Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Мақсат Камалов: "Әлі күнге дейін қазақ көрермені аз..."

20 Маусым 2022

Ертеңгі елдің болашағы – бүгінгі бүлдіршіндерден бастау алады. Ал олардың тұлға болып қалыптасуында әсер етіп жатқан заманауи гаджеттер мен телефондардың пайдасы қандай болмақ? Еңселі ұрпақ қалыптастыруда, олардың тәлім-тәрбиесі үшін қызмет атқаруда еренбей еңбек етіп жатқан, қазақтың қуыршақ өнерін дамытуды мұрат тұтқан тұңғыш өнер ордасы – «Мемлекеттік қуыршақ театры» 87-маусымға аяқ басты. Жазғы демалысқа қарамастан қызмет атқаратын театрдың бүгінгі мәселелері неде? Қуыршақ әртісінің шығармашылық портреті қандай болмақ? Театрдың сүйікті көрермендерін жаңа маусымда қандай жаңалықтар күтіп тұр? Жаны жоқ қуыршақты басқарудың қиыншылығы неде? Осы сынды сұрақтардың жауабын «Мемлекеттік қуыршақ театрының» әртісі Камалов Мақсат Нұрланұлымен болған сұқбатта баяндайтын боламыз.

— Қайырлы күн, Мақсат мырза! Бүгінде Мемлекеттік Қуыршақ театры 86-маусымын артқа тастап отыр. Театрдың сүйікті көрермендерін алдағы 87-маусымда қандай өзгерістер мен жаңалықтар күтіп тұр?

— Қайырлы күн! Біріншіден, осындай  киелі шаңырағымызды – театрымызды елеп-ескеріп, оның ішінде өзіме хабарласып, тілдессек деген жоспарыңызға көп рақмет. 86-маусымымызды ойдағыдай аяқтап, биыл енді 87-маусымымызды ашып жатырмыз. Қателеспесем, бұл театрдың жаз айында жұмыс жасап жатқан алтыншы жылы. 87-маусымда театрдан не күтеміз? Әрине, ол тәлім-тәрбиесі бар, үлгі-өнеге беретін, кішкентай бүлдіршіндерімізге арналған жақсы қойылымдар. Оған қоса, бізде ересектерге арналған, қызықты оқиғаларға толы жаңа қойылымдар да жоспарлануда. Осы жаз айында ауыл-шатқайдан, алыс жерлерден келетін қаламыздың қонақтарына, Алматыға арман қуып келетін жастарға, бүлдіршіндердің құрметіне театрымыз өз қызметін тыңғылықты жасайтын болады!

— Бәрімізге мәлім бір кеңес бар: «Адам өмірінде екі нәрседен қателеспеу керек» деген. Соның бірі - мамандық таңдау. Өзіңіз 2002-2005 жылдар аралығында Ж. Елебеков атындағы Республикалық Эстрада-Цирк колледжінде Халық артисі Сұлтанғали Шүкіров Төгелбайұлынан «Қуыршақ бөлімі» мамандығы бойынша білім алғансыз. Дәл осы мамандықты таңдауға не себеп болды? Балалар әлеміне деген қызығушылығыңызбен бөліссеңіз? Неге дәл қуыршақ театрын таңдадыңыз? Жалпы, қуыршақ театрына қалай келдіңіз, толығырақ айтып берсеңіз?

— Шыны керек, бала Мақсат кішкентайынан өзі өнерге жақын болды. Оның ішінде, әншілік өнеріне. Негізі мен Ж. Елебеков атындағы Республикалық Эстрада-Цирк колледжіне 9-сыныптан кейін, вокал мамандығына келген болатынмын. Алайда, адамда 16-18 жас аралығында дауыс құбылады екен. Сондай бір жағдайларға байланысты мені, өкінішке орай, вокал мамандығына алмады. Бірақ, «Сіз еш уайымдамаңыз! Қазір басқа факультетке тапсырыңыз, кейін келесі жылы ауысып кетсеңіз болады», - деді. Әлі есімде, ол кезде ескі ғимарат болатын, жертөлесі бар. Кіріп қалсақ абитуриенттер жүр, қуыршақ мамандары болашақ шәкірттерін дайындап жатыр. Кірдік, «көрсін» деді – көрдім. Бірақ, маған ол кезде соның бәрі ерсілеу көрінді: домалап жүрген түлкіні, секірген қоянды көрдім. Біреуі «қасқырмын» дейді, бірақ мен сене алмаймын. Басымда «Мынаның бәрі не істеп жатыр?»  деген сұрақ. Екі-үш күн көрдім, артынша қызығушылық пайда болды. Курстастарым өзімнен үлкен кісілер екен. Қателеспесем, 62 абитуриент тапсырдық, содан 12 студент түстік. Сөйіп, шыны керек, мен қуыршақ театрына, соның ішінде қуыршақ өнеріне, балалар әлеміне кішкене адасып келген жолым бар. Алайда, бірінші курстан кейін сессия біткенде, кураторымыз Майса Омарбековна менің алдымнан өтті: «Кезінде сен ауысамын дегенсің. Көрсеткішің жаман емес, вокалға ауысамын десең болады», - деп. Бірақ мен бірден: «Маған қажеттілігі жоқ, өйткені қуыршақ мамандығында және соның ішінде актер бөлімінде әрі әнші болуға болады, әрі биші болуға болады, әрі актер болуға болады. Бұнда барлығы жан-жақты екеніне көзім жетті», - деп бас тартып, Сұлтанғали Төгелбайұлының бірінші, әрі соңғы шәкірті болып білім алып шықтым.

