Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрында Шәмші Қалдаяқовқа арналған қойылым сахналанады

29 Қыркүйек 2020

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай "Өмір – Өзен" музыкалық театрландырылған қойылымын ұсынбақ. Театр сахнасында тұңғыш қойылғалы отырған спектакль 30 қыркүйек күні көрермендерге жол тартады.

 

Қойылымның режиссері Еркебұлан Қабдылдың айтуынша, көрнекті композитор, қазақ эстрадасының негізін салушы – Шәмші Қалдаяқов әндерін қазіргі жастарға таныстырған жөн. Өйткені сазгердің соңынан мол мұра қалған.

 

"Шәмші атамыздың жүрегін жарып шыққан әрбір әнді кеңінен насихаттау біз үшін зор міндет. Бүгінгі таңда ұлттық музыкамызды тыңдамайтын жастар жоқ емес. Ал Шәмші Қалдаяқовтың әндерінде ұлттық құнар, ұлттық мінез тұнып тұр. Шәмшінің әндері әр қазақтың төрінде шырқалып, халықпен бірге жасап келеді. Сондықтан да біздің спектаклімізге келген көрермендер ұлы сазгердің құдіретті әндерімен тағы бір рет қауышады", - дейді қойылым режиссері.

Режиссер Шәмші Қалдаяқовтың талант табиғатын көрсететін қырларын нәзік элементтермен толықтырып, жаңаша бағытта, көрермен талғамына қарай ұсынуды қалайды. Сазгер әндері арқылы көрермендерге ізгі қасиеттер, махаббат, сүйіспеншілік, отаншылдық, рухшылдық сынды рухани қажеттіліктерді сіңіріп, ұлттық нақышпен нәрленген қазыналы азық сыйлауды мақсат еткен.

 

Қойылымның премьерасы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының YouTube-тегі арнасында көрсетіледі.

 

Айта кеткен жөн, қуыршақ театры бұған дейін ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын арқау еткен "Мен деп ойла..." атты қойылым сахналады. Қазақтың тағы бір өнер иесі Шәмші Қалдаяқовқа арналған кезекті қойылым – осы туындының заңды жалғасы.

 

www.massaget.kz