Таяуда Алматыда Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен жүзеге асқан І Халықаралық Almaty Puppet Festival қуыршақ театрлар фестивалі мәресіне жетті. Аталмыш фестиваль Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен биыл алғаш рет өткізіліп отыр.
Руханият өкілдерінің басын қосқан шараның басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейту, халықаралық шығармашылық қатынасты нығайту, көрерменді қуыршақ театры әлемінің заманауи шығармашылығымен таныстыру. Халықаралық деңгейде өткен фестивальде Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан, Қазақстан мемлекеттерінің 14 үздік театр ұжымы мен 150-ге жуық қуыршақ шебері көпшілікке өнерін паш етті. Одан өзге фестиваль аясында қойылымдар көрсетілімінен тыс шараға қатысушылардың арасында театр саласындағы мамандардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында «Қуыршақ театры суретші көзімен», «Грим және театр», «Қуыршақ театрындағы режиссёрлік ізденістер», «Пантомима және қуыршақ: органикалық байланыс» тақырыбында шеберлік сағаттар мен дәрістер өтті. Ұйымдастырушылардың сөзінше, әлемдік және отандық қуыршақ театрының даму тенденцияларын, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындайтын қойылымдар ұсыну арқылы қала тұрғындары мен қонақтарының рухани құндылықтарын арттыру маңызды. Мұндай ауқымды жиындарды жиі өткізу – Алматы қаласының халықаралық деңгейдегі имиджінің оң қалыптасуына ықпал етеді.
Мемлекеттік қуыршақ театры директорының дамыту жөніндегі орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Тушаев қуыршақ театрлар фестивалі енді әрмен қарай жыл сайын жалғасын табатынын атап өтті:
– Алматыда алғаш рет Халықаралық қуыршақ фестивалі ұйымдастырылып отыр. Фестиваль еліміздің айтулы мерекесі – Республика күніне арналады. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен жүлделі орындармен қайтып жатырмыз. Әрине, бізде де осындай шаралардың ұйымдастырылғаны дұрыс. Бұл тек алғашқы бастамасы ғана. Халықаралық деңгейдегі фестивальді өткізудегі мақсатымыз – қуыршақ жанрындағы театрлардың басын қосып, бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру, қуыршақ театры әртістерінің сахнада ойнау шеберлігі, заманауи қуыршақтардың жасалуы, қазіргі қуыршақ театрларының қай бағытта дамып жатқанын сараптан өткізу. Мәдениеттің ошағы – Алматы қаласында мұндай шараның өткізілуі заңдылық деп ойлаймын. Ал фестивальде ұсынылатын қойылымдар арнайы көркемдік кеңестен өткізілді. Бізде көбіне балалар тақырыбында, сондай-ақ ересектерге арналған қойылымдар бар. Өкінішке қарай, қазір драматургтер жасөспірімдер тақырыбында жаза бермейді. Сондықтан мұндай спектакльдер театрларда көптеп қойылмайды. Фестивальге әртүрлі жас шамасына арналған түрлі форматтағы қойылым келді. Өзге ел театрларының қойылымын қарасаңыз, қуыршақпен адамды ойландырып тастайды. Философиялық шешімдерге толы үлкен дүниелерді ұсынып жатады. Сондықтан біз фестивальде көрсетілетін қойылымдарды іріктеу кезінде ойымыздағы мүддеден шығатын дүниелерді қабылдауға тырыстық, – дейді театр директорының орынбасары Б.Тушаев.
Фестиваль қорытындысы бойынша Батуми Мемлекеттік кәсіби қуыршақ және Жас көрермендер театры «Үздік спектакль» аталымы бойынша Гран-при иегері атанса, «Үздік режиссер» аталымымен Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, «Үздік ансамбль» аталымы бойынша Өзбекстан Республикасы, Ферғана облыстық қуыршақ театры, «Үздік суретші» аталымымен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының қуыршақ труппасы, «Жаңашыл көзқарас» аталымында С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының қуыршақ труппасы, сондай-ақ «Қуыршақ театрының ұлттық драматургиясын дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымымен Надежда Насырова марапатталды. Жеңімпаздарға арнайы қаржылай сыйақы табысталды.
Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – тамырлы тарихы 1935 жылдан бастау алған Республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Бүгінде өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап, заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. 88 жылдық тарихы бар өнер ордасы әр жыл сайын көрермен талғамы мен қызығушылығына сай қойылымдар арқылы арнасын толықтырып, жаңаша тың жобаларды іске асыруды мақсат тұтады.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
"АЙҚЫН" газеті порталы
Сілтеме: https://aikyn.kz/257730/k-uyrshak--teatrlarynyn--festivali-otti