— Иә, бүгінгі таңда қуыршақ театрындағы спектакльдерде өзіңіздің тек қана актерлік емес, сонымен қатар әншілік өнерлеріңізді де көрсетіп жүрсіз. Керемет!

— Иә, әрине. Рақмет!

— Актёр, режиссер, театр теоретигі К.С. Станиславский  айтқандай: «Кез-келген қызмет шығармашылық тұлғаны қажет етеді». Сіз де, мінекей, 2003 жылдан бері осы Мемлекеттік қуыршақ театрында қызмет атқарып келесіз. Осы еңбек еткен уақыт аралығында көптеген тәжірибе жинаған боларсыз. Бірақ, айтыңызшы, қолыңыздағы жаны жоқ қуыршақ арқылы көрерменмен тілдесу, жалпы қуыршақтарға жан бітірудің қиыншылығы неде?

— Менің бұл қара шаңырақта қызмет атқарып жатқаныма 18 жылға жақындапты. Арада сегіз ай үзіліс болды, өйткені Сұлтанғали Төгелбайұлы өзінің басшылық қызметін аяқтағаннан кейін, біз сол кісімен жеке театр болып кеткенбіз. Алайда, біраз қаржылық мәселелер пайда болып, әтижесінде, ағаның рұқсатымен, алдынан өтіп, қайтадан осы театрға қызметке оралдым. Енді қуыршаққа жан бітірудің, жалпы қандай да болсын затқа жан бітірудің қиыншылығы – біріншіден, жан бітіретін адам, демек актер, оған өзі сенуі керектігінде. Яғни, біреуді сендіру үшін, сен әуелі өзің сенуің керексің. Ал егер оған өзің сенбесең, ішкі жан-дүниең оған берілмесе, онда ол шынайы емес болып шығады деп ойлаймын.

— Меніңше, бұл балалаларға да, үлкендерге де қызық секілді: қуыршақ театрындағы әртістердің күнделікті дайындығы қалай өтеді? Актерлар қуаршақтар емес, адамдар болатын әдеттегі театрдағы дайындықтармен салыстырмалы түрде қандай ерекшеліктер бар?

— Біріншіден, әрине, бұл қуыршақ театрының басқа драма театрларынан айырмашылығы – драма театры өзімен жұмыс жасаса, бұл жақта ол жұмыс екі есе болып келеді. Демек, бірінші актер өзімен жұмыс жасайды, берілген рөлді өзіне сіңіреді. Сол уақытта цех бөлімінде ол рөлдің қуыршағы дайындалып жатады. Ол жұмыс ақталғанша біз рөлді толықтай сіңіріп аламыз. Ал, қуыршақ дайын болғаннан кейін, біз өзіміздегі рөлді қуыршаққа береміз. Демек, жан бітіреміз: оның  мінезін, жүріс-тұрысын, болмысын, жасы нешеде, ол қандай кейіпкер: мұңлы немесе көңілді, барлығын жан-жақты қарастырамыз. Тіпті, кейде одан да көп қиындық туындайтын кездер болады. Мысалы, мүмкін оны игерумен қатар, би қою керек шығар? Өзім бұны қиындықтың үшінші кезеңі деп есептеймін. Демек, би қойғанда, оған қараған көрермен ол қуыршақтың шын биші екеніне сенетіндей болу керек. Сондықтан, дайындық процессінің өзі өте күрделі жұмыс. Сырт көзбен қарағанда оңай секілді болып көрінуі мүмкін, бірақ жаны жоқ қуыршақты қолға алған кезде ол бөлек бір еңбек, атмосфера және күш.

— Жалпы, бір спектакльді дайындап шығу үшін қанша уақыт жұмсалады?

