Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрының қуанышы

13 Мамыр 2022

Алматы қаласының Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театры 20-25 сәуір аралығында Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұйымдастыруымен өткен V Халықаралық BALAUSA экспериментальды спектакльдер фестиваліне қатысып, бас жүлдені иеленді. Ақтөбе облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының қолдауымен жүзеге асқан мәдени жобада халықаралық және республикалық 23 театр бақ сынасты.

Іріктелген сегіз театр ішінен оза шап­қан өнер ұжымы аталған фестивальге «Макбет. Иллюзия» қойылымымен қатысып, «Үздік қойылым» және «Үз­дік сценография» номинацияларын қан­жығасына байлады.

Шындық пен елес, амбиция мен күш, кінә мен өкініш... Батыл әрі асыл адамның зұлымға айналуы оны құмар­лық­тың құлы етеді. Иллюзиялық сана дағдарысына ұшыраған Макбет ұрпақ сүю жолында соқыр үмітке сеніп, қолын қанға бояйды. Адамзатқа ортақ мәселені бір отбасының тағдырымен суреттеген ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің кейіпкерлері алғаш рет қуыршақ бейнесінде тіл қатты.

Айта кетейік, қойылымның режиссері – Д.Жұмабаева, суретшісі – Ю.Чернова, балетмейстері – А.Цой, композиторы – Г.Юн.

Аталған фестиваль әдеттегідей театр өнерін дамытып, шығармашылық топ­тардың әлеуетін қолдау, жаңа буын­ның қалыптасуына һәм шығар­ма­шы­лық бастамасын ынталандыру, театр ұжымдары арасында тәжірибе алмасуы­на жағдай жасау мақсатында ұйым­дастырылып отыр.

Театртанушы, қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек бас жүлдені иеленген спектакль мазмұнын айта келе: «Медея», «Ана-Жер Ана», «Абай», енді міне «Макбет»... Театрдың кейінгі бес жылдағы жаңа бағыты шын мәнінде «қуыршақ театры» деген қасаң түсінікті жоққа шығарды. Қазір бұл театрдың атауын атағанда аузымызды толтырып айтамыз. Дәл қазір театрдың актерлік өнерінің, режиссурасының шын мәнінде нәтижесін бергеніне куә болып отырмыз. Өз көрермендері, әр жастағы балаларға арналған спектакль­дері өз бағыт-бағдарымен қойылып жатыр. Ал «Макбет» адамды тітіркендіретін әсерлі қойылым болды», деді.

Спектакльде бас кейіпкер Макбетті – Шоқан Құлназаров, леди Макбетті – Жанар Мақашева сахналады.

Фестивальге Мемлекеттік қуыршақ театрынан бөлек Қ.Қуанышбаев атын­дағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры (Нұр-Сұлтан), Шығыс Қазақстан облыстық «Дариға-ай» жастар театры (Семей), С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры, А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры (Ресей), С.Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театры (Солтүстік Қазақстан облысы), Н.Жантөрин атын­дағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры (Маңғыстау), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының ұжымдары қатысты.

Бүгінде балдырғандардан бөлек ересектерге арналған кешкі қойылымдарды да сахналап, жаңа форматқа көшкен өнер ордасы әлемнің классикалық туындыларын қуыршақ бейнесінде сөйлетіп жүр.

Республикалық, халықаралық фес­тивальдерде жүлделі орындар алып жүрген «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев), «Ана-Жер Ана» (авт. Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева), «Медея» (авт. Еврипид, реж. А.Салбан), «Ромео мен Джульетта» (авт. У.Шекспир, реж. Д.Жұмабаева), «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (инсценировка авт. Е.Локшина, реж. А.Зайцев) сынды ересектерге арналған қойылымдар театр репертуарынан ерекше орын алады.

Айта кетейік, бұл қойылым 20-30 мамыр аралығында Конья қаласында (Түркия) өтетін XIV Түркітілдес елдердің Халықаралық «Мың тыныс – бір дауыс» театрлар фестиваліне, сондай-ақ маусым айының 1-5 күндері аралығында Новосибирск қаласында (Ресей) өтетін «Перекресток» II Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне арнайы шақырту алып, негізгі конкурстың қатысушылар тізіміне енді.

 

Маржан Әбіш

"Егемен Қазақстан" газеті

Сілтеме: https://egemen.kz/article/311768-quyrshaq-teatrynynh-quanyshy