Алматы мемлекеттік қуыршақ театры 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай жас көрермендер мен олардың ата-аналарына арнап жаңа жобалар ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Театр баспасөз қызметінің мәліметінше, балалар мерекесінде бүлдіршіндер офлайн іс-шаралармен қатар, қуыршақ театрының әлеуметтік парақшаларында арнайы жүргізілетін айдарларға онлайн қатыса алады.
«Қуыршақ думан» қайырымдылық қойылымы әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасының бүлдіршіндерінің назарына ұсынылады. Бұл шара демеушілердің сыйлық тартуымен жалғасады. Сонымен қатар, бүлдіршіндердің қуыршақ театрына деген қызығушылығын арттыру мақсатындағы викториналық сұрақтар, байқаулар мен интерактивті ойындарды қамтитын «Қуыршақ театры қуантады», «Менің сүйікті қуыршағым» сынды танымдық жобаларда бүлдіршіндердің жан-жақты, жоспарлы дамып, жүйелі уақыт өткізуі көзделген» деп хабарлады театрдан.
Театрдың Instagram парақшасында «Мен де бала болғанмын» атты сауалнама, «Балалықтың бал дәмі» танымал өнер жұлдыздарының балалық шағы туралы естеліктері, театрдың қуыршақ жасау шебері, суретші, бутафор қызметкерлерінің қатысуымен «Балалық шақтың жарқын түстері» онлайн шеберлік сағаты өтеді.
Qazaq радиосының «Балаларға базарлық» бағдарламасында «Қаңбақ шал» мерекелік радиоспектаклі, «Бақытты отбасы – бақытты бала» мерекелік отбасылық тікелей эфирін ұсынады.
Сонымен қатар, мереке аясында театрдың шығармашылық тынысын, жұмыс барысын, қуыршақтар әлемін кеңінен насихаттауға арналған TikTok каналын ашылады.
Мақсат - көрермендермен тығыз қарым-қатынас орнату, қуыршақтардың жаңаша мүмкіндіктерін дәріптеу.
АЛМА Мұқанова
KAZINFORM.KZ халықаралық ақпарат агенттігі
Сілтеме: https://www.kazinform.kz/kz/almaty-memlekettik-kuyrshak-teatry-balalarga-bazarlyk-usynady_a3794761