— Ол шығарманың барысына байланысты. Бір образ кейде аяқ астынан пайда болуы мүмкін. Өзім алдымен әр нәрсені қалжыңдап ойнай бастаймын. Ол образ оған келмесе де солай жасап, домалатып, күлдіріп... бірақ, ол үлкен образ да, қайғылы образ да болуы мүмкін. Соған қарамастан мен сол процес арқылы екі-үш нұсқа жасап алып, режиссерге көрсетемін. Ол кісі өзінің қажеттілігін алады. Былайша айтқанда, екі жақты бір шешімге келеміз.

— Енді біраз театр қоржынындағы қуыршақтар туралы айта кетсеңіз. Бірнеше спектакльдерде ойнай беретін әмбебап немесе қолданылуы үлкен дайындықты қажет ететін қиын қуыршақтар бола ма? Өзіңіз үшін игерілуі ауыр болған қуыршақпен таныстырсаңыз және ол қиындықты қалай алып шықтыңыз?

— Театрымыздың қоржынында «Спорт Қожа» деген қойылым бар. Қазіргі таңда тоқтатылып тұр. Сол шығармада Жалқау деген кейіпкер болатын. Үлкен, бойлы қуыршақ. Орысша айтқанда, «ростовой». Ол бойлы болғанда да, қателеспесем,  үш метрлік дөңгелек сымға бекітілген матасы бар. Оның екі жағынан бір жарым метрден қолдары бар. Төбесінде, матаның дөңгелегі біткен жерінде мойыны кетіп, үлкен басы орналасқан. Өзі сондай бір сиқырлы кейіпкер. Енді оның ауырлығы деген сұмдық! Қолын әріптесім – Алтай деген жігіт ұстап, мен мойнын ұстау үшін ақ матаның ішіне кіріп аламын. Бастапқы кезде оған менің өзімнің күшім жетпеді. Гүлжәмилә Ильясова апамыз сол қойылымға өзі жетекшілік еткен болатын. Әлгі кейіпкерімнің Қожамен тілдесетін сахнасында маған «еңкейт» дейді. Ал мен еңкейтсем, анау менің өзімді аударып жібереді де, жалп етіп жерге құлаймын. «Ойбай, не болды?» - дейді. Мен намысқа тырысып, «күші жоқ па?» деп ойлап қалмасын деп тырмысамын. Оның тұрбасы келіп белге киілетін белбеушесі болатын. Кейіннен иық жасап көрдік, қиыншылықтың бәрін жеңуге тырыстық. Бір болмаған кезде: «Сіз басын ұстаңызшы, маған қарағанда ересектеусіз ғой, күшіңіз бар ғой», - деп қолға ауысып көрдім. Бірақ, қолдың өзі де ауыр. Сол қуыршақпен жұмыс істеу барысында, шыны керек, Гүлжәмилә апамыз екеуіміз біраз келіспеушіліктерге түскен кезіміз болды. Әрине, бұның бәрі шығармашылық процесс. «Жоқ, Мақсат, бұл бар болғаны үш сахна!» - дейді. Сол үш сахнасы мен үшін өте қиын сахналар болатын. «Мүмкін, қуыршақты жеңілдеу етіп жасармыз?» деп ұсыныс білдіремін. «Жоқ, Мақсат, жасалған нәрсені қайтадан жасап бермейді бізге. Қысқа уақытта сіз бұл рөлді шығаруыңыз керексіз», - дейді. Былай көреміз, былай көреміз... Әйтеуір, өте қиын қуыршақ мен үшін сол болды деп айта аламын. Алайда, ол қиындықты да бар күш-жігерімізді сала отырып, соңына дейін жеткіздік.

— Қалай ойлайсыз, қуыршақ театры - бұл көңіл көтеруге арналған қойылымдар ма, өнер ме, әлде тәрбиелеуші процесс пе?

— Қуыршақ театры көңіл көтеретін орын емес. Бұл жерде тәрбиелеу процессі басымырақ. Барлығы бұны ойын-сауық, көңіл көтеру деп ойлауы мүмкін, бірақ біз сол арқылы келешек, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие береміз. Адам баласын алғаш мәдениетке, театр өнеріне, театр әлеміне тәрбиелейтін бірден бір мекен – біздің «Мемлекеттік қуыршақ театры».

— Қуыршақтың ар жағындағы актер қандай қиындықтармен бетпе-бет келуі мүмкін? Өзіңіздің тәжірибеңіздегі жағдайлардың мысалында түсіндірсеңіз?

