таныстым

– Шынымды айтсам, ауылдан келгенде мен қуыршақ өнері деген өнер бар екенін білген жоқпын. 1994 жылы ауылдан не әнші, не актриса болам деген арманмен келгенмін. Келгеннен кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне түстім. Бойымның кішкентайлығына байланысты, даусым да әдемі болмаған болу керек, мені бірден қуыршақ бөліміне жіберді. Сол кезден бастап осы ерекше өнермен таныса бастадым. Бізге бірінші курста қуыршақ өнерінің майталманы Павел Поторока сабақ берді. Бірақ өте қария кісі еді. Көп ұзамай-ақ дүниеден өтіп кетті. Қуыршақ өнерінде өзінің ұшан- теңіз еңбегін сіңірген сондай нұрлы ұстаз алғашқы кезден-ақ біздің қуыршаққа қатысты түсінігімізді қалыптастырып үлгерді. Одан кейін біз Серік Мақұлбеков секілді ұстаздардан тәлім алдық. Қуыршақ театрының, ондағы әртістердің балалар алдындағы жауапкершілігін сезіндік. Ерекше өнер екенін түсіндік. Сол өнердегі әртістердің бірі болуға мамандандық. 1997 жылы оқуды бітірген соң осы Алматы Қуыршақ театрына жұмысқа келдім. Міне, биыл осы театрға келгеніме 20 жыл болды. Мұнда келгенде біз Сұлтанғали Шүкіров ағамыздан көп дүние үйрендік, кәсіби тұрғыда өзімізді жетілдірдік.

Баланы иландыра алса – әртістің мақсаты орындалғаны

– Кім ертегіні жек көрсін?! Ертегі ол жақсылық пен жамандықты, барлық қиял- ғажайып құдіретті өзіне сыйдыратын кеңістік. Біз қиял шексіз дейміз. Ертегі баланы қоғамдағы әртүрлі мінездермен таныстырады. Жақсылық пен жамандықты айыруға, өтірік пен шынды ажыратуға көмектеседі.

Байқап отырсаңыз, бала өзі оқыған ертегілердің ішінен ұнайтын біреуін таңдайды. Сондағы қаһарманға еліктейді, өзінің әлеміндегі сондай жамандықпен күреседі. Ертегі баланың фантазиясын дамытады. Неге біз баланың ойдан шығаратын өтірігіне илана саламыз?

Өйткені, көркем әдебиеттен бастау алатын ертегі баланың қиялын дамытады. Тіпті кейде ертегінің баланы емдейтін қасиетін көресің. Ол сол жердегі кейіпкер арқылы өз бойындағы қорқынышын жеңеді. Қараңғыдан, жалғыз қалудан қорықпайтын болады. Біздің сахнадағы образдарымыздың бәрі міне, осындай тәрбиелік-ағартушылық сипатқа ие. Мен 20 жылда өте көп рөлдерді сомдадым. Олардың әрқайсысын теріп, санамалап отыратын емес. Маған солардың бәрі ыстық. Бүлдіршіндер менің қонжығым, тотықұсым, менің қояным, менің аққалам, менің Жалмауыз кемпірім арқылы аз уақыт болса да таңғажайыптармен танысты. Тіпті бір кездері «Жалмауыз кемпірді ұрайық, ол жамандық істейді» деп мені ұстап алып, жаңа жылдық қойылымда ұрған кездері де болды. Ол біздің әртістердің ізденісінің нәтижесі. Егер бала оқиғаны шынайы өмірде болып жатқандай қабылдай алса, өзін сол ортаның бір мүшесіндей сезіне алса онда біздің мақсаттың орындалғаны. Яғни, көрерменнің көңіліне жол таба алғанымыз.

– Балаға кішкене кезінде қалай тәрбие берсең солай өседі. Көргенінен сабақ алады, соны санасына құйып өседі. Қуыршақ театрының әртісі болу оңай жұмыс емес. Бұл қиыншылығы өте ауыр мамандық. Кейде қолыңды 45 минут көтеріп тұрып жұмыс істейсің. Жай қолыңды көтеріп тұрмайсың, қуыршаққа қаншама қимыл жасатасың, еңкеюің керек, шалқаюың керек. Кейде белің талып, иығың ашып кетіп жатады. Біз қуыршақтарды ғана билетіп қоймаймыз, өзіміз де жанды планда кейіпкерлерді сомдап жатамыз, бізде пластика да, би де болу керек. Ең басты қиыншылығы – қуыршаққа жан бітіру.

Театрда жаңа ізденістер көп

– Репертуарлар әртүрлі. Кейбірінде таза қуыршақпен ойнайсың, кейбірінде әртіс өзі ойнайды. Қуыршақты қолға алған сәттен бастап әртісте ізденіс басталады.Бетіне қарап отырып, оның даусы қалай болуы керек, қимылында қандай ерекшеліктер бар, бәрі зерттеледі. Бұл жердегіжұмыстың бәрі шығармашылық топтың бірлесіп, ақылдасып еңбек етуімен жүзеге асады. Театр репертуарға бай. Көрермен залына өткеннен бастап балаларды күтетін таңғажайыптар көп. Ширманың ар жағы толған қазына. Ондағы ертегі кейіпкерлерінің барлығы балаға бейтаныс. Олардың ортақ байланысы қуыршақтарға жан бітіп сөйлей бастаған сәтте орнайды.

 

Қуыршақтармен жұмыс істеу оңай емес

Бүгінгі заман талабы басқа. Жаңа формат, жаңа форма болмаса көштен қаласың. Осы тұрғыда біздің театрда ізденістер көп. Талғат Қамқабайұлы Есенәлиев басшылыққа келгелі бері көптеген тынымсыз еңбектер жүзеге асып жатыр. Театр бұрын ұжымдасып бір ғана қойылым төңірегінде жұмыс істесе, қазір ол кісі әртістерді топ топқа бөліп, бәріне өз мүмкіндіктерін көрсетуге еркіндіктер беріп жатыр. Бір топ халықаралық әріптестікті нығайту мақсатында шетелдерге сапарлап жатса, келесі бір топ жаңа қойылымдарға дайындалып, көрермендерді жаңаша тәсілімен қуантуға ұмтылуда. Қазіргі жасалып жатқан іс-шаралардың тағы бір айта кетуге тұрарлық ерекшелігі, ол бүкіл әртістерге шығармашылық еркіндік берілуінде. Директор қазір әртістерге: «Өздеріңді барлық салада сынаңдар, эксперимент ретінде қойылымдар қойыңдар, идеяларыңды айтыңдар, өздеріңді көрсетіңдер»-деп жатыр. Қазіргі жаңа формат, жаңа қолтаңбалар сол эксперименттердің нәтижесі. Және ол өзінің үздік нәтижелерін бере бастады. Театрда бәрі ақылдасып, бір біріне көмек көрсетіп жүреді. Ұжымның мұндай атмосферасы кәсіби тұрғыда дамуға үлкен көмек.

 

Шолпан Рақымқызы