Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры жаңа келбетімен, заманауи техникамен кішкентай көрермендерін қуантпақ.
Талай жыл жөндеу көрмеген ғимараттың кіреберісінен бастап, сахна жабдықтары, көрермен залы толық жаңартылды. Жөндеу жұмыстары аяқталып қазір тазартылып жатыр. Ал актерлері болса жас көрерменмен қауышатын күнді асыға күтіп жүр.
90 жылдық тарихы бар қуыршақ театрының сахнасы заманауи жарық және дыбыс техникаларымен жабдықталды. Кішкентай көрермендер үшін жайлы орындықтар қойылыпты. Грим және дайындық бөлмелері де ыңғайлы. Сондай-ақ, қосымша ғимарат салынған.
Ғани Майлыбаев, қалалық мәдениет басқармасының басшысы:
- Бұл жерде әртістер арнайы қуыршақтар жасау үшін, сахнаға керек жабдықтар жасау үшін қосалқы ғимарат салынып берілді. Ол ғимарат бұл театрдың мүмкіндігін, өрісін кеңейтті. Бұл жерде мобильді топтар, жылдам топтар жұмыс жасайды. Олар театрда қалып қоймайды. Балабақшаларға, мектептерге барып өз қойылымдарын қоя алады.
Театр ұжымы жөндеу жұмыстары кезінде қол қусырып отырмағандарын айтады. Мектептерді аралап, қойылым қойып, балаларды қуантып қайтыпты. Жаңартылған ғимарат ақпаннан бастап іске кіріспек. Бүлдіршіндерді «Етік киген мысық» қойылымының премьерасы күтіп тұр. Одан өзге де базарлықтары бар.
Бақыт Тушаев, Мемлекеттік қуыршақ театры директорының орынбасары: - Әрмен қарай 14, 15 күндері «Чемпион» премьерамыз тұр. Бекзат Саттархановтың өміріне арналған. Наурыз айында «Шинель» премьерасы жоспарланып отыр. Шетелдік режиссер келіп қояды оны. Сонымен қатар бізде, «Менің атым Қожа» тағы да басқа, балаларға арналған 5-6 премьерамыз биылғы жылға дайындық үстінде.
Қара шаңырақ қуыршақ театрына келесі жылы 90 жыл толады. Осыған орай мәдени мекеме ұжымы «Академиялық» статус алсақ деген мақсаттары барын да жеткізді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов
Сілтемесі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/636059-almatyda-y-uyrsha-teatryny-zha-a-kelbeti