Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театрында жөндеу жұмысы аяқталды

30 Қаңтар 2024

Алматыда Мемлекеттік қуыршақ театрын жаңғырту және жөндеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атап айтқанда, көрермендер жайғасатын залдағы орындар қалпына келтіріліп, сахна кеңістігі, дайындық залдары, киім ауыстыратын бөлмелер, ғимараттың фойелері, киім-кешек бөлмелері, санитарлық-гигиеналық және басқа да үй-жайлар жөнделді. Сонымен қоса, сапалы дауыс пен жарықты қамтамасыз ететін соңғы үлгідегі заманауи сахна жабдықтары жаңартылды. Қазір жөндеу жұмыстарынан кейін мекемені тазартып, фойе дизайнын жақсарту үшін жұмыс істеп жатыр.

Айта кетейік, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев 2022 жылдың шілде айында мегаполистің кейбір мәдени нысандарын аралау барысында Мемлекеттік қуыршақ театрын жаңарту мен жөндеуді, сонымен қатар, театр аумағын абаттандыруды тапсырған болатын.

- Келер жылы театрдың құрылғанына 90 жыл толады. Жыл сайын шамамен 80 мыңнан астам көрерменді қабылдайтын өнер ордасы бүлдіршіндердің де, ересек азаматтардың да сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Әрине, бұл бізді қуантады. Ғимаратты қалпына келтіру 10 жыл бұрын жүргізілген. Алайда қуыршақ театрының жабдықтары ескірген, ал интерьері жаңартуды қажет етті. Сондықтан қала әкімі ғимаратты жөндеуге, жабдықты жаңартуға және қуыршақ театрының қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға шешім қабылдады. Жақында көрермендер өздерінің сүйікті қойылымына қатысып, спектакльдерді жайлы жағдайда тамашалай алады, - деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

Ал театрдың шығармашылық ұжымы көрермендерге бірнеше премьера дайындап жатыр. Олардың арасында Шарль Перро ертегісі негізінде «Етіктегі мысық», Гогольдың «Шинель» және Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі және басқа да спектакльдер бар.

Күрделі жөндеуден кейін театр өзінің алғашқы қойылымын 2024 жылдың ақпан айының соңына таман көрермен назарына ұсынады. Қойылымдар кестесі жақында театрдың Instagram-дағы ресми парақшасында @kuyrshak_teatry және puppet.kz сайтында жарияланады. Естеріңізге сала кетейік, театр Пушкин көшесі, 63 мекенжайында орналасқан.

 

"ALMATY.TV" телеарнасы порталы

https://almaty.tv/kz/news/kultura/1710-vpervye-za-10-let-proveli-modernizatsiyu-i-remont-v-gosudarstvennom-teatre-kukol