Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қоян жылы Қуыршақ театрын қуанышқа кенелтті

5 Қаңтар 2024

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – бүгінде тамырлы тарихы тереңде жатқан қасиетті орда. Келер жылы ашылғанына 90 жыл толмақ. Дәл осы 90 жыл ішінде ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек етіп, талай талантты шыңдаған шежіренің ордасы, мәдени мұраға бай киелі мекен. Қазірдің өзінде ауқымды мәдени шаралар мен қуыршақ өнерін жандандыру жолындағы игі бастамалары күн сайын дамып, көркейіп, келбетінің артуы көрген көзге қуаныш сыйлайды. Сахна өнеріне жүктелер қоғамдық салмақты тең тұрғыда көтеріп келе жатқан, жаңашылдыққа жаны құмар өнер ордасы қоғамдағы маңызын әлдеқашан дәлелдеген.

Театр ұжымы үшін қоян жылы (2023 жыл) шығармашылық ізденіске толы, шыңдалу мен тың идеяларды жүзеге асырып, қуанышқа кенелген кезеңнің бірі болды. Осы маусымда жарыққа шыққан премьелардың қайсыбірін алсаңыз да кәсіби театр зерттеушілері мен БАҚ өкілдерінің назарынан тыс қалған емес. Өнер жасаушыларға шынайы жанашырлықпен қарап, театрдың өсуіне, өркендеуіне барлық қажетті жағдайды ұсынып отырған Алматы қаласының Мәдениет басқармасы, шығармашылық топ еңбегі, театр әкімшілігінің жаңа көзқарас, шығармашылық қарқынмен жұмыс жасауы Қуыршақ театрының тағы бір қайталанбас биік кезеңіне көтерілуінің бастамасы іспеттес. 

Кең көлемді байқаулардың бәйгесін қанжығасына байлап, Қазақстанның әр өңіріне гастрольдік сапарға шығып жүрген Қуыршақ театрының қоржынында тек балдырған бөбектерге ғана емес, ақыл тоқтатқан ересектерге де арналған қойылымдардың қатары әр маусым сайын толығып келеді. 

Ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келген халықтық қазынаны, оның таңдаулы үлгілерін жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу құралына айналдыру, нақтырақ айтқанда, олардың көркемдік, музыкалық, эстетикалық талғамы мен мәдени деңгейін жоғарылату – басты міндет. Кіші жастан белсенді шығармашылық үрдіске әдеттеніп, өз ойын өнердің әр қыры мен түрі арқылы қызығушылығымен танытса ғана бала белсенді шығармашылыққа қалыптаса бастайды. Ерте жастан баланың өнерге қызығушылығы өздігінен туылмайды, оған көптеген факторлар әсер етеді. Солардың бірі әрі бірегейі – Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуарындағы балаларға арналған ертегілер қатары. Театр ұжымы 2023 жылы көрермен назарына «Қаздар мен аққулар» (реж. А. Зайцев), «Есте сақта, балақай!» (реж. Е. Қабдыл), «Бауырсақ» (реж. А. Зайцев), «Чемпион» (реж. О. Ақжарқын-Сәрсенбек) және «Анасын іздеген мамонт» (реж. А. Нұрәділ) қойылымдардың премьерасын ұсынып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы, жыл көлемінде 83200 көрерменді қамтыған 1195 спектакль сахналанды. 

Өнер ордасы Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарынан тыс Талдықорған, Қарағанды қалалары мен Кеген, Нарынқол аудандарына  гастрольдік сапар ұйымдастырып, өңірдің тұрғындарына қуыршақ өнерін паш етіп, театр репертуарындағы үздік қойылымдарды назарларына ұсынды.

Жаһандық әлемдегі қазақ қуыршақ өнерінің кәсіби келбетін қалыптастыру, заманауи театр үдерісіндегі жаңашыл формалар мен күрделі бағыттарды меңгеру, халықаралық аренада үздік танылған қуыршақ шеберлерімен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында театр ұжымы 8 фестивальге (6 халықаралық, 2 республикалық) қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Алматы қаласында өткен VI Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлар фестивалінде «Үздік актерлік шеберлік» номинациясы, Х Халықаралық «Қуыршақ күндері» қуыршақ театрлар фестивалінде Гран-При жүлдесі (Бургас, Болгария), ХІХ Халықаралық «Рязань көрсетілімдері» қуыршақ театрлар фестивалінде арнайы диплом (Рязань, РФ), ХХ Халықаралық «Бурса Қарагөз» қуыршақ және көлеңкелі театрлар фестивалінен арнайы сыйлыққа (Бурса, Түркия) ие болғанын ерекше атап өткеніміз жөн.

Сонымен қатар, театр режиссерлері Еркебұлан Қабдыл «Еңлікгүл – 2023» кәсіби театр сыйлығының «Балалар спектакліндегі үздік шығармашылық жұмыс», Антон Зайцев «Жылдың үздік режиссері» номинацияларын иеленді. «Қазақстан театрлары – 2023» мониторинг нәтижесінің қорытындысы бойынша Халықаралық театр сыншылары бірлестігі атынан «Сыншылар жүлдесі» сыйлығының «Қуыршақ театрының жыл қойылымы» номинациясымен театр репертуарындағы «Қаздар мен аққулар» (реж.: А.Зайцев) қойылымы ие болды. Жыл соңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тағайындаған Қазақстан Республикасының өнер саласындағы «UMAI – 2023» ұлттық сыйлығының ұйымдастыру комитеті «Үздік балалар спектаклі» (шағын көлемді) номинациясымен «Ұр, тоқпақ!» (реж. Е. Қабдыл) спектаклін үздік деп таныды. 

