Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрында маусымның шуақты мерекесі аталып өтті

2 Маусым 2022

Бүлдіршін қиялының мөлдір ордасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры «Балалар жылы» аясында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай сүйікті көрермендер мен олардың ата-аналарына мерекені тиімді де ұтымды өткізудің түрлі бағыттарын қамтитын ойын-сауықтық, танымдық бағдарламалармен қатар, қуыршақтардың шексіз мүмкіндіктерін көрсететін қазыналы қойылымдар қатарын ұсынды.

Маусымның шуақты да шұғылалы мерекесін Қуыршақ театры бүлдіршіндер үшін қайталанбас әсерге толы ұмытылмас сәттермен көркемдеп, жаңа 87-ші жаңа маусымның шымылдығын түрді. Ертегілер елінің есігінен бастап, кішкентай көрермендерге арналған түрлі ойын-сауықтық бағдарламалар, викториналық сұрақтар, байқаулар мен интерактивті ойындар ұйымдастырылып, көңілді ертегілердің сүйікті кейіпкерлерімен қатар бойлы қуыршақтар да өнер көрсетті.

Сонымен қатар, бүлдіршіндерге мерекенің маңызы мен мәнін айшықтайтын үздік қуыршақ шеберлерінен таңдалған концерттік бағдарламадан тұратын «Қуыршақ думан» (реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) дәстүрлі қайырымдылық қойылымы ұсынылып, «Asyltas holding» және «Рахат» кондитерлік фабрикасының демеушілерімен бірлескен сыйлықтар тарту етілді.

Балаларға танымдық жобалар мен қойылымдарды ұсыну арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеп, жан-жақты, жоспарлы дамып, жүйелі уақыт өткізуіне баса назар аударатын Қуыршақ театры алдағы уақытта да бүлдіршіндердің қызығушылықтарына сай қойылымдар көкжиегін кеңейтуді жоспарлауда.

Тазалық пен тұнық әлем иесі, періште жүрек бүлдіршіндер үшін театр есігі қашан да ашық!

 

Мадина ТӨЛЕ

"Madeniet Portaly" сайты

Сілтеме: http://madeniportal.kz/article/7112