Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Жандос Сарпеков: "Қуыршақ жасау ізденіс пен төзімділікті қажет етеді"

24 Тамыз 2023

Бала болмысының қастерлі мекені – қуыршақ театрында қуыршақтардың жасалу техникасы күрделі әрі қызық. Марионетка, шағын кейіпкерді бейнелейтін планшетті, адам бойымен бірдей таяқ қуыршақтар, бес саусақты қолғап қуыршақтар, қай-қайсысын болса да, қуыршақ шеберлері нақышына келтіріп жасап жүрген жайы бар. Осы ретте, BAQ.KZ тілшісі Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының қуыршақ шебері Жандос Сарпековпен сұхбатасқан еді.

 

– Қуыршақ жасауға әуестігіңіз қашан пайда бола бастады?

– Мен алғаш карикатура саласына қызығушылық таныттым. Анимациялық суреттер салып, өзімнің шеберлігімді шыңдайтынмын. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргенен кейін 2018 жылы Қуыршақ театрына жұмысқа қабылдандым. Жұмыс өзіме ұнайды. Әр күнім ізденіспен өтеді. Себебі қуыршақтар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Әрқайсысы жеке бір тұлға десем, артық айтқандық емес. Қарап отырсам, осы уақытқа дейін 500-ден астам қуыршақ жасаған екенмін. Әрқайсысы менің жүрегіме жақын. Арғысы қазақ ертегілерінен басталса, бергісі талантты әншілеріміздің бейнесін қуыршаққа түсіреміз. Талантты режиссерлермен бірлесе еңбек етуіміздің арқасында жұмысымыз күрделеніп, ерекше туындыларды жасап жүрген жайымыз бар. Алдағы уақытта жаңа бағдарламалармен жұмыс істеуді қолға алғым келеді. 

– Қуыршақ қойылымға қалай әзірленеді?

– Ең алдымен, біз өз арамызда жиын өткіземіз. Бұл жиында спектальдің режиссері, театрымыздың қоюшы-суретшісі, қуыршақ шеберлері – барлығы өз ойларын ортаға салып, талқылайды. Алдымен қуыршақтың образы, бейнесі, жасалу техникасын ақылдасамыз. Әр қарай жұмысқа кірісеміз. Бір спектакльге кемінде 15-ке жуық қуыршақ әзірлейміз. Қуыршақты техникалық тұрғыдан жасап шығаруға бір апта уақыт кетеді. Материалдары ағаштан жасағандықтан, ойып шығып, құрастыру қолымызды ұстайды. Ал киімдері мен дизайнын тігінші қыздарға тапсырамыз. Премьераның алдында қуыршақ жасаудың жиынын жиі өткіземіз. Себебі әр деталіне мән беру қажет. Актерлармен ақылдаса отырып, икемге келтіреміз. Спектальдің жабық көрсетілімінде театр ұжымы кем-кетік тұстарына баса назар ауадарады. Қуыршақтың ақауына көңіл бөліп, қайтадан ретке келтіреміз. Сахнада емін-еркін ойналуын қадағалаймыз. Барлық процесс аяқталып, қуыршақты сахнадан көргенімізде, көңілімізге қуаныш ұялайды. 

– Өзіңізге ұнайтын жасалу жолы қиын болған қуыршақ бар ма?

– Мен үшін барлық қуыршақ ыстық. Себебі әрқайсының өз тарихы бар. Дегенмен соның ішінде өзіме қатты ұнайтыны – Димаш Құдайбергеннің қуыршағы. Еліміздің атағын әлемге танытып жүрген дарынды әншінің бейнесін қуыршақ кейпіне түсірерде көп зерттедім. Өнердегі бейнесі, жүріс-тұрысы, киім киісіне басты назар аудардық. Ұзақ уақыт зерттей келе, қуыршаққа образ бердік. Өмірде бар тұлға болғандықтан, қуыршақты үйлестіруге барымызды салдық. 

– Қуыршақ цехында қанша адам жұмыс істейді? 

– Қуыршақты жасап шығаруға бір адам ғана жауапты болмайды. Сол себептен көпшіліктің ат салысуын қажет етеді. Қоюшы-суретші қуыршақтың сұлбасын әзірлейді. Қосымша тігінші қыздарымыз бар. Олар киімдеріне аса мән береді. Біздің қуыршақ цехында 3 шебер бар. Біріміз кеудесін ойсақ, енді біріміз бет-пішінін әзірлейміз. Үшеуміздің ойымыз бір жерге тоғысқанда, қуыршақ сәтті шығады. Сол себептен өзара көзқарасымызды білдіріп, қуыршаққа бірігіп жан бітіреміз. Бізге қуыршақтың ең қиын болатын сәті –оның бас сұлбасы. Кей қуыршақтарда бас үлкен болады, енді бірінде кішікентай болады. Сол себептен басымен жасалу техникасына аса ыждаһаттылық танытамыз. 

