Алып үлкен ғасырдың қасіретіне айналған бес жыл, тарих беттерімен қатар, адамзаттың көңілінде мәңгілік. Қиын кезеңді қағаз бетіне түсірмеген ақын да, жазушы да болмады. Себебі, дауылдың қақ ортасына түскен жан, одан шыққан соң баяғы адам болып қалмасы анық. Театр тарихында орны бөлек шығарма «Ана – Жер-Ана» бүгінгі күні Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында бой көтерді. Спектакльді Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша режиссер Дина Жұмабай сