Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры мерейлі 88-ші маусым шымылдығын 29 маусым күні сағат 12:00-де француз жазушысы Шарль Перроның әлемге әйгілі балаларға арналған «Етік киген Мысық» ертегісімен және жасөспірімдер мен ересектерге бағытталған белгілі классик қаламгер Николай Гогольдің «Шекпен» спектаклімен жабуды жоспарлауда.
Тамырлы тарихы ғасырға жуық Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры үшін 88-ші маусым тағылымды қойылымдарға, жарқын жеңістерге, зор жетістіктерге, жағымды жаңалықтарға толы елеулі сәттерімен есте қалды.
10 жылдан кейінгі қуыршақ театрының жаңаруы – 88-ші маусымның елеулі оқиғалары қатарында. Қуыршақ театрының ғимараты, фойесі, сахна кеңістігі, көрермен және дайындық залдары, грим бөлмелері, гардероб, санитарлық-гигиеналық және басқа да орындар толықтай күрделі жөндеуден өтіп, театр қызметкерлері жаңа шабытпен жұмысын жалғастырса, көрермендер жаңа келбет пен заманауи қойылымдарға куә болды.
Әлемдік аренадағы қуыршақ театрының жаңаша келбетін қалыптастыру, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту барысында театр ұжымы 88-ші маусымда Болгария, Түркия, Ресей мемлекеттерінде өткен халықаралық театр фестивальдерінде үздік атанып, жетістіктер қоржынын атаулы жүлделермен толықтырды.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қуыршақ театрының 12 қызметкері Германия, Түркия және Ресей елдерінде кәсіби біліктіліктерін жетілдіру мүмкіндігіне ие болып, шығармашылық шеберліктерін шетелдік білім беру орындарында шыңдады.
88-ші маусымда қуыршақ театрының тарихына елеулі жаңалық алып келген І-ші Халықаралық «ALMATY PUPPET FESTIVAL» қуыршақ театрлар фестивалі тұңғыш рет өткізіліп, Польша, Грузия, Болгария, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанның 150-ге жуық үздік театр майталмандарының басын қосты.
Қуыршақ театрының репертуар қоржыны 88-ші маусымда 5 жаңа қойылыммен толықты. Геометриялық пішіндер әлемімен таныстыратын «Бауырсақ» ертегісі, алпауыт әлемде анасын жоғалтқан кішкентай мамонттың таңғажайып оқиғасын баяндайтын «Анасын іздеген Мамонт» спектаклі, бокс шебері әрі ұлт мақтанышы Бекзат Саттархановтың батыл рухын дәріптейтін «Чемпион» қойылы, барша бүлдіршіндердің сүйікті кейіпкері туралы сыр шертетін «Етік киген Мысық» ертегісі және грузиялық режиссер Николоз Сабашвилидің жетекшілігімен сахналанған «Шекпен» қойылымы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Еліміздің өзге де өңірлері тұрғындарына Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының өнерін таныстыру және дәріптеу мақсатында театрдың шығармашылық ұжымы Қарағанды және Талдықорған қалаларында гастрольдік іс-сапарлар өткізді.
Алдағы 89-шы театр маусымында көрермендерді ұтымды жобалар, жағымды жаңалықтар, замануи спектакльдер асыға күтетін болады.
Cілтеме: https://adyrna.kz/post/202610