– Шетелдің шеберлерімен тәжірибе алмасасып, қуыршақ жасап берген сәтіңіз болды ма?

– Әр шебердің қуыршақ жасау техникасы әртүрлі. Оны көбіне құпия сақтауға тырысады. Әр елдің қуыршақтары әртүрлі жасалды. Яғни әркім өзінше ерекшеленіп, дараланғысы келеді. Әрине, тәжірибе алмасу сағаттары болып тұрады. Шетелдік мамандар біздің жұмыстарға қызығады. Қолға жеңіл, сахнадан әдемі көрінетіндіктерін айтып отырады. Бұл, әрине, бізді қуантады. Көршілес мемлекеттерден қуыршақ жасап беруге өтініштер келіп түсетін сәттер де болды. Қазіргі уақытта Қуыршақ театры әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрініп жүр. Қуыршақ пен актер шебер үндескен сәтте қуыршаққа жан кіреді. Спектакль барысында сіз қуыршақтың бар болмыс бітіміне үңілсеңіз – біздің жұмыстың ақталғаны. Қазіргі уақытта қойылымға балалардан бөлек, ересектер де келіп жатыр. Бұл дегеніміз – екі буынды тоғыстырған театр өнерінің құдіреті. 

– Қуыршақтың техникаларына тоқтала кетсеңіз. Қазіргі уақытта қай бағыттағы қуыршақтар көбірек жасалады?

– Бұл салада ең кеңінен таралғаны – «Марионетка» жұмысы. Бастапқы кезеңдерде осы техникамен көп жұмыс істейтінбіз, кейінен жаңа жұмыстарды қолға алдық. Мәселен, қазіргі уақытта «Планшет» техникасына қызығатын актерлар көп. Себебі, ойнату, сөйлетуі жеңіл. Дегенмен бұл техниканың құрлымы мен жасалу жолы бізге қиындық тудырады. Қуыршақтар әртүрлі: таяқ қуыршақ, бойлы қуыршақ, планшет қуыршақ, бес саусақты қолғап қуыршақ, марионетка, тағы басқа түрлері бар. Тоқсан жылға жуық тарихында театрдың мұрағатында жинақталған қуыршақ қоры аса мол. Әрқайсысының жасалу жолы бір-біріне ұқсамайды. Сынған, істен шығып қалған қуыршақтарды қайтадан қалпына келтірміз. Қуыршақ көп уақыт тұрып қалса, аяқ-қолы істемей қалады. Оны басқа қалыпқа айналдыра алмаймыз. Қайта қалпына келтіргеннен кейін қойылымға оралады. Бізде қойылымдар репертуардан ешқашан шығып қалмайды. Сол себептен әр актирисамен ассоцияланатын қуыршақтары болады. Актер зейнетке шықса да, қуыршақ театр сахнасынан кетпейді. 

– Болашақта қуыршақ көрмесін ұйымдастыру ойларыңызда бар ма?

– Иә, бұл ой бізде бар. Дегенмен бізде уақыт шектеулі. Бар уақытымыз бен көңіліміз Қуыршақ театрына қуыршақ жасаумен кетеді. Артық уақытымыз табылмай қалады. Болашақта үлкен көрме ұйымдастырып, қуыршақтарымызды көпшіліктің назарына ұсынуды қолға алмақпыз. 

– Қуыршақтың жасалу стандарты бола ма? Театрдағы қандай режиссерлермен жұмыс істеу ыңғайлы?

– Қуыршақ жасауда қатып қалған қағида жоқ. 40-50 санитметр болатын қуыршағымыз болады. Олар кіші сахнаға ыңғайланады. Ұзындығы бір метрге жететін қуыршақтар да бар. Бұларды жасау бізге оңайға түседі. Ал кішкентай қуыршақтарда шұқыма жұмыс көп болады, шыдамдылық пен төзімділік қажет. Ал театрымыздағы режиссерларға келетін болсақ, әрқайсысын алып қарасыңыз да, таланты жандар. Сол себептен әр спектакль мен қуыршақтардың деңгейі де әртүрлі. Әрқайсысы өзінше бір жеке-дара туынды деп айта аламын. 

– Әңгімеңізге рахмет!

 

BAQ.KZ порталы

Сілтеме: https://baq.kz/quyrshaq-zhasau-izdenis-pen-tozimdilikti-qazhet-etedi-311829/