Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Кукart фестивалінде өнер көрсетеді

22 Маусым 2021

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры бүгінде бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. 86 жылдық тарихы бар театр таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен өнер көрсетіп жүр. Театр ұжымы маусым айының 7-13 күндері аралығында Татарстан Республикасы, Қазан қаласында өткен «Науруз» түркі халықтарының фестивалінде «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.: А.Зайцев) спектаклімен онлайн форматта бақ сынады.

Ұлттың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының қара сөздеріне негізделген қойылым театр сын­шы­лары мен фестивальға қаты­сушылардың тарапынан жоғары бағаға ие болды.

«Науруз» – Ресей Федерация­сына қарасты ұлттық театр­лар­ арасындағы жалғыз ауқым­ды
театр фестивалі. Фести­вальге Қа­­зақ­стан, Қырғызстан, Әзер­бай­жан, Түрікменстан, Өзбек­стан, Тәжікстан және Ресейдің ұлт­тық республикаларынан 25 театр қатысты. Додаға қатысуға өті­­нім жіберген еліміздегі 33 театр­­дың ішінен  халықаралық  сыншылар комиссиясы ірікте­ген Қуыршақ және Қаллеки театрлары сараптамадан өтіп, арнайы ша­қыр­ту алған.

Сондай-ақ өнер ордасы алдағы 22-30 маусым күндері аралығында  Ресейдегі Халықаралық «КУКART» қуыршақ театр фести­валіне жол тартпақ. Үздіктер бас қосатын өнер ордаларының қата­рында Мемлекеттік қуыршақ театрының атынан «Ромео мен Джульетта» (реж.Д.Жұмабаева) қойылымы қатысады. Спектакльдің тақырыбы мен көрерменге берер ойы, мазмұны мен маңызы ерекше.

Айта кетейік, «Ромео мен Джульет­та» – театр репертуарына 2019 жылдың 24 қаңтарында қосылған ересектерге арналған спектакльдердің бірі. Қойылым сұлу­лық пен тазалыққа табынудан, албырттығы жарасқан екі ғашықтың тағдыры арқылы әулет пен тобырдың бітпес дауын арқау етуден туындаған. Жарыққа шық­қалы бірнеше Халық­аралық театр фестивалінде бақ сынаған спектакль қуыршақ театрының жаңа бағыттағы батыл тәжірибелерін көрсетіп келеді.

КУКART халықаралық қуыр­­шақ фестивалі – 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қайы­рымдылық бағыттағы ком­мер­циялық емес жалғыз фестиваль. Биыл фестивальге 27 жыл толады. Ол көп ұлтты Ресейдің әр­түрлі аймақтарындағы қуыршақ театр­ларын біріктіреді. Түрлі елдер мен халықтар арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальда Ресей Федерациясының құра­мындағы 10-нан астам театр ұжымымен қатар, Израиль, Гер­мания, Болгария, Финляндия, Эстония, Қытай, Сербия театрлары өнер жарыстырады.  Мәдени жобаның бағдарламасы дәстүрлі үш бағыттан тұрады: негізгі, арнайы және клубтық қойылымдар. Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ромео мен Джульетта» қойы­лымы негізгі бағдарламаға енген. Спек­такль 27 маусым күні Зазер­калье театрының сахнасында қойы­лады.   

Театр фестивалінің басты мақ­саты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау.

Фестиваль аясында қойылым­дардың көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары, т.б. іс-шаралар ұйым­дас­­­тырылмақ.

 


Маржан ӘБІШ

"Egemen Qazaqstan" газеті порталы

Сілтеме: https://egemen.kz/article/279144-kukart-festivalinde-oner-korsetedi