— Жалпы қуыршақ театрында қиындықтар өте көп. Неге десеңіз, бізде бір қуыршақты бір адам ғана меңгермейді. Мысалы, планшетті қуыршақтар бойлы, ұзын болса, бес-алты адамға дейін игеруге тура келеді. Демек, ол қандай қиындықтар? Мысалы, біз алты адам бір қуыршақпен жұмыс істейтін болсақ, алты адам бір-біріне тәуелді болып қалады. Бір адам келмесе, бесеуіміздің жұмысымыз тоқтайтыны секілді, екі адам келмесе, қалғандарымыздың жұмысымыз тоқтап қалады. Бір адам қисық жасаса, бес адам бір адамға пікір білдіреміз. Ол адам ол кеңесті қабылдап, жүзеге асыра алмаса, шығармашылық келіспеушіліктер туындап қалып жатады. Мысалы, драма театрларында бір рөлді алады да, актер өзі ойнап шығады. Ал бұл жерде дәл сол Сұлтан рөлі болса, біз оның қуыршағын екі-үш адам болып меңгереміз. Кейде бір сахнасында біреу дауыстайды, келесі сахнасында басқа біреу дауыстауы мүмкін. Дәл солай қуыршақты да ойнатуы мүмкін.

— Сонда бір адамның қателігінен басқа адамдардың жұмысы еш кетуі мүмкін дейсіз ғой?

— Иә, дәл солай.

— Жалпы, сіз режиссер қалыптастырған қуыршақ бейнесін дәлме-дәл беруге тырысасыз ба, әлде қуыршағыңыздың бейнесін өзіңіз қалыптастырасыз ба?

— Негізгі заңдылық бойынша, алғашқы бағыт-бағдарды режиссер береді. Пьесаны талдаған кезде оның жас ерекшелігін, образын сол кісі ұсынады. Ал ізденіс жағына келгенде, мен өзім тауып, өзім режиссерға жаңа ұсыныстар беруге тырысамын. Өйткені, өзімнен шыққан нәрсе өзіме сенімдірек, шынайырақ болады. Әрине, режиссердің түзету енгізіп жататын, «былай болса қайтеді?» дейтін кездері де болады. Алайда, мүмкіндігімізше өзімізден туындаған нәрсе өзімізге қызық болсын жеке ізденіске де кең мүмкіндіктер береміз. Кейде алғашқы премьералары кезінде бір қойылымды күніне үш-төрт рет ойнау керек болады. Сол кезде «ә» деп бастаған қойылыммен көрерменді тез жалықтырмас үшін, бірінші өзіңе сенімдірек, қызықтырақ болу керек. Сонда ғана біраз уақытқа ол рөл сені сүйрейді, сен оны сүйрейсің деп ойлаймын.

— Ал, қандай шығармалар Мемлекеттік қуыршақ театрының басты репетуары болып табылады? Театрдың қазіргі спектакльдеріндегі заманауи шешімдерді көрермендер қалай қабылдауда?

— Негізі көрерменнің қошеметі, ықыласы сахнадан сезіліп тұрады. «Осы қажет пе? Балалар бұған қызығушылық танытып отыр ма?» деген секілді сұрақтарға ойнап жүріп те жауап таба аласың. Менің ойымша, театр репертуарын елу де елу ұстау қажет. Себебі, қазақ ертегілері кішкентай бүлдіршіндерге, соның ішінде қуыршақ театрына міндетті түрде керек. Жалпы, ол орыс болсын, шетел болсын, өзіміздікі болсын, міндетті түрде ертегі атаулысы театрда жүруі керек. Мүмкін, ол заманауи болар?! Қазіргі таңда «формат» деп атаймыз ғой?! 5D форматта, экранды, лазерлі шоу сияқты форматтарда жасасын, бірақ түпкі мағынасын жоғалтпауы қажет. Мысалы, «Алдар көсені» алып, бағанағы түрлі форматқа саламын деп, оны жүз сексен градусқа айналдырып, Алдарымыз Алдар болмай қалса, ондайдың қажеті жоқ. Егер, тіпті сол бағытта жүремін деген күннің өзінде, қазір заманауи неше түрлі ертегілер бар. Ал, қазақи ертегіні заманауи форматқа салып, жаңа шешімдермен ұсынғың келсе, онда түпкі мағынасы мен мақсатын жоғалтып алмау керек деп есептеймін.

— Кейбір ата-аналар балалары қуыршақ театрына бару үшін «есейіп кетті» деп есептейді. Бірақ, өзім күнделікті болып жүрген уақыт аралығында, қуыршақ театрының жай ғана спектакль не өнер емес, сонымен қатар ертегі, қиял-ғажайып арқылы бала тәрбиесіне, сананың жетілуіне оң әсерін тигізетін күш екеніне көзім жетті. Алайда, өзіміз білетіндей, бүгінгі күні кішкентай балалардың өзі батыс мәдениеті арқылы тәрбиеленіп, аниме көріп, компьютер, телефонның алдында күні-бойы уақыт өткізеді. Өзіңіз осындай рухани байлыққа толы ортада қызмет атқарып жүрген маман ретінде, бұны мәселе ретінде қарастырар ма едіңіз? Егер солай болса, оны шешу үшін қандай ой, ұсыныстар білдіре аласыз?

