Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрындағы бақытты отбасылар

1 Маусым 2019

Ажырасуы көбейіп, бақытты жұбы кеміп бара жатқан бүгінгі қоғамда зәрулігі байқалып отырған бір қажеттілік – отбасылық құндылықтарды дәріптеу. Бұл мақсаттың жолында жарасымды отбасылық өмірді, бақытты шаңырақтардың орны мен неке мәртебесін биіктете түсуге бағытталған «Мерейлі отбасы», «Бақытты отбасы» сияқты байқауларды жиі ұйымдастыру үлгісі үрдіске айналып келе жатқаны қуантады. Өзіндік «менін» жоғалтпай, өнерін өрге жүздіріп, кәсібін көркейтіп, балаларын да аман-есен өсіріп, айналасына өнеге болып жүрген бақытты жұптарды насихаттау неке беріктігін арттыра түсу жолындағы игі қадамдардың бірі.

Алматы мемлекеттік қуыршақ театрында киелі өнер табыстырып, өмірде де қол ұстасып қатар келе жатқан 11 отбасы бар. 30 актері бар шағын ұжым үшін аз емес. Қуыршақтарды қимылдатып, бала дауысымен неше түрлі жан-жануарлар мен құстардың үнін, мінезін салып әнде­тіп, билетіп жүрген актерлік өнердің ауыр салмағы мен қызықты жұмысына бас сұқ­қан ерлі-зайыптылар өз шаңырағында да берекесі тасыған, бірлігі берік жұп еке­нін «Бақытты отбасы» театрішілік бай­қауын­да бар қырынан дәлелдей түсті. Театрға келген әр баланың жүрегіне терең үңі­ліп, сезім пернесін тап баса алатын та­лантты әртістердің төрт жұбы өз бала­ла­рымен бірге топ құрып, отбасылық са­йыс көрігін қыздырғанда, театрдағы әріптестері бір­дей жанкүйерлік жасап, ортақ жеңіс тіледі. Сайысқа түскендердің жас ерекшелігі де, отбасылық құрамы да әртүрлі: Момынжановтар төрт баланың ата-анасы болса, жаңадан шаңырақ көтер­ген Жолдасхановтардың бөбегі бесіктен белін енді көтерген. Отбасы тәрбиесіндегі қағида­лар­ды негізге ала отырып, келешек ұрпаққа мардымды тәрбие беруді мақсат еткен жеті бөлімнен тұратын сайыста бақ сынаған өнерлі жұптар өз ұжымы алдында жаңа қырларымен танылып қана қоймай, байқау қорытындысында қомақты қаржылай сыйлықтарды да олжалады.

«Бақытты отбасы» сайы­сы­ның 3-орнын белгілі театр әртістері Болат және Ұлбо­сын Момынжановтар отбасы ие­лен­ді. Көрерменін харизмаға толы би мен ерекше идеямен ойластырылған бейнежазбаларымен баурап алған үлгілі отбасы ынты­мақтарының беріктігін көр­сет­ті. Байқаудың жүлделі 2-орнын театрдың дыбыс инженері Аршын және театр актрисасы Гүлбаршын Жолдасхановтардың отбасына бұйырды. Көрермендер мен қонақтарды тартымды таныстыруымен, жалындарымен тәнті еткен үйелмен көрермендер көзайымына айналып үлгерді. Сайыстың жүлделі 1-орнына театр әртісі Шоқан мен «Көрермендермен жұмыс» бөлімінің қызметкері Жұлдыз Құлназаровтар ие болды. Әсерге толы биімен, ерекше ойын үлгілерімен көзге түсіп сайыстың көрігін қыздыра түсті. Ал «Бақытты отбасы - 2019» театрішілік байқауының бас жүлдесіне театрдың белді әртістері, үлгілі жұптардың бірегейі Алтай және Марал Тәуекеловтердің әулеті лайық деп танылды. Отбасыларын таныстыру талабын өз маман­дықтарымен байланыс­ты етіп дайындаған бейне­туындылары көпшіліктің таң­данысын тудырып, отба­сы­ның ауызбіршілігін, бір-біріне деген сезімдерінің кір­шіксіз тазалығын керемет көріністермен баяндап берді.

Алматы мемлекеттік қуыр­шақ театры­ның директо­ры Талғат Қамқа­бай­ұлы «құн­ды­­лықтар құлдыраған қоғамда ба­қытты отбасыларды үлгі етіп көрсету, өнер мен өмірді ұштастырып жүрген отбасы­ларды насихаттау – әлеуметтік дерт­тің алдын алу жолындағы тиімді тәсіл» деген пікір білдірді. Ұлттың болмы­сын биіктетіп, ұрпақтың қажетіне жа­райтын осындай тәрбиелік шаралар барлық жерде жалғасын табуға әбден лайықты.

 

«Egemen Qazaqstan» республикалық газеті