Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Алматы Мемлекеттік Қуыршақ театры Елорда күнінің қарсаңында «Ер Төстік» қойылымын ұсынады

5 Шілде 2021

Қазіргі таңда мәдениет ошақтарында халқымыздың тамырлы тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары мен ұлттық құндылықтарын насихаттайтын татымды туындылар қатарын көбейту, сол арқылы жас буынды ұлтжандылыққа, отансүйгіштік пен батырлыққа, қайсарлыққа үндеу, ұлттық сана-сезімді дамыту, отандық шығармаларды дәріптеу мақсаты кеңінен қолға алынуда. Аталған мақсатты жүзеге асыру барысында театр ұжымы батырлық, батылдық, достық, адамгершілік, бауырмалдық пен әділеттілік сынды ізгі қасиеттерді қалыптастыратын халқымыздың аса көне, мағынасы мен астары терең «Ер Төстік» қойылымымен репертуар қоржынын толықтыруда.

Қойылымның режиссері Еркебұлан Қабдылдың трактовкасындағы аталмыш туындының басты ерекшелігі – түрлі образды қуыршақтардың өзіндік характерлері мен іс-әрекеттерінің жан-жақтылығында. Яғни, көрермен әрбір кейіпкерден өзгеше күш пен таңғаларлық қабілетті байқай келе, олардың бір мақсаттағы жақсылық пен әділдікке үндейтін арман-тілегін сезінуге мүмкіндік алады.

Қойылымда ұлттық наным-сенімдер, салт-дәстүрлерден көрініс беретін сахна декорациялары мен реквизиттер, қуыршақтардың жасалу техникасы мен қимыл-қозғалыс ерекшеліктері шығармашылық құрамның әрбір детальды басты назарда ұстай отырып, жас көрермендерге аса бай мәдениетіміз бен асыл мұрамызды дәріптеуді мақсат еткенін аңғаруға болады.

Түрлі сындардан сүрінбей өтіп, әділдік пен жақсылықты ту еткен «Ер Төстік» сынды кейіпкерлеріміздің әрбір сөзі мен іс-әрекеті бүлдіршінді қайтпас қайсарлық пен мақсатшылдыққа жетелейтіні сөзсіз.


Мадина Төле

OnerKZ порталы

Сілтеме: https://www.oner.kz/news/view/16648-almaty-memlecettic-kuyrshak-teatry-elorda-cunining-karsangynda-er-tostic-kojylymyn-usynady