Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Мемлекеттік қуыршақ театры қайта жанданды

2 Ақпан 2024

Қуыршақ театры – кішкентай бүлдіршіндерді ғана емес ересектерге де ғажайып ертегі әлемінің сиқырлы сырын танытып, жақсылыққа, адамгершілікке, шынайылыққа шақыратын мөлдір мекен. Ертегілер еліне сапар шегіп, театр қойылымдарын тамашалаған әрбір көрермен көңілі қуанышқа бөленіп, өзгеше әсер алуы үшін театр әкімшілігі бірқатар іргелі істерді жүзеге асыруда. Соның бірі – Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен театр ғимаратына күрделі жөндеу жұмысының жүргізілуі.

Айта кететін жайт, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры араға 10 жыл салып, қайта күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Әлемдік театр дамуы мен өзгеруі, заманауи бағыттардың кеңінен етек алуын ескерсек, қуыршақ театрына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу уақыт талабы. 

Қазіргі таңда көрермен залдары қойылымдардың сапасын арттырып, мамандардың қолайлы жұмыс жасауына ыңғайлы соңғы үлгідегі заманауи дауыс, жарық, сахна жабдықтарымен жаңарып, театр фойесі көрермендерге жайлы атмосфера сыйлайтын жаңашыл дизайнмен көркемделіп,  түрлі үлгідегі қуыршақ түрлері, қойылым эскиздерімен безендірілсе, ғимараттың ішкі интерьері, сыртқы фасады көрермен сұранысына сай жасақталды.

Көрермендердің қойылым тамашалау барысында жайлы демалуына жағдай жасайтын ыңғайлы, жұмсақ орындықтар, жоғары талғамды ішкі дизайн және қойылым барысындағы жарық пен дыбыс құрылғыларының сапасы қуыршақ театрына деген сұраныстың артуына өз септігін тигізері анық. 

Жаңа үлгіде жабдықталған театр – шығармашылық және техникалық бөлім қызметкерлеріне жаңа тыныс, тың идеялар, жұмысқа деген ерекше көзқарас, шалқар шабыт, қызықты, жаңа жобаларға деген қызығушылық сыйлап қана қоймай, кәсіби білікті мамандардың театрда жұмыс жасау сұранысының артуына ықпалы зор.

Бүлдіршіндер қиялына қанат бітіріп, жақсылыққа жетелейтін өнердің алғашқы мектебі – қуыршақ театры жаңа 2024 жылды жаңа ғимаратта, жаңа жобалармен қуантпақшы. Алдағы уакытта сүйікті көрермендермен қауышуға асық театр ұжымы кішкентай көрмендерге арналған танымдық, тәрбиелік мәні зор, батылдық пен өжеттілікке үндейтін «Етік киген мысық», жасөспірімдерге арналған философиялық терең астарға ие «Шапан» қойылымдарының премьераларын ұсынбақшы. 

Жаңарған ғимараттағы жаңа қойылымдар премьераларынан қапы қалмаңыз!

 

MADENIET Portaly

https://madeniportal.kz/article/8493