Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Мұқағали – Мәңгілік Ғұмыр

23 Қаңтар 2018

Мемлекеттік ҚУЫРШАҚ театры ақиық ақын, қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақпан айының 6-9 күндері аралығында сағат 17:00-де театр репертуарындағы «Мен деп ойла...» поэтикалық қойылымын көрермен назарына ұсынады. Қойылымда поэзияның шыңына жеткен М.Мақатаев жырлары арқылы театр артистері қуыршақтармен бірге өмірді сүюдің ғажайып үлгісін көрсетеді. Поэтикалық кеште ақынның туған жер, өмір мен өлім, ана мен бала, ақын мен ақындық, соғыс тауқыметі т.б тақырыбын қозғаған лирикалық туындылары ұлттық сипатта көрініс тауып, қуыршақтар арқылы көрерменге жол тартады.                                          

   Сондай-ақ, аталмыш күндері сағат 16:00-де театр ұжымы дәстүрлі түрде өткізетін «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан және ақынға шығарған арнау өлеңдерінен сайыс ұйымдастыратынын хабарлайды. Сайыстың шарты бойынша мектеп жасындағы балалар қатысады. Театрдың көркемдік кеңес мүшелерінің шешімімен жүлделі I, II, III орындар беріледі. Мұқағали тұлғасының кемелдігін, асқақтығын сезіну үшін оның рухани әлеміне бірге сапар шегейік!