Қуыршақ театрында еңбек ететін мамандардың қайсы бірін алып қарасаңыз да, олардың жандары өте нәзік, елгезек, қанша жас жасаса да көңілдері баладай кіршіксіз таза болып келеді. Балалардың жүрегіне терең үңілетін, сәби жүректі олар – қашан да адалынан нан табуға тырмысып, қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар. Бір үйдің балаларындай бірінің бәрі үшін, бәрінің бірі үшін жан салып қолдау білдіріп, қолғабыс ететініне қарап, ұжымның ұйымшылдығын бірден-ақ аңғаруға болады. Өнер додаларында сайып қырандармен сайысқа түсіп, алдыңғы шептен көрініп келе жатқаны тағы бар. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген осы шығар. Осындай ынтымағы мығым, бірлігі берік киелі өнер мекенінде өнер табыстырған жарасымды жұптар да жоқ емес. Осы ретте «21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай, өнерлі жанұялардың басын бір арнаға тоғыстыра отырып, екінші рет «Бақытты отбасы» театрішілік отбасылық сайысы өтті. Шараның басты мақсаты – салт-дәстүріміз бен киелі өнерімізді ұлықтап, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау. Жанұя тәрбиесіндегі қағидаларды негізге ала отырып, келешек ұрпаққа мардымды тәрбие беруді мақсат еткен жеті бөлімнен тұратын сайыста төрт отбасы бақ сынап, жаңа қырларынан танылып, жүлделі орындарға ие болды.
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткен «Бақытты отбасы» сайысының ІІІ орнын қуыршақ театрының артистері Болат және Ұлбосын Момынжановтар жанұясы иеленді. Көрерменін харизмаға толы би мен ерекше идеямен ойластырылған бейнежазбаларымен баурап алған үлгілі жанұя ынтымақтарының беріктігін көрсетті.
«Бақытты отбасы» байқауының жүлделі ІІ орыны театрымыздың дыбыс инженері Аршын және театр актрисасы Гүлбаршын Жолдасхановтар жанұясына бұйырды. Көрермендер мен қонақтарды тартымды таныстыру, жастық жалындарымен тәнті еткен жанұя көрермендер көзайымына айналып үлгерді.
Сайыстың жүлделі І орнына театры артисі Шохан және «Көрермендермен жұмыс» бөлімінің қызметкері Жұлдыз Құлназаровтар ие болды. Әсерге толы би билей отыра, ерекше ойын үлгілерімен көзге түсіп сайыстың көрігін қыздыра түсті
Ал, «Бақытты отбасы - 2019» театрішілік байқауының Бас жүлдесіне театрдың белді артистері, үлгілі жұптардың бірегейі Алтай және Марал Тәуекеловтердің жанұясы лайық деп танылды. Отбасыларын таныстыру сайысына өз мамандықтарымен байланысты етіп дайындаған өнер туындылары көпшіліктің таңданысын тудырып, кереметтей көріністері арқылы жанұяларының ауызбіршілігін, бір-біріне деген сезімдерінің кіршіксіз тазалығын байқатты. Әр кезеңде ерекше дайындықпен шыққан бұл жұп бас жүлдеге әбден лайықты.
«Бақытты отбасылар» бәйгесіне түскен төрт жұп та бір-бірінен асып түспесе, қалыса қойған жоқ. Әрбірінің үлгі болуға жарайтын іліп алар қасиетті көп. Келген көрермендер және әділ-қазылар алқасы құрамында болған журналист Мира Мұстафина мен «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің шолушысы Айгүл Аханбайқызы тек қана бір жанұяның бірлігіне емес, түгелдей ұжымның ұйымшылдығына қарап таңданыстарын білдірді.
«Тәрбие – тал бесіктен» - деген, дана қазақ. Ұлттың болмысын биіктетіп, ұрпақтың қажетіне жарайтын осындай тәрбиелік шаралар барлық жерде жалғасын табуға лайықты. Сәбилердің шат күлкісі шартарапқа естіліп, саналы ұрпақ қалыптастыратын салиқалы жанұялар көбейе берсін!