2023 жылдың қазан айында Алматы қалысының мәдени тынысы айшықты шараларға толы болды. Солардың бірегейі 20-24 қазан күндері аралығында Қуыршақ театры ұжымы алғаш рет Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен I Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалін ұйымдастырды. Фестиваль мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейте отырып, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру болды. Фестивальде Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан Республикаларының 14 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық қуыршақ шеберлері өнер көрсетті. «Үздік спектакль», «Үздік режиссер», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік қуыршақ жүргізуші», «Үздік суретші», «Жаңашыл көзқарас» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, қаржылай сыйақылар табысталды. 

Өнер мерекесі аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында аталмыш саладағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында үздік қуыршақ шеберлерінің жетекшілігімен «Қуыршақ театры суретші көзімен», «Грим және театр», «Қуыршақ театрындағы режиссерлік ізденістер», «Пантомима және қуыршақ: органикалық байланыс» тақырыбында шеберлік сағаттар мен дәрістер ұйымдастырылды.

Фестивальде әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының рухани құндылықтары артып, Алматы қаласының халықаралық деңгейде иммиджінің қалыптасуына үлес қосу сынды нәтижелер жүзеге асырылды. 

Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен, Мемлекеттік қуыршақ театры қызметкерлері 2023 жылдың 12-20 желтоқсан аралығында Түркия Республикасы, Стамбул қаласында кәсіби біліктіліктерін арттырды. Біліктілікті арттыру курсы аясында қызметкерлер Стамбул қаласындағы ең ірі және беделді Istanbul Medipol University, Mimar Sinan Fine Arts University сынды жоғарғы оқу орындарының профессорлары Ясин Четин, Туфан Озтюрк, «Пинар Дамджыоглу» театрының негізін қалаушылар Бурхан Гюн, Абдулла Гюн мырзалардан теориялық және практикалық бағытта дәрістер алды. 

Сонымен қатар, курс бағдарламасына сәйкес «Shadow» қуыршақ театрының негізін қалаушы, қуыршақ шебері Сенгиз Озек, Бурса қаласы Мәдениет, өнер және туризм қорының бас хатшысы Фехим Ферик мырзалармен шығармашылық тәжірибе алмасу кездесулері, шеберлік сағаттар өткізіліп, Ахмет Митхат атындағы мәдени орталықта қойылымдар көрсетілімі жүзеге асырылды. 

Біліктілікті арттыру курсы «Қуыршақ жүргізу шеберлігі», «Қуыршақтар мен сахна элементтерін жасаудың техникалық аспектілері», «Балалар аудиториясымен жұмыс», «Театрдағы басқару этикасы және корпоративтік мәдениет», «Театр тарихының негіздері» бағыттары бойынша жүргізілді. Театр ұжымы қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерін арттыру курсы аясында Қазақстан Республикасының Стамбул қаласындағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл мырзаның арнайы қабылдауында болды. Кездесу барысында Түркия және Қазақстан арасындағы шығармашылық ынтымақтастық байланыс, Стамбул қаласындағы қазақ мәдениеті мен өнерінің Халықаралық деңгейі мен маңызы турасындағы мәселелер талқыланып, ортақ жобалар жоспарланды. 

Қоян жылының Қуыршақ театры үшін жемісті болуының кезекті себебі – Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың тікелей қолдауымен театр ғимараты қайта жөндеу жұмысынан өтті. Жөндеу жұмыстары нәтижесінде театр ғимараты толыққанды жаңартылып, көрермендер үшін тартымды әлі жайлы атмосфера қалыптасты. Дыбыс пен жарық, сахна қондырғылары жаңартылып, спектакль көрсетілімдерінің сапасы артпақ.

Мәдениет пен руханият егіз десек, қуыршақ саласын өркендетуде, дамытуда және еліміздің мәдени болмысын әлемге паш етуде өзіндік таланты мен талабын қатар қамшылайтын талант иелерін тәрбиелеуде рухани орданың маңызы зор. Өзіндік төл мәдениетімізді, өнерімізді сақтап, дамытпай өркениетке ұмтылу мүмкін емес. Қазіргі жаһандану кезеңінде біз өзіндік ұлттық мәдениетімізбен енбесек көп нәрседен ұтыламыз. Ұлттық өнерімізді дамыту, одан әрі шыңдау, халыққа насихаттау негізінде Мемлекеттік қуыршақ театры әлі де біршама жұмыстар атқаратыны сөзсіз. Ізденісін тоқтатпай, жаңа бағыттың сүрлеуін салуға тырысып жүрген ұжым өнер кеңістігінде өз биіктерін бағындыратынына сеніміміз мол. Кез-келген жастағы көрермен көңілінің сарайын рахатқа бөлеп, бақытты сәт сыйлайтын өнер ордасында уақыттарыңызды тиімді өткізіп, рухани байлыққа кенелуге шақырамыз! 

 

Алмат АБДРАХМАНОВ, 

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры, Мәдениет саласының үздігі 

"МӘДЕНИЕТ ПОРТАЛЫ"

Сілтеме: https://madeniportal.kz/article/8433