Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрының қоржыны кезекті жеңіспен толықты

12 Қазан 2021

Әлемдік бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ мүддеміз. Осы ретте Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры түрлі қойылымдары арқылы кішкентай бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттерді дәріптей отырып, жас буынның қалыптасуына қалтқысыз жұмыс жасауда.

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 2021 жылдың 4-8 қазан аралығында Көкшетау қаласында өткен III Халықаралық «ТеАRT-Көкше»  театр фестиваліне репертуарындағы «Мен бір жұмбақ адаммын...Абай» спектаклімен қатысып, Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келген 12 шығармашылық ұжымның түрлі жанрдағы қызықты қойылымдарының ішінен «Үздік режиссура» номинациясын иеленді. Қойылым режиссері – Антон Зайцев, инсценировка авторы – Елена Локшина, суретшісі – Юлия Чернова.

Дана данышпан, ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы ғана емес, сонымен қатар, жалпы адамзат туралы ой-толғаныстар, мақсат, мұраттар мен суреткердің рухани жалғыздығын қамтыған ересектерге арналған спектакль фестиваль сарапшылары мен қатысушылардың қызығушылығын арттырып, қызу талқыға түсті. Театр әлемінде қалыптасқан үрдістен ауытқыған жаңаша бағыт, заманауи форматтағы спектакль символикалық шешімдермен құрылып, ұлы ойшыл философиясының терең астарын өзгеше қырынан ашып, ақын образын классикалық тұрғыда көрсететін әдеттегі қойылымдардан өзгерек екендігін айқындайды. Ақынның асыл мұрасын тұңғыш қуыршақ бейнесінде ұсынған спектакль режиссері Антон Зайцев тек қана Абай өмір сүрген кезеңді ғана емес, күллі адамзат тарихы мен тіршілігінен хабар беріп, қазақ халқына ғана тән сипаттармен шектеліп қалмай, барлық ұлт табиғатын түрлі детальдар мен образдар жиынтығын қамту арқылы терең астарын ашып көрсеткен. 

Ойлы ортаны толғандырып жүрген оқиғаларды қуыршақ бейнесінде көрсетіп, заманауи театр стилистикасында сахналанатын символикалық шешімдерге толы спектакль фантасмагория жанрында сахналанған. Мақсат – Абай тақырыбын көтеру ғана емес, сол арқылы ақындықпен ұшталып даналыққа ұласқан кемеңгердің ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу.

 

Madeniet Portaly

Cілтеме: http://madeniportal.kz/article/6629