— Жалпы, әрбір ата-ана қуыршақ театрына баласын алып келуі үшін, бірінші, өзі келуі керек секілді. Мүмкін, оның театрға келуге бала кезінде мүмкіншілігі болмаған шығар? Демек, қазір келсін. Егер өзі бала кезде театрға келіп, ертегілер көріп, тыңдап өскен ата-ана болса, ол өз баласын да дәл солай тәрбиелейді. Неге десеңіз, қуыршаққа, осы театр әлеміне бірінші ата-ананың өзі сенуі керек сияқты. «Есейіп кеттік қой?! Қазір ол қызық емес» деген... Біз – адамдар, өзіміз жеті жасқа дейін ақылсыз, ессіз өмір сүреміз ғой?! Жеті жасқа келгеннен кейін, есіміз кіргеннен кейін, балалық шағымызды аңсап отырамыз. Жасырмаймын, өзімді қоршаған достарым, жолдастарым болсын, театрға келмейді. Ал бір келсе, қайтадан келе бергісі келеді. Өйткені, қызығушылығы оянады. Көбісінің түсінігінде қалып кеткен «Ой, ана перденің артына тұрып алып, «ля-ля-ля» деп қолдарыңды бұлаңдата бересіңдер ме?» дейтін стереотип бар. Жоқ, егер ол бағытпен келсек, мүмкін қазіргі мына қуыршақ театрының атауы мүлде болмас па еді? Бұл театрымыз да заманның ағымына қарай гаджет, телефон дейміз, сол бағытпен бірдей жүріп келе жатыр. Өйткені, олай жүрмесек, керексіз де болып қалар ма едік?

— Өзіңіз айтқандай, қуыршақ театры да заманмен бірге даму үстінде. Осы орайда, «Мемлекеттік қуыршақ театры» тек қана балалармен емес, сонымен қатар ересектермен де өзара байланыста екенін ескеруіміз қажет. Яғни, репертуарда кешкі, ересектерге арналған спектакльдер де бар. Бірақ, дайындық пен қойылым барысында екі форматтың айырмашылығы бар ма? Ересектерге арналған спектакльді қоюдың өзіндік қиыншылықтары неде?

— Кешкі қойылым мен кішкентай бүлдіршіндердің қойылымдарының арасындағы қиыншылық орасан зор деп айта алмаймын. Қиыншылығы сол пьеса жағынан болса керек. Өйткені, кейбір пьесаларда терең ой тастайтын мақсат болады. Түпкі мән-мағынасында ересек көрермендерге «өздеріңіз ойланыңыздар» деген сияқты жай ғана көп нүкте қойып кететін қойылымдарымыз бар. Кейде өзіміз де «Соңы қалай болады? Не болады екен?» деген сияқты оймен жүруіміз мүмкін. Ал ойнау барысында, бұл жерде, әрине, ересектерге арналғандықтан, бар күшімізді сала ойнаймыз. Өйткені, бұнда біз қуыршақтармен қатар, өзіміз де сахнаға шығып ойнаймыз. Билейтін сахнамыз болады және қуыршақпен де өнер көрсетеміз. Бәрі бір-бірімен тығыз байланыста жүреді. Ал кішкентай қойылымның қиыншылығы – шығарманың негізгі идеясын бүлдіршін көрерменге жеткізу. Олардың да қойылымдарының мән-мағынасы, басы, ортасы, аяғы болады. Өйткені, ол кішкентай көрерменге басын ашып, ортасы осындай болды, соңында мынадай болып бітті деген түйін тастауы қажет. Демек, мейірімді, үлгі-өнегелі болу керек, үлкенді сыйлау, құрметтеу қажет деген сияқты тәлім-тәрбиесі бар, мән-мағынасы бар болып аяқталады. Ал, үлкендердің қойылымының соңы көп нүктемен аяқталып жатады. Әрине, кейде бір пьеса өзі нүктесін беріп те жатады. Сол жағынан қиыншылығы бар деп ойлаймын. Әрине, ұзақтығы ол бөлек мәселе. Бізде үлкендер қойылымы, әдетте бір жарым, екі сағатқа созылады. Оның ішінде «Медея», «Макбет», «Ана-Жер ана», «Ромео мен Джульетта», «Ана жүрегі» және т.б. қойылымдарымызды атап өтуімізге болады.

