Бір қызығы, аталған қойылымды қуыршақ театрында сахналау үшін Грузияның астанасы Тбилиси қаласынан режиссер Николоз Сабашвили арнайы шақыртылған. Ол әйгілі классик жазушы Николай Гогольдің «Шинель» повесін театр төрінде жаңаша форматта көпшілік қауымға ұсынды.
Өзгеше режиссерлік шешімімен, терең философиялық астарымен, көрерменге айрықша әсер сыйлайтын қуыршақ образымен ерекшеленетін қойылымның режиссері әрі суретшісі – Николоз Сабашвили, ал балетмейстері – Ринат Билибаев. Шығарманың басты кейіпкері Акакий Башмачкиннің рөлін театрдың талантты артисі Шохан Құлназаров сомдады.
Бұл режиссер, актер, педагог, Грузия қуыршақ театрлар бірлестігінің басшысы Николоз Сабашвилидің Қазақстандағы алғашқы сапары емес. Тәжірибелі режиссер осы жолы елімізге келудегі басты міндеті шығармашылық пікірлер мен жаңа идеяларға қызығушылық нәтижесінде туған достықтан бастау алғанын айтады.
– Бұл менің Қазақстандағы кезекті үшінші сапарым. 2023 жылы «Ортеке» қуыршақ театрлар фестивалінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының директорымен танысқаным есімде. Сол кездері бірлескен жоба дайындау турасында біршама пікірлер ортаға салынып, нәтижесінде Грузия қуыршақ театрлар бірлестігі мен Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Міне, енді араға бір жыл салып, әсем қала Алматыға қайта жолым түсті. Қонақжай әрі дархан пейілді қуыршақ театрының ұжымы мені өте жылы қабылдады. Өзіңді еркін әрі жайлы сезінген ортада шығармашылық байланыс оңай әрі қызықты өрбиді деп есептеймін, – дейді ол.
Қойылым режиссері сахналанған қойылымның идеясы қазіргі қоғамдағы ахуалмен астасып жатқанын негізге алды. Шығармадағы кейіпкерлердің өмірі, бір-бірімен қарым-қатынасы шынайы өмірдегі көріністерге ұқсас келеді. Қойылым сонысымен көптің көкейіне ой салып, адами құндылықтар мәселесін көтереді.
– Бұл шығарма қазіргі уақыттағы жалғыздық тақырыбын жеткізуді көздейді. Мұндай адамдарды шынайы өмірде жиі кездестіруге болады. Олар алдынан шыққан кедергілерге қарамастан қоғамда өз орнын табуға тырысады. Николай Гоголь өз шығармасында адам бойындағы комплекстерді және олардың себептерін қозғайды, сондай-ақ ішкі сезімдер мен мотивтерге баса назар аударады. Қойылым әртүрлі жастағы көрерменді қызықтыра алады. Өкінішке қарай, ХХІ ғасырда қарым-қатынас тапшылығы секілді құбылыс байқалады, сондықтан «Шекпен» шығармасы қоғам үшін өзекті. Осы тұста қуыршақ театрында тамаша әртістер жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Мен оларға жаңа театр тәжірибесі мен театр эстетикасын ұсындым. Менталитетіміздің, темпераментіміздің және кейіпкерлеріміздің әртүрлілігі көрермен қызығушылығын тудыратын ерекше қойылымның шығуына әсер ететініне сенімдімін, – дейді қойылым режиссері Н.Сабашвили.
Басты кейіпкердің рөлін сомдаушы актер Шохан Құлназаров терең мазмұнды қамтитын тың туындының көрерменді берілмеуге шақырып, жақсылыққа жетелейтін тұстарының барын атап өтті. Нақтырақ айтсақ, қойылым кішкентай көрерменін ізгі қасиеттерге баулып, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстауға тәрбиелейді. Бұл, әсіресе балалар арасында буллинг фактілері жиі кездесетін қазіргі қоғам үшін аса қажет шығарма. Осы ретте көкейімізде классик жазушының осы бір шығармасына негізделген қойылымды балалар аудиториясы қалай қабылдайды деген сауал туындайды.
– Қазіргі уақытта балабақшада, мектепте балалар арасында әртүрлі оқиғалар болып жатады. Егер қойылымды тамашалап отырған көрермен менің образыма аяушылықпен қараса, келесіде мұндай теріс іс-әрекеттердің дұрыс емес екеніне көзі жетіп, қайталамауға тырысуы мүмкін. Сондықтан қойылым 12 жастан жоғары көрерменге арналады деген тұжырымға келдік. Бұл жасқа дейінгі балалар қойылым мазмұнын толыққанды түсінбесе де, қазіргі заманның 12 жастағы жас жеткіншектері, әсіресе ауыспалы кезеңде жүрген жасөспірімдер көп нәрсені білуге құлшыныс танытады. Қойылым арқылы ойы жетіліп келе жатқан балалар буллинг жасауды үйренбесе, теріс әрекеттерге жол бермесе екен дейміз. Олар «буллингке ұшыраған бала мерт болуы мүмкін, сондықтан мұндай әрекеттерді ешқашан қайталамау керек» деген ой түйеді деп үміттенеміз, – дейді Ш.Құлназаров.
Актер қойылым барысындағы іс-қимылдардың қандай мақсатта орындалуын, әрбір қадамның не себептен жасалуын меңгеруде режиссердің талабы мен ізденісі орасан екенін атап өтті. Шохан Құлназаров Грузиядан режиссер келетінін және оның «Шекпен» қойылымын сахналайтынын естіген сәттен бастап Гогольдің «Шинель» шығармасын оқуға кіріскен. Бастапқыда қойылым орыс тілінде сахналанады деп жоспарланғанымен, кейіннен қазақ тілінде ұсынылатыны белгілі болған. Бұл өзгеріс қойылым режиссерінің шешімі нәтижесінде бекітілген.
– Иә, бізге алғашқыда қойылым орыс тілінде сахналанатынын айтты. Бірақ режиссеріміз «шығарманың өз тілдеріңізде ұсынылғаны мен үшін де қуанышты болар еді» деген ниетін білдірді. Сол себепті қойылым қазақ тіліне ауыстырылды. Адамдықтың ең биік тұғыры – қай кезде болмасын адам болып қалуы. Бүгінде әлем елдері болмашы себептермен бір-біріне соғыс ашып отырғанын көріп отырмыз. Ал біз бұл қойылымда болмашы дүниеге өкпелемейтін, «ашуы – шай орамал кепкенше» адамның көп қиындыққа төтеп беруін көрсетеміз. Басты кейіпкер айналаға ішкі агрессиясын көрсетіп, оларға қарсы әрекет жасамай-ақ өз дегеніне жеткісі келді. Қаншама қиындыққа қарамастан, бас кейіпкердің алға қойған мақсатына ұмтылысын қоғамдағы азаматтар үйренсе екен деймін. Рухың сыну бір бөлек, физикалық тұрғыда сыну тіптен бөлек. Егер физикалық тұрғыда сынсаң, сені айналаң орныңнан тұрғызып алады. Ал рухың сынса, сені таптап өтіп кетеді. Сондықтан біз рухты сындырмаудың амалын ойласақ екен, – дейді театр артисі.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
"АЙҚЫН" газеті порталы