Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қыркүйек айының 11-13 күндері аралығында Көкшетау, 14-17 күндері аралығында Астана қаласында өзінің кезекті гастрольдік сапарын өткізеді. Бүгінгі таңда 80 жылдан астам тарихы бар өнер ошағы әлемдік шығармаларды ана тілімізде сахналауымен қатар, талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.
Гастрольдік сапар барысында театр ұжымы көкшетаулық және елордалық көрермендер назарына: театр репертуарындағы әлемдік мәдениеттің қалыптасуына зор ықпал еткен өнерпаздардың басын бір сахнаға тоғыстырып, шығармашылық ауандарынан сыр шертетін «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: С.Шукуров, Қ.Ешмұратова), қазақтың лирик ақыны, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сазды жырларының негізінде құрылған «Мен деп ойла» (авт. әрі реж.: М.Тәуекелова), Африка еліне тегін саяхаттауға мүмкіндік беріп, жас бүлдіршіндермен қатар ересектерге де көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын «Арыстанның үрейін қалай емдеу керек?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова), бір-біріне өштескен екі топтан жырылып шыққан құлыншақ пен бөлтіріктің арасында туындаған бала достық қатыгездікке қарсы тұрып, шынайы достықтың нәзік әрі алып күш екендігін көрсететін «Құлыншақ пен бөлтірік» (авт.: Ж.Омаров, реж.: Р.Жаныаманов) қойылымдарын ұсынады.
Аталмыш спектакльдер Көкшетау қаласында Ақмола облыстық орыс драма театрының, Астана қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахналарында өтеді.
«Даму және көрерменмен байланыс» бөлімі