Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры шығармашылық өрлеу сапарына аттанбақ

27 Қыркүйек 2021

Фестиваль – әрбір театр ұжымы үшін өнер айнасы. Өмірін өнерге арнаған кез-келген жан үшін театр үрдісіндегі ұтымды тұстар мен шығармашылық өрлеу бағыттарын, талант пен талғам нәтижесін сараптайтын мол тәжірибе кеңістігіндегі татымды туындылар қатарын тамашалау таптырмас мүмкіндік екендігі айқын. Кәсіби даму мен шығармашылық біліктілікті жетілдіруді негізгі жұмыс бағытына айналдырған Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры қазан айында бірнеше фестивальдерде бой көрсетпек. Ұсынар сыйы да аз емес...

Ағымдағы жылдың 4-8 қазан аралығында Көкшетау қаласында өткізілетін II Халықаралық «ТеАRT – Көкше»  театр фестивалінде қуыршақ театры дана данышпан, ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының шығармашылығы ғана емес, сонымен қатар, жалпы адамзат туралы ой-толғаныстар, мақсат, мұраттар мен суреткердің рухани жалғыздығын қамтыған ересектерге арналған «Мен бір жұмбақ адаммын...Абай» спектаклін ұсынбақшы. Театр әлемінде қалыптасқан үрдістен ауытқыған жаңаша бағыт, заманауи форматтағы спектакль символикалық шешімдермен құрылып, ұлы ойшыл философиясының терең астарын өзгеше қырынан ашып, ақын образын классикалық тұрғыда көрсететін әдеттегі қойылымдардан өзгерек екендігін айқындайды. Ақынның асыл мұрасын тұңғыш қуыршақ бейнесінде ұсынған спектакль режиссері Антон Зайцев тек қана Абай өмір сүрген кезеңді ғана емес, күллі адамзат тарихы мен тіршілігінен хабар беріп, қазақ халқына ғана тән сипаттармен шектеліп қалмай, барлық ұлт табиғатын түрлі детальдар мен образдар жиынтығын қамту арқылы терең астарын ашып көрсеткен туынды театр мамандарының назарынан тыс қалмайтындығы анық . 

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында ұйымдастырылатын 11-16 қазан аралығындағы «Сын – шын болсын...» Әшірбек Сығай атындағы республикалық театрлар фестиваліне әлемдік классика кейіпкерлерін тұңғыш рет қуыршақ театрында сөйлеткен әйгілі махаббат оқиғасы «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен қатысады. Аталмыш спектакль ағымдағы жылдың 7-13 маусым күндері Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында онлайн форматта өткізілген «КУКART» XV Халықаралық қуыр­шақ және синтетикалық театрлар фестиваліне сараптаудан өтіп, арнайы шақыртумен қатысып «Уильям Шекспир шығармасының қазақ тіліндегі ерекше оқылымы» номинациясына ие болған болатын. Режиссер Дина Жұмабаеваның ұтқыр шешімдерімен үндескен қуыршақтар образы, қойылымның формасы мен бағыты аталмыш фестиваль бағдарламасына лайықты, талдауға тұрарлық туынды. 

Сонымен қатар, 20-26 қазан аралығында Түркия Республикасы, Анкара қаласында өткізілетін VII Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестиваліне театр ұжымы ересектерге арналған «Макбет. Иллюзия» қойылымымен қатысуды жоспарлауда. Адамның ішкі арпалыс сезімдерін, нәзік те тылсым психологиялық күштерді, философиялық ойлар мен бүгінгі күнде де маңызын жоғалтпаған мәселелерді шебер бейнелеген У.Шекспир шығармашылығынан таңдалған «Макбет» трагедиясы да астарлы да шынайы образдарымен, күрделі де көркем шешімдерімен фестиваль қатысушылары мен театр сыншыларының оң бағасын алады деген сенімдеміз. 

Мадина Төле

MADEINET Portaly

Сілтеме: http://madeniportal.kz/article/6574