Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

«БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» ТЕАТРІШІЛІК БАЙҚАУЫ

23 Мамыр 2018

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында «21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай, өнерлі жанұялардың басын бір арнаға тоғыстыра отырып, «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» театрішілік отбасылық сайысы өтті. Шараның басты мақсаты – салт-дәстүріміз бен киелі өнерімізді ұлықтап, отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттау. Жанұя тәрбиесіндегі қағидаларды негізге ала отырып, келешек ұрпаққа мардымды тәрбие беруді мақсат еткен сегіз бөлімнен тұратын сайыста бес отбасы бақ сынап, өнерлерін ортаға салып, жүлделі орындарға ілікті.

Атап айтсақ, "БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ" байқауының жүлделі ІІІ орын иегерлері әр кезеңде өз ерекшеліктерімен көзге түскен Өтебаевтар отбасы деп танылды. Қос орынның келесісіне Белғожаевтар отбасы лайық деп саналып, көрерменді ерекше суретпен таң қалдырып, ғажайып сиқырларына сендірген жас жұп та жүлделі орыннан құр қалмады.

Байқаудың жүлделі ІІ орнына театрымыздың жас болса да үлгілі жұптарының бірі Құлназаровтар жанұясы лайық деп танылды. Əсем əн шырқап, ерекше биімен көзге ілінген бұл отбасы киелі сахнада кішкентай бөбектерінің де тұсауын кесіп, ата дəстүрімізді ұлықтады. 

«Бақытты отбасы» жанұялық сайысының жүлделі І орнын театрымыздың дарынды артистерінің бірегейі, өнерлі жұптан құрылған Тәуекеловтер отбасы иеленді. Шығармашылық сайысына өз мамандықтарымен байланыстырып дайындаған өнер туындылары көпшіліктің таңданысын тудырып, кереметтей көріністерімен ерекшеленген бұл шаңырақ сахнада бекем бірліктерін көрсетті.

Ал көрерменді бəйгенің басынан бастап өнерлерімен тамсандырып, отбасылық тəрбие мен өнегенің үлгісін көрсете білген Жақыпбаевтар жанұясы бас жүлдені қанжығасына байлады.

Сайыс соңы спорттық ойындарға ұласып, қатысушылар жүлделі орындармен марапатталды. Жанұя тəрбиесіндегі қағидаларды негізге ала отырып ұйымдастырылған бұл шараның келешек ұрпаққа берер тəрбиесі, алар тағылымы мол.