Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Алматы күніне орай Қуыршақ театрында эко спектакльдер апталығы өтеді

3 Қыркүйек 2024

10-15 қыркүйек аралығында Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында қала күнін мерекелеу аясында «Puppet Eco Fest» эко спектакльдер апталығы өткізілмек. Апталық барысында кішкентай көрермендердің назарына экологиялық мәдениет қалыптастыруға үндейтін, тазалық сақтауға шақыратын, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен туған жерге деген махаббатты арттыруға бағытталған қойылымдар легі ұсынылады.

Көрермендер ертегі әлеміне саяхат жасап қана қоймай, театр әкімшілігінің ұйымдастыруымен өтетін Алматы қаласының тарихы, көрікті жерлері, көрнекті орындары туралы викториналық ойындар, сұрақ-жауап сайыстарына қатысып, театр қойылымдарына тегін билеттер ұтып алу мүмкіндігі ұсынылады. Сонымен қатар, көрермендер қызықты оқиғалар мен күтпеген бетбұрыстарға толы «Ақбайдың таңғажайып оқиғалары», интертивті бағыттағы экологиялық мәдениетке шақыратын «Есте сақта, балақай!», табиғат тазалығы маңыздығын дәріптейтін «Үйшік» және «Сұғанақ ешкі», қоршаған ортаға қамқорлық пен сүйіспеншілікті насихаттайтын «Түйме қыз» және «Қасқыр мен жеті лақ» қойылымдарын тамашалай алады.

«Puppet Eco Fest» эко спектакльдер апталығына Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары, мектеп оқушылары мен мектепке дейінгі ұйымдардың тәрибеленушілері, сонымен қатар көпбалалы, аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі жандар шақырылады.