Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры қазіргі заманауи тенденцияларды, көркемдік-эстетикалық өзгерістерді, жаһандық әлемдегі жаңа бағыттар мен үздік шешімдерді меңгеру, театрдың бүгінгі тынысын кеңейту жолында халықаралық ірі жобаларға қатысуды негізгі жұмыс барысына айналдырған.
Осы орайда, театр ұжымы Қазақстан ғана емес Түркия, Ресей мемлекеттерімен қатар Еуропа елдерінің де ірі, беделді қуыршақ театр фестивальдеріне арнайы шақырту алып, үздіктер қатарынан көрініп жүргендігін баса айта кеткен жөн.
2022 жылы аталмыш өнер ұжымы Болгария Республикасы, Варна қаласында өткізілген XVII Халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ театрлар фестивалінде әлемдік классиканың озық үлгісі – «Ромео мен Джульетта» (реж.: Д.Жұмабаева) қойылымын ұсынып гран-при жүлдесін, сонымен қатар театр артистері Шохан Құлназаров «Ең үздік ер адам рөлі», Ұлан Асанбек және Ұлпан Серік «Ең үздік» дебют номинацияларын иеленген болатын.
Сонымен қатар, Х Халықаралық “Қуыршақ күндері” атты фестиваль аясында театр ұжымы Бургас қаласының мэрі Димитър Николовтың арнайы қабылдауында болып болашақтағы бірлескен жобалар турасында жоспарлар құрылып, жүзеге асырылуы талқыланды.
Бургас Мемлекеттік қуыршақ театрының басшысы Христина Арсеновамен шығармашылық кездесу ұйымдастырылып, заманауи техникалық жабдықтарды қолдана күрделі де сапалы қуыршақтардың дайындалуынан, жүргізілуі мен сақталуынан, театр тынысының хабар беретін экскурсиямен жалғасын тапты.
Аталмыш фестивальге елімізден бөлек Болгария, Нидерланд, Румыния мемлекеттерінен іріктелген таңдаулы он үш ұжым өнер көрсеткен дүбірлі додада Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры Бургас қаласы әкімшілігінің шешімімен «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды.
Еуропа төрінде қазақ атын асқақтатқан әріптестерімізді лайықты жеңісімен құттықтаймыз!
Мадина Төле