Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Мемлекеттік қуыршақ театры: Кезекті рет шетелдіктерге қазақ қуыршақ өнерінің мүмкіндігін танытамыз!

18 Маусым 2021

Өз тарихының 86-шы жылына қадам басқан қуыршақ театрларының қара шаңырағы, Алматы қаласының мәдени-тарихи құндылықтарының бірі Мемлекеттік қуыршақ театрының шығармашылығы қарқынды дамуда. Театр еліміздегі демалыссыз жұмыс жасайтын әмбебап ұжымға айналған. Жаз мезгілінде де қала тұрғындары мен қонақтары назарына түрлі танымдық қойылымдар мен қызықты іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырған театр ұжымы репертуарларын түрлі режиссерлік интерпретацияларға толы спектакльдермен толықтыруда. Жылды екі жаңа спектакльдің тұсаукесерімен бастаған қуыршақтықтар 27 наурыз – Дүниежүзілік театр күні мерекесі қарсаңында Ш.Айтматов повесі желісімен сахналанған режиссер Д.Жұмабаеваның «Ана – Жер ана» қойылымымен «ЭРГҮҮ» қырғыз театр сыйлығын«Қырғыз авторының шығармасын ең үздік сахналаған шет елдік театр» номинациясын жеңіп алды. Қырғыз Республикасының «ЭРГҮҮ» ұлттық премиясының негізі 2014 жылы Театр қайраткерлері одағының бастауымен және «Айтыш» фондының қолдауымен қаланған. Бұл премия Орта Азия өңіріндегі беделді театр сыйлықтарының бірі болып саналады. Театрға шығармашылық шабыт сыйлаған жүлдеден соң, Татарстан Республикасы,  Қазан қаласында ұйымдастырылған «НАУРУЗ» түркі халықтарының фестивалінде өнер ордасы «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.: А.Зайцев) спектаклімен бақ сынауда. Ұлттың ұлы ойшылы, ағартушы-ұстаз Абай Құнанбайұлының қара сөздеріне негізделген қойылым қазақ мәдениеті мен әдебиетінің әлем театрлары сахнасына жол тартуы үшін талмай еңбектенуде.

 

Әлемдік ахуалға байланысты аталған өнер бәйгелері онлайн түрде өтсе, театр ұжымы РФ, Санкт-Петербург қаласындағы «КУКART» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде офлайн өнер көрсетуге жол тартады. Фестиваль шымылдығы 22 маусым күні түрілсе, Алматы Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театры «Ромео мен Джульетта» (реж.: Д.Жұмабаева) спектаклімен 27 маусым күні, сағат 17:00-де Зазеркалье театрының сахнасында өнер көрсетеді.

Көрермендер сарапшылар назарына түрлі бағыттағы қойылымдар ұсынатын өнер додасы 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қайырымдылық бағыттағы коммерциялық емес жалғыз фестиваль. Түрлі елдер мен халықтар арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальде Қытай, Германия, Сербия Эстония, Тыва, Қазақстан мемлекеттерінің және Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларының өнер ошақтары өз қойылымдарын ұсынады. Фестиваль аясында көрсетілетін театрлық жобалар, арнайы көрсетілімдер мен негізгі бағдарламаға енгізілген спектакльдер сахналады. Әлем классикасының озық үлгісі «Ромео мен Джульетта» (реж.: Д.Жұмабаева) спектаклі негізгі бағдарламаға еніп отыр.

 

«Ромео мен Джульетта» театр репертуарына 2019 жылдың 24 қаңтарында қосылған ересектерге арналған спектакльдерің бірі. Жас ерекшелігі 18 жастан жоғары көрермендерге арналған спектакль сұлулық пен тазалыққа табынудан, албырттығы жарасқан екі ғашықтың тағдыры арқылы әулет пен тобырдың бітпес дауын арқау етуден туындаған. Жарыққа шыққалы бірнеше Халықаралық театр фестивалінде бақ сынаған спектакль қуыршақ театрының жаңа бағыттағы батыл тәжірбиелін көрсетіп келеді.

Айта кетейік, қуыршақ театры осыған дейін 2019 жылы өткен аталмыш театр фестиваліне Е.Ионовтың «Ана жүрегі» қойылымымен қатысып «Үздік актерлік ансамбль» номинациянасын иеленген болатын. Қазақ қуыршақ театрының шексіз мүмкіндігі мен көркем өнердің әлемдік өркениетпен ұштасуына тер төгіп келе жатқан мәдениет мекенінің тұлпары өнер бәйгесінде оза шапсын деп тілейміз! 

БЕЙБІТ ӘЛКЕЕВА

"ADYRNA" порталы

Сілтеме: https://adyrna.kz/post/74750