Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Алматыда алғаш рет Бекзат Саттарханов туралы қойылым өтті

23 Ақпан 2024

Алматыдағы Қуыршақ театры бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Бекзат Саттархановтың бейнесін алғаш рет сахналады. Қойылымда Бекзаттың дүниеге келуінен бастап, оның чемпион атағын алған сәтке дейінгі ғұмыры баяндалды. Сахнадағы спортшының болмысы жас жеткіншектерді қайсарлыққа, өжеттілікке, батылдыққа, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Спектальден оның бойындағы арманға деген адалдық, мақсатқа жету жолындағы қажырлы еңбек пен елі мен жеріне деген сүйіспеншілік насихатталды. Қысқа ғана ғұмырында 143 жекпе-жек өткізген Бекзаттың спорттағы шеберлігі көрермен назарына ерекше форматта ұсынылды. Премьераны тамашалуға келгендердің ішінде марқұм Бекзаттың анасы да болды.

Сырлыкүл Шойбекова, Бекзат Саттархановтың анасы:

Бекзат небәрі 5 жылда барлық шыңды бағындырып, әлемге қазақтың көк туын желбіреткен ұл ғой. Мен келешек ұрпаққа осындай ұлдар болса деп тілеймін. Бекзаттай ұл-қыз өсірейікші дейтін ата-аналарды көргім келеді.

Оразәлі Ақжарқын- Сәрсенбек, қойылым режиссері:

Біз ринг арқылы қарамаймыз, біз сахна арқылы қараймыз. Яғни, біз өнер арқылы қараймыз. Оның қандай күші бар бойында, 20 жастағы кішкентай бала Олимпиада чемпионы болу деген бұл құдірет. Сондықтан біз осыған жауап беруге тырыстық.

 

Әйгерім Ердәулет

"QAZAQSTAN.TV" телеарнасы порталы

https://qazaqstan.tv/news/189614/