— Және өзімнің байқаным бойынша балалар қойылымдарына қарағанда, ересектерге арналған қойылымдарда заманауи шешімдер қолдану жиірек кездесетін секілді?

— Иә, бұл қазіргі таңдағы театрдың көркемдік жетекшісі, режиссерлар, театрдың басшылығы – директордан бастап бір ағымда жүруге атсалысаынымыздан деп білемін. Өйткені, бүгінгі күн – бүгінгі шешімдерді талап етеді, әрі басқа да театрлар бар дегендей. Ел не істеп жатыр? Біз қай бағытта жүрміз? Сондықтан, иә, қазір лабораториялық шешімдер өте көп, әрі тыңғылықты дәрежеде деп айта аламын.

— А.Островский: «Халық театрға пьесаның өзі үшін емес, жақсы пьесалардың жақсы орындалуын көру үшін барады: пьесаны оқып та алуға болады», - дейді. Яғни, халық үшін шығарма емес, актердің орындаушылығы, шеберлігі маңызды екені шын. Осы орайда, қуыршақ әртісі ретінде өзіңізден талап ететін міндетті ұстанымдар бар ма?

— Жалпы, өнер – ұлттың ұясы. Театрға бір қойылым көруге келсең, бір кітапты оқығанмен теңдейсің. Мысалы, кинотеатрларда сен киноны көресің, ал театр саған көрсетеді. Бұл жерде өз тарапымнан қарастырсам, көрермен үшін барымды салуым қажет, сендіруім керек. Егер актер өзі барын салып, маңдайдан тер шығарып, шынайы сеніп ойнаса, әрине, келген көрермен де оған, оның қолындағы досына – қуыршағына да сенетін болады деп білемін.

— Ал, өзіңіз орындауды армандайтын, бірақ әлі дайын емеспін деп есептейтін рөлдер бар ма?

— Шыны керек, дәл қазір ойлап отырсам, әлі күнге дейін өзімді жас сезінемін бе, мүмкін көңіліміз, осы қуыршақ театры – балаларға арналған театр болғандықтан әлі жас па? Мысалы, патшаны, сұлтанды ойнасаң, ол міндетті түрде қаһарлы болуы керек деген сөз емес. Бірақ, бәріміз «сұлтан» десе, қабағын түйген, назарын өзіне ғана аударған сұсты кейіпкер елестейді. Алайда, ол сондай бір жеңіл мінезді сұлтан болуы да мүмкін ғой?! Ойында құмарлық та, зіл де жоқ, бірақ өзі сұлтан, патша, соған қарамастан жеңіл мінезді, сондай бір жағымды кейіпкер. Міне, осындай балалардың санасына жақынырақ, мейірімділік сыйлайтын кейіпкерді сомдай бергім келер еді.  Енді ойнамадық емес, ойнадық. Бірақ, негізі «мынау» дейтіндей, қуыршақ өнері таңдауды қажет етпеуі керек деп ойлаймын. Әрине, бұл әйелге еркектің, ерге әйелдің рөлін беру деген нәрсе емес. Алайда, барынша талғамауға тырысу керек. Адам өзі сол берілген рөлден қиындық сезінсе, онда біздегі сырт көз де, режиссер де бірден ескеріп, өзара шешімін іздейді.

— Қуыршақ театрында өзіңізді тек актер ретінде емес, басқа да қызметтерде сынап көргіңіз келер ме еді? Мысалы, режиссер ретінде?

— Мен қуыршақ театрында, негізі 1-курстың екінші семестрінен бастап жұмыс жасап келемін. Жалпы, өзімді барлық салада сынағанды жақсы көремін. Қазір мобилография дейміз, сол жағынан да театр фестивальдерге шығып жатса, бір кішігірім мерекелік шаралар болып жатса да, барынша түсіруге тырысамын. Ал, 2015 жылы Талғат Есеналиев мырза басшылық етіп жатқан кезде, студенттерге арналған «Махаббат гүлі солмайды» деген кештің ұйымдастырушысы болдым. Ол жерде барлығы тірі планда, актерлар өздері ойнайды, жеңіл, айтар ойы бар, студенттік кезең мен ән, биі бар көңілді-танымдық кеш түрінде жүрген болатын. Одан кейін бізде жыл сайын отбасы күніне арналған байқау өтеді. Театр ұжымында отбасылық жанұялар, әріптестеріміз көп. Карантинге дейін екі мәрте жүзеге асқан бл шараның бастан-аяқ режиссері болып, ұйымдастырушылықпен айналыстым. Артынша Гүлжәмилә Ильясова апамыздың бенефисін, өзім қолдан келгенше режиссерлік жағынан қырымды көрсетіп, қойып берген болатынмын. Театрда труппа меңгерушісі, режиссер көмекшісі болып та жұмыс істедім. «Жігітке жеті өнер де аз» дейді ғо. Сондықтан, бір істі ұсынса, оған барымды салуға тырысамын. Өйткені, бірінші адам байқап көру керек, содан кейін барып нәтиже шығару қажет деп ойлаймын. Жасап көр, болмаса жасамағаныңды айтасың.

