Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Мемлекеттік қуыршақ театрында соңғы 10 жылда алғаш рет жөндеу жұмыстары жүргізілді

30 Қаңтар 2024

Мемлекеттік қуыршақ театрының сахна кеңістігі, көрермендер залы, грим бөлмелері, айындық залдары, киім ауыстыратын бөлмелер толық жөндеуден өтті. Театрдың есіктері мен едені, көрермендер жайғасатын залдағы жұмсақ орындықтар да толық жаңартылды. Сонымен қоса, сапалы дауыс пен жарықты қамтамасыз ететін соңғы үлгідегі заманауи сахна жабдықтары сатып алынды. Қазір жөндеу жұмыстарынан кейін мекемені тазарту және фойе дизайны жасалып жатыр.
Айта кетейік, Алматы әкімі Ерболат Досаев 2022 жылдың шілде айында қаладағы мәдени нысандарды аралау барысында Мемлекеттік қуыршақ театрын жаңарту және жөндеу, сонымен қатар, театр аумағын абаттандыру бойынша тапсырмалар берген болатын.  
«Келесі жылы театрдың құрылғанына 90 жыл толады. Жыл сайын шамамен 80 мыңнан астам көрерменді қабылдайтын өнер ордасы бүлдіршіндердің де, ересек азаматтардың да сүйіспеншілігіне бөленіп келеді. Әрине, бұл бізді қуантады. Дегенмен, ғимарат ескіргені жасырын емес. Мұнда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары бұған дейін 10 жыл бұрын жүргізілген еді. Осы уақыт ішінде қуыршақ театрының жабдықтары ескіріп, интерьері жаңартуды қажет етті. Сондықтан қала әкімі ғимаратты жөндеу, техникалық жабдықтарды жаңарту және қуыршақ театрының қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасауға қатысты тпсырмалар берді», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Қазір театрдың шығармашылық ұжымы көрермендерге бірнеше премьера дайындап жатыр. Олардың арасында Шарль Перро ертегісі негізінде «Етіктегі мысық», Гогольдың «Шинель» және Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі бойынша жаңа қойылымдар бар.
Күрделі жөндеуден кейін театр алғашқы спектакльді биыл ақпан айының соңына қарай көрермен назарына ұсынады. Қойылымдар кестесі жақында театрдың Instagram-дағы ресми парақшасында @kuyrshak_teatry және puppet.kz сайтында жарияланады. Естеріңізге сала кетейік, театр Пушкин көшесі, 63 мекенжайында орналасқан.

 

Оңғар Қабден

«Ongar online» телеграм-арнасы

Сілтеме: https://t.me/ongar_online/7949