Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрындағы қуаныш

3 Қараша 2022

Тылсымын ішіне бүккен қуыршақ өнері ерте замандардағы жәрмеңкелерден бастау алып, бүгінде балаларға рухани-мәдени өмірдің алғашқы баспалдағы болып отыр. Сахнада тірі адам секілді ойнап-күлетін һәм түрлі-түсті образдарымен көңілді аулап, жақын досыңдай сыр шертетін қуыршақтар бала-көрерменнің санасына тез сіңіп, рухани иммунитетін қалыптастырады. Құндылықтар ауысқан қазіргі қоғам бала тәрбиесіне ықпал ететін сахналық мәдени іс-шараларға мұқтаж екені мәлім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың болашағына аса мән беріп, осы жылды балаларға арнады. «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жария­лау керек деп есептеймін. Әңгі­ме жалаң ұран мен мерекелік шара­лар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеу­меттік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақ­тың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген еді Президент. Осы орайда ғасырға жуық дара өнер жолында еңбек етіп, қуыршақшылардың бірнеше буынын дайындап шығарған Алма­тыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры шығармашалығында дүркін-дүркін болып жатқан жетістіктерді атап өткен жөн.

Аталған ұжым жуырда қуыршақ театрларының даму тенденциялары, жаңа­шыл бағыттары мен заманауи ерек­шеліктерін айқындау, қуыршақ теат­ры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізде­нісі арқылы театр жанрының көк­жиегін кеңейту, отандық және шетелдік танымал театр қайраткерлері мен ха­лық­аралық кәсіби театр сыншыларымен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткен респуб­ликалық және халықаралық сегіз театр фестиваліне қа­тысып, үздіктер додасында топ жарды.

Мәселен, қыркүйек айының 20-23 күндері аралығында Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған VI Халықаралық «Ассалаумағалейкум» қуыршақ театр­­лар фестивалінде театр ұжымы М.Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Абай­дың қарасөздері негізінде ересектерге арнал­ған «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымымен бақ сынап, бас жүлдемен бірге «Ересектерге арналған үздік қойы­лым» аталымын қанжығасына байлады.

Бұл спектакль дәстүрлі үрдістен ауытқыған жаңаша бағыт, заманауи фор­маттағы символикалық шешім­дермен құрылып, ойшыл филосо­фия­сының терең астарын өзгеше қы­рынан ашқанын фестивальда да дәлелдеді. Жас ұрпақтың бойына ақынның асыл мұрасын тұңғыш қуыршақ бейнесінде ұсынған спектакль режиссері Антон Зайцев тек Абай өмір сүрген кезеңді ғана емес, күллі адамзат тарихы мен тіршілігінен хабар беріп, барша ұлт табиғатын түрлі детальдар мен образдар жиынтығымен береді.

Еске салсақ, көктемде Қуыршақ театры Ақтөбе қаласында ересектер­ге арналған «Макбет. Иллюзия» қо­йылы­мымен V Халықаралық «balausa» эксперименталды спек­такльдер фести­валінде «Үздік қойы­лым», «Үздік сценография» номинацияларын иеленіп, бас жүлдені жеңіп алған болатын.

Сондай-ақ 20-23 қыркүйек күндері Маңғыстауда II Халықаралық «Abish alemi» театрлар фестивалінде Қуыршақ театры кезекті мәрте топ жарып, У.Шекс­­пирдің «Ромео мен Джульетта» қойы­лымы үшін «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымынан ие болды. Бұл байқауға шетелдік және отандық 9 теат­р ұжымы қатысқан еді.

Одан бөлек Болгария Респуб­ли­ка­­сының Варна қаласында 1-7 қа­зан аралығында үш жылда бір рет ұйым­дас­тырылатын беделді теат­р фести­валь­дарының бірі – XVII Халық­аралық «Алтын дельфин» қуыршақ театр­лар фестиваліне алма­тылық ұжым әлемнің 38 елінен 135 өнер мекемелері ұсынған 160 өтінім арасынан іріктеліп шықты. Бол­гария, Оңтүстік Корея, Ита­лия, Қытай, Оң­түстік Африка, Түр­кия елде­­рінен бар­лығы 14 театр ұжымы додаға түскен бай­қауда театр ұжымына У.Шекспирдің классикасы «Ромео мен Джульетта» қойылымы үшін бас жүлде бұйырды.

Сонымен қатар Қуыршақ театры­­ның талантты әртісі Шохан Құл­наза­ров – Тибальт, Лоренцо, Капу­летти, Мон­текки, Бенволио рөлдері үшін «Ең үздік ер адам рөліне» ие болса, жас буын әртістер Ұлан Асан­бек және Ұлпан Серік «Ең үздік дебют» номинациясымен жеңіс қоржынын толықтырды. Шырғалаңға толы махаббат, өшпенділік, сағыныш пен батылдықты заманына сай түлет­кен қойылымның режиссері – Дина Жұмабай. Суретшісі – Юля Чер­нова, балетмейстері – Анна Цой, қуыршақтарды жасаушы шебері – Николай Проскурин.

Ал Анкара қаласында 19-25 күн­дері аралығында «Tempo» қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткен VIII Халықаралық «Анкара» қуыр­шақ театрлар фестивалінде Эрнест Хе­мингуэйдің алғаш рет қуыршақтар тілінде сөйлеген шығармасы ұсынылды. Телегей теңіздің таңғажайып сұлу­лы­ғымен қатар, сұрапыл дауылы мен сұс­ты мінезін, өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеген Сантьяго шал мен балық арасындағы алыс арманға ұмты­лыс пен жанкешті күресті баяндайтын, адамның арманға деген адал­дығы, оған жету жолындағы үзіл­мес үміт пен күдікке байланған тағдырын суреттейтін ересектерге арналған «Шал мен теңіз» (реж. Д.Жұмабай) қойы­лымы арнайы дипломды алды.

Өнер жарыстарының қорытындысы болған 25-29 қазан аралығында Көкше­тау қаласында өткен IV Халықаралық «ТеART-Көкше» театр фестивалінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры­ның ұжымы У.Шекспирдің «Мак­бет. Иллюзия» спектаклімен қаты­сып, Макбет образын сомдау­шы Шохан Құлназаров Ақмола облыстық орыс драма театрының негізін қалаушы, белгілі режиссер, актер Яков Куклинский атындағы арнайы сыйлыққа ие болды.

Мұндай фестивальдар, ең алдымен өнерде бәсеке барын дәлелдейді. Шын талант, шын шеберлік әрқашан мойындалатыны да ақиқат. Сондай-ақ театр­лар арасындағы додалар әр ұжымның деңгейін, шығармашылық әлеуетін көрсетеді. Әсіресе биылғы Балалар жылының қарсаңында қарашаңырақ Қуыршақ театрының аталған жеңістері көңіл қуантады. Балдырғандардың сүйік­ті театрының мәртебесі арта берсін дейміз.

 

МАРЖАН ӘБІШ

"Egemen Qazaqstan" газеті

Сілтеме: https://egemen.kz/article/327064-quyrshaq-teatryndaghy-quanysh