Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры аталмыш айда тәуелсіздік жылдарындағы қуыршақ театрының даму барысын ғылыми тұрғыдан ашып көрсету, бүгінгі қуыршақ театрының келбетін айқындау, тарихтағы орны мен қоғамдағы маңызын зерделеу мақсатында театртанушылар мен театр қызметкерлерінің қатысуымен онлайн дөңгелек үстел өтті.
Тәуелсіздік жылдарындағықуыршақ театрының тарихы мен даму барысын ғылыми, ақпараттық тұрғыдан жандандыруды көздеген дөңгелек үстел барысында М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, театртанушы Мәншүк Тәшімова «Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының даму перспективасы» тақырыбында ғылыми көзқарастарын қамтыса, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы, театртанушы Меруерт Жақсылықова «Алматы мемлекеттік қуыршақ театрындағы ересектерге арналған қойылымдардың ерекшелігін» жүйелі түрде сараптай келе, сахна төрінде түрленген түрлі бағыттағы, форматы өзгеше қойылымдардың бүгінгі күнге ықпалын ашып көрсетті. Театрдың ғылыми тұрғыдан зерттеліп жатқандығының тағы бір дәлелі ретінде Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясы «Өнертану» факультеті, театртану мамандығының 4 курс студенті Ұлбосын Тулақ «Қуыршақ театрындағы ізденістер» тақырыбын жан-жақты зерттеу барысындағы жаңалықтарымен бөлісті.
Сан қатпарлы тарих жолдарында қиын қыстау кезеңдерді елеулі еңбекпен еңсеріп, өнер ордасының жарқын болашағы жолында аянбай тер төккен тұлғалар есімі, елеулі оқиғалар тізбегін баяндаған театр ардагерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сәбиля Абуева және Қазақстанның мәдениет қайраткері Гүлжәмиля Ильясова «Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі 1966-2010 жылдар аралығындағы қуыршақ театрының дамуын» баяндаса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек «2013-2017 жылдардағы қуыршақ театрының тынысын» жеткізу арқылы театртанушылар мен театр қызметкерлеріне тың мәліметтер жолдады. Рухани жаңғырудың жолдарын, ұлы есімдерді танудың бірден бір маңызды бағыты – ұлттық құндылықтар, мәдениет пен әдебиетті тоғыстыратын сапалы ғылыми ақпараттардың қоғамға ұсынылыуы.
Болашаққа бағдар жасауда рухани жаңғырудың маңызды сатыларының бірі тарихи ақпараттардың дәлдігі болса, аталған мәселенің бір ұшы қуыршақ театры өнерімен тамырлас екендігі айқын.
Қоғамдағы атқарар жүгі басым, өнердің өзгеше мекені Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының алдағы уақытта көрерменіне ұсынар рухани жаңалықтарынан қапы қалмаңыз, қадірлі оқырман.
Мадина Төле