Бүлдіршін қуанышының себепкеріне айналған 87 жылдық қазыналы тарихқа ие Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры жас жеткіншектерге қазақ халық ертегісінің желісімен сахналанған «Ұр,тоқпақ!» қойылымының премьерасын ұсынды.
Жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың ара-жігінайқындайтынбұл спектакльдеаңғал да сенгіш, ақкөңіл де мейірімді ақсақал қошақанын іздеп жүріп, тұзаққа түсіп қалған қазды құтқарып қалады. Қарапайым қазды емес, таңғажайып данышпан Қазбайды құтқарған ақсақал мен кемпірі екеуінің өміріне сол сәттен бастап үлкен өзгеріс енеді. Қазбай ақсақалға алғыс ретінде «Піс қазан», «Құс есек» және «Ұр, тоқпақ» атты ерекше сиқырлы сыйлықтар ұсынғанымен, жезтырнақтар түрлі адам кейіпіне еніп ақсақалдың сыйлықтарын тартып алу мақсатында жоспарлар құрады. Дегенмен бұл тұзақтарға қарсы тұрып, ақсақал өз мақсатына жетеді.
Ұлттық дәстүрмен ұтымды безендіріліп, әуезді әнмен, көңілді бимен әрленген ертегі – кішкентай көрермендерге қызықты көңіл-күй сыйлап қана қоймай, бала санасының дамуы мен рухани, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіріп, тіл алғыштыққа, тәртіптілікке, шыншылдық пен үлкенге құрмет көрсетуге үндейді.
Қойылымның инсценировка авторы – белгілі қаламгер, ақын, драматург, бірқатар беделді мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Қасымхан Бегманов. Спектакльдің суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі. Қойылымды музыкамен көркемдегендер –Бақберген Байшығаш және Аршын Жолдасхан.
Бұл қойылымды театр өнері саласында есімі белгілі, ертегі арқылы баланың шығармашылық қабілетін дамыту, қоғамдық өмірге араласуы жолында аянбай қызмет етіп жүрген, қазақы салт-дәстүр мен батырлықты көрсететін «Ер Төстік», жасөспірімдерге арналған, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндер топтамасынан сахналанған «Өмір-Өзен», жолда жүру ережесі мен достықты дәріптейтін «Ауыл иті Ақбай» атты көрермен сұранысына ие қойылымдарымен көптің ықыласына бөленіп үлгерген дарын иесі, өзгеше талантымен және ізденіс еңбегінің негізінде қазақы ертегілерді заманына сай етіп қуышақ театрының қоржынын толықтырып жүрген режиссер – Еркебұлан Қабдыл сахналады.
Қуыршақ өнерінің сан-қилы мүмкіндігін пайдалана отырып, кішкентай көрермендерімізге және ересектерге де ерекше әсер сыйлауға асық, жақсылыққа жаны құмар, ертегілер әлемін сезіндіретін Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры барша көрермен қауымды театрға шақырады!