Республикамыздағы ең ірі өнер ұжымдарының бірі, өнерде өзіндік қолтаңбасы бар Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрына бүгінде 86 жыл. Өнер ошағы талантты артистер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.
Болашағымыздың жарқын, келер ұрпақтың білімді, салиқалы болуы бала тәрбиесіне тікелей байланысты екені хақ. Сол себепті әлемдік бәсекеге сай, рухани тұрғыдан бай, жан-жақты, білімпаз ұрпақ тәрбиелеу жолында қуыршақ театры аянбай еңбек етуде. Өнер ордасы соңғы жылдары маусымын жаппастан үздіксіз жұмыс атқарып, өз көрермендерін күнделікті қойылымдарымен қауыштырды. Карантин кезінде онлайн форматында белсенді жұмыс атқарып, театрды сүйер көрермен назарына репертуардағы үздік қойылымдар ретін YouTube каналы арқылы көруге мүмкіндік жасады. Көптеген әлеуметтік жағдайы нашар, мүгедек балаларға қайырымдылық тегін көрсетілімдерін ұйымдастыруды театр ұжымы айлық жұмыс жоспарына тұрақты түрде енгізген.
86 маусымның шымылдығын композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай сахналанған «Өмір-Өзен» (реж.: Е.Қабдыл), кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Үйшік» (реж.: А.Зайцев) қойылымдарымен ашқан өнер ордасы Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында көрермен назарына бүлдіршіндердің ең сүйікті ертегілерінің бірі «КҮЛШЕ ҚЫЗ» қойылымының премьерасын ұсынады.
Ертегіде ғажайып оқиғалар орын ала отырып, жақсылық жеңіске жетеді. Қызықты әрі шытырман оқиғаларды қамтитын қойылым және сахнадағы қызықты ойындар мен әсем әндер бүлдіршіндерге ұмытылмас мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Ертегі кейіпкерлері көрермендерді зор құрметпен қарсы алып, түрлі би, танымдық ойындарымен қуантатын болады. Жаңа жылдық мерекенің басты қонақтары Аяз-Ата мен Ақшақар да ғажайып оқиғалармен аяқталатын қызықты қойылымда өз көрерменін күтеді.
Спектакль авторы – Д. Балаян, режиссері – А. Зайцев, суретшісі – Ю. Чернова.
Мерекелік қойылым 20 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында күнделікті сағат 10:00, 12:00, 14:00, 16:00 аралығында қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Қойылым барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталынады.