11-16 желтоқсан аралығында Түркияның Бурса қаласындағы «Tayyare Kültür Merkezi» аталатын Мәдениет орталығында ХХ халықаралық «Бурса-Қарагөз» қуыршақ және көлеңкелі театр фестивалі өтті. Түркияда 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл фестивальге Түркиядан 14 кәсіби қуыршақ театры қатысса, шетелден 3 мемлекеттен фестивальдің іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен қуыршақ театрлары арнайы шақырту алды. Соның бірі - Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Мемлекеттік қуыршақ театры».
Әртүрлі қуыршақтарға жан бітіріп ойната білген артистердің шеберлігі Бурса қаласының кішкентай көрермендерін аң-таң етті. Алматы қуыршақ театры режиссерлер Сұлтанғали Шүкіров пен Құралай Ешмұратова жазған шығарманы сахналауда тросты қуыршақ, планшетті қуыршақ, марионетка және растовой қуыршақтарды қолданды.
Бар көрген-білгені, сұрайтыны телефон, ертегіге сенбейтін, қуыршақпен көп ойнай қоймайтын бүгінгінің баласы үшін театр соңғы аялдама. Ем-домы да осы жерде. Театр бала үшін сұлулық пен эстетика баспалдағы, ал ол қазақ театры болса екі есе тәрбие құралы. Біз қуыршақ театрын көрмей, бірден академиялық драма театрдың ауыр қойылымдарын тамашалаған ұрпақпыз. Мүмкіндігі бола тұра, қуыршақ театрының табалдырығын бірде бір рет аттамаған балаға драма театрлар өскенде қиялилардың мекені сияқты сезілуі мүмкін. Бурсадағы қойылым біткен соң мемлекеттік театрдың артистерін әңгімеге тарттық. 23 жылдан бері қуыршақ театрында қызмет етіп келе жатқан «Мәдениет саласының үздігі» Алтай Тәуекеловтың айтуынша, әрбір ата-ана баласының ізгілікке құштар әрі мейірімді болып өскенін қаласа қуыршақ театрына алып келгені дұрыс.
Түркия тарапы ұйымдастырған Қарагөз қуыршақ фестиваліне осымен екінші рет қатысып отырған Алматы қуыршақ театры қоржынында отандық және шетелдік авторлардың шығармалары бар. Бүгінде жас режиссерлердің тынымсыз ізденісінің нәтижесінде қуыршақ театрының репертуары баланың ой-өрісін кеңейтіп, ертегі әлеміне құмар, театрға деген қызығушылығын оятатын қойылымдарға толы. Дарынды артист Алтай Батырбекұлының сөзінше, қуыршақ театры жыл сайын маусымашардан соң бірден Қазақстанның ауыл-аймақтарына гастрольдік сапарға аттанады. Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан Мәдениет үйлерінде әлемге танымал, баланы қызықтыратын тәрбиелік мәні зор шығармаларды сахналайды.
Құндыз ЕРАЛЫ, Түркия, Бурса қаласы
"Ұлт" порталы