— Жалпы Қазақстандағы қуыршақ театрларының бүгінгі күнгі мәселесі неде деп ойлайсыз? Заманауи қуыршақ театрына, актерлеріне не жетіспейді?

— Қуырша театрының мәселесі – білмеймін, әлі күнге дейін қазақ көрермені аз. Менің жанымды ауыртатыны да сол. Жалпы, өзімнің қоршаған ортама қарап айтып отырмын. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын, дей тұрғанмен орыс көрерменіне қарағанда, біз шынымен аздаумыз.  Көбірек ұйықтаймыз. Сенбі-жексенбі күні азанмен ерте тұрған бала мойнымызға асылып мінсе, «Кеттік, шығайық, қыдырайық» десе, «Қой, бүгінгі бір демалысымызда демалайық» деген сияқты мәселе. Және келесі мәселе – қазақ драматургиясы жағынан ақсаңдайтын сияқтымыз. Неге десеңіздер, жоқ емес бар, бірақ та, «Суды алдым, жерді алдым, аспанды алдым, үшеуінен бірдеңе ұйымдастырып, жеңіл-желпі дүниә жасай салдым» деген нәрсе көп. Сол баяғы Алдар көсенің оқиғасы, Қаңбар шалдардың желісі. Орыстардың ертегілерін айтайық, «Қасқыр мен жеті лақ», «Буратино» және т.б. әлі күнге дейін трендте. Сондай бір жаңа, қазақша қуыршақ драматургиясы туындаса... әйтпесе театрдағы техникалық жағдай, жарнама жағынан бәрі қазіргі заманға сай дамып келе жатыр. Бүгінгі мәселесі сол – қазақ көрерменінің аздығы мен драматургияның жетіспеуі деп есептеймін.

— Әдебиет бөлімінің басшысы Жазира Амиржановна практиканың алғашқы күніндегі театрға экскурсия барысында: «Халық ауыз әдебиетінен басқа жаңа ертегілер, пьесалар жоқ. Драматургия шынымен ақсаңдап тұр», - деп айтқан болатын.  

— Иә, ол кісі шынымен дұрыс айтқан. Өйткені, осы тақырыптың бірі де бірегейі, осы саланы қайтанып жүрген тұлғалардың бірі – сол Жазира Амиржановна. Иә, мысалы, біз карантин кезінде көп пьесалар оқыдық. Онлайнға қарамастан жұмыс жүруі керек, осы орайда көптеген драматургтермен таныстық. Бәрі «жаман» демеймін, қоюға болады, бірақ та сол өзіміздің «Алдар көсе», «Қаңбақ шал» секілді трендке шықпайды-ау?» деген сұрақ туындайды. Біз оны қанша уақыт театрда ұстап тұра аламыз? Сол мәселе. Әйтпесе бәрін қоюға болады. Бүгін қойдың, екі айдан кейін бітті, ол қойылымды ұмытасың. Бүгінгі пьесалардың өміршеңдігі сондай хәлде болып тұр деп тұжырымдаймын.

— Бірақ, сіздер театрға жаңа пьесаларды қайдан аласыздар? Негізі, бүгінде көптеген жас драматургтерге арналған фестивальдер болып жатады. Сіздерге сондағы жеңіске жеткен пьесалар келіп түсе ме?

— Біздерге жас драматургтер өздері арнайы театрға алып келетін көрінеді. Менің тікелей міндетіме кірмегендіктен нақты білмеймін, алайда солай естіп жатамын. «Менің пьесамды қарап көрсеңіздер» деп ұсыныс білдіреді екен. Сол пьесаларды, әрине, бірінші біздің көркемдік кеңесшілер  талқыға салады, оқиды. Қызықты пьесаларды түртіп қояды. Одан кейін бәріміз драматургпен кездесеміз. Бірге оқып, ойымызды ортаға саламыз. Режиссер өзі қою барысында өзгерістер енгізу қажет болса, автордың алдынан өтеді. Автор қолдап жатса, бәріміз бір-бірімізді ары қарай процесс барысында түсініп, тікелей іске кірісіп кетеміз. Ал, «арнайы жаздырылған пьеса» дегенге өз басым келіспейтін секілдімін. Білмеймін, олай да дұрыс шығар, бірақ өзінің ішкі жан-дүниесінен шықпағандықтан, ондай шығармаларда шынайылық болмайтын секілді, жеңіл-желпі жұмыс болатын сияқты. Композитор, ақындар өлең жазу үшін музасы болатыны секілді, драматург те өзін сол образға, оқиғаға қойып, сеніп, бұл іске сол арқылы келсе, онда шынайырақ болар ма еді деп ойлаймын.

