Талай жылдан бері қуыршақ ойнап, балдырғандарды қуантып жүрген Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры жас жеткіншектерге халық ертегісінің желісімен сахналанған «Ұр, тоқпақ!» қойылымының премьерасын ұсынды.
Жақсылық пен жамандықтың, адалдық пен арамдықтың аражігін айқындайтын бұл спектакльде аңғал да сенгіш, ақкөңіл де мейірімді ақсақал қошақанын іздеп жүріп, тұзаққа түскен қазды құтқарып қалатынын бәріміз жатқа білеміз. Қарапайым қазды емес, таңғажайып данышпан Қазбайды құтқарған ақсақал мен кемпірінің өміріне сол сәттен бастап үлкен өзгеріс енеді. Қазбай қарияға алғыс айтып, «Піс қазан», «Құс есек» пен «Ұр, тоқпақ» атты ерекше сиқырлы сыйлықтар ұсынғанымен, жезтырнақтар түрлі адам кейпіне еніп, сыйлықтарын тартып алуға талпынады. Дегенмен әділдік жеңіп, ақсақал өз мақсатына жетеді.
Ұлттық дәстүрмен ұтымды безендіріліп, әуезді әнмен, көңілді бимен әрленген ертегі – кішкентай көрермендерге қызықты көңіл күй сыйлап қана қоймай, бала санасының дамуы мен рухани, адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіріп, тіл алғыштыққа, тәртіптілікке, шыншылдық пен үлкенге құрмет көрсетуге үндейді.
Қойылымның инсценировка авторы – ақын Қасымхан Бегманов. Спектакльдің суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі. Қойылымды музыкамен көркемдегендер – Бақберген Байшығаш пен Аршын Жолдасхан. Туындыны режиссер Еркебұлан Қабдыл сахналаған. Айта кетейік, ол бұған дейін қазақы салт-дәстүр мен батырлықты көрсететін «Ер Төстік», жасөспірімдерге арналған, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың әндер топтамасынан сахналанған «Өмір-өзен», жолда жүру ережесі мен достықты дәріптейтін «Ауыл иті Ақбай» атты көрермен сұранысына ие шығармаларды қойған.
Маршан ӘБІШ
"Егемен Қазақстан" газеті
Сілтеме: https://egemen.kz/article/333738-ur-toqpaq!-–-quyrshaq-teatrynda