Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Театр өнерінің ардагер анасы Айымторы Тайгаринова 85 жаста!

17 Ақпан 2023

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында сахна төрінде айшықты образдарымен, ерекше еңбек жолымен, кәсіби келбетімен өзгешеленетін театр өнерінің ардагер анасы, актриса Тайгаринова Айымторы Каспийқызының мерейлі 85 жасқа толуына арналған мерейтойлық кеші өтті.

Дара талант иесінің тағылымды дара жолы, шығармашылық еңбегі мен тарих беттеріндегі өшпес өнері өрнектелген кеш «өнерді» сүйер жандардың жанына жылулық ұялатты. Ғасыр қаламгерлері атанған Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Тахауи Ахтанов сынды заңғар жазушылар өз уақытында сахна өнерінің ардагер анасы Айымторы Тайгаринованының өнерін ардақтап, өзгеше баға берген.

Қазіргі қазақ театрының тарихына көз жүгіртетін болсақ, өмірін өнермен өрнектеп, театр әлеміне жанын берген майталман тұлғалар қатары аз емес. Солардың бірегейі, қазақ театры сахнасында 40-қа жуық қайталанбас бейнелермен ерекшеленіп көрермен жадының бір бөлшегіне айналған талант иесі – Айымторы Тайгаринова.

 

Айымторы Тайгаринова – 1938 жылы 16 ақпанда Ақмола облысына қарасты Шалқар савхозында дүниеге келген. Өнегелі өнер жолын көрші қырғыз елінен бастаған актриса, Алматыға келіп Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев сынды жастармен қатарласа актерлік өнерге оқуға түсуге асық болды. Актриса театр тарихынан таусылмас сыр шертетін энциклопедиямен пара-пар келетін Нұрмұхан Жантөрин, Әзірбайжан Мәмбетов, Хадиша Бөкеева,  Мәкен Исақызы секілді өнер майталмандарынан тәлім алып, өнердің биігіне ұмтылған жастардың бірі болды. Жүре келе өмірдің ағысымен Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрына жұмысқа орналасып, қала халқы өнер иесін «Біздің Айымторы» деп атап кеткен деседі. Өнердегі ең табысты жылдарының барлығы осы театрмен байланыстыратын актриса: «Әр қойылым біткенде көрермен залдан кетпей, мені күтіп тұратын еді. Сахнада тұрып көз жасымды сүртіп, ерекше әсер алған адамдарды көргенде, іштей шаттанып, қанаттанып қалатынмын...» деп еске алады.

Өнерде аты аңызға айналған дара тұлға, қазақ театры өнерінде сапалы спектакльдер санын арттыруда «Әке тағдыры» - Жеңісбек, «Абайдың өлімі» - әйел, «Горянка» - Горянка рөлінде, «Сәуле» - Гүлжан, «Менің махаббатым» - Бике, «Волчонок под шапкой» - Марфуга, қазақ кинематографиясында «Теңіз оқиғасы», «Жас Шохан» фильмінде Шоханның әпкесі секілді рөлдерін асқан шеберлікпен сомдап шыққан актриса, театр және телекөрермендер жадында сақталған.

Актрисаның шығармашылығына арналған бенефис кешке Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Халбеков Арман, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Майғазиев Сәкен, Қазақстан театр қайраткерлері Одағының өкілі Рабиға Бибошқызы, «Шаңырақ» әлеуметтік орталығының директоры Тұманшиев Тұрарбек, ҚР Мәдениет қайраткері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөпірімдер театрының директоры Есеналиев Талғат, «Рухани жаңғыру дауылпаздары» қайырымдылық қорының төрағасы Абдиев Берікқажы қатысып, мерейтой иесіне ақжарма ақ тілектері мен ыстық лебіздерін арнап, арнайы сый-сияпаттарын табыстады.

Сонымен қатар, өнер иесіне Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры, Астана қаласы әкімдігінің қуыршақ театры, Шымкент қалалық қуыршақ және жөсөспірімдер театры және Маңғыстау облыстық қуыршақ театры ұжымдары атынан арнайы құттықтау хаттар ұсынылды.

Madeniet Porlaty

Сілтеме: http://madeniportal.kz/article/7782