— Қуыршақ театрының әртісі Мақсат Камалов жайлы қысқаша?

—  Көп нәрсені ұната бермейді. Барлығы кітаптағыда болу керек. Аман Тасыған деген досым бар, кейде күйіп шығасың ғой, сонда ол маған айтатын: «Мақсат, бәрі өзің сияқты бола бермейді», - деп. Қазір оның сөзін ойыма салам да, сілтіп қоя беретін кездерім көп болып жүр. Бірақ, бәрібір барлығының кітаптағыдай болғанын қалаймын. Әлде Сұлтанғали ағамыз солай тәрбиеледі ме? Сосын уақытпен жүру. Және бір бастаған іске барлық күшті жұмсауға тырысу. Ол қойылым болсын, басқа шаруа болсын, жауапкершілік бірінші кезекте.

— Жоғарыда айтып өткендей, бұл өнер ордасында қызмет атқарып келе жатқаныңызға 18 жылдай уақыт таяды. Осы уақыт аралығында не өзгерді? Бала Мақсат пен бүгінгі Мақсат мырзаның армандары орындалды ма?

— Бала кезде Мақсат көп ұйықтайтын, қазіргі Мақсат көп ұйықтамайды. Бала кезде Мақсат, мүмкін, жауапкершілік жағынан шорқақтау болды ма, қазір басқа деген секілді. Ондай жетістіктің барлығын, тағы да айтамын, ұстазым шұқып тұрып үйретіп кетті. Мысалы, қисық жатқан нәрсені түзетіп кету. Осының бәрі сол кісінің маған берген үлгі-өнегесі деп білемін. Қазіргі Мақсаттың арманы, шүкір, орындалып келе жатыр. Осы театрда қызмет атқарудамын, алдағы жоспарлар да көп. Жалпы, бұл театр маған өздері «қажет емессің» демейінше, мен бұл театрмен қоштаспаймын! Өйткені, бұл менің алғаш көзімді ашып, өнер ордасына алғаш қадам басқан театрым. Сондықтан ол маған өте ыстық. Жалпы, театрдың күнделікті тұрмыс-тіршілігін өзім біліп, өзім қадағалап, өз назарымда ұстағаннан кейін, өзіме ерекше ыстық!. Сол себептен, шүкір, бәрі өз уақытымен орындалып келе жатыр.

— Театрға алғаш келгеніңізде «мен болашақта осындай боламын» деген мақсатыңыз бүгінгі күнде жүзеге асты ма, асып жатыр ма?

— Иә, асып жатыр. Қазір орта буынға ауыстық. Жас буындарға «өз білгеніңді көрсетші» деп айтатындай сенімге келдік, жеттік. Немесе «мына жігітке қараңдар, осыдан үлгі алыңдар» дегеннің өзі, шыны керек, адамды жігерлендіреді. Адам өзін-өзі мақтай алмас, бірақ сені өзге мақтайтын күн туса, демек ол сенің жетістікке жеткеніңді дәлелдейтін шығар деп ойлаймын.

— Болашақтағы өзіңізге және өзіңіздің артыңыздан ерген болашақ қуыршақ театры әртістеріне хат жолдасаңыз, кішігірім ақыл-кеңесіңізбен бөлісіп, лебізіңізді білдірсеңіз.

— Қазіргі таңда театрымызда жеті-сегіз жас буын бар. Барлық артымыздан ерген жастарға берер ақыл-кеңесіміз – уақытты құр босқа желге ұшырмай, күнделікті тыңбай еңбек ету. Шабыт пен ізденістің артынан қуу және аз ұйықтап, көп нәтиже көрсету. Өз еңбектеріне деген махаббат пен шынайы сенім, көңілдері болса деймін. Қысқаша айтқанда, өнер адамы театрмен ауруы керек! Осы өнерге келді ме? Демек, аянбай еңбек ету арқылы ғана оның жемісін көруге болатынын түсініп, тынбай әрекет етсе, болашақтарын жарқын да, сәтті құрса деген тілегім бар.

— Уақыт бөлгеніңізге көп рақмет! Сізге алдағы уақытта мол табыс пен жетістіктер тілеймін!

 

Сұқбаттасқан: Қалиматова Гүлім

Т. Қ. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның

«Өнертану» факультеті,

«Кинотеледраматургия» мамандығының

1-курс студенті

 

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/blogs/oy_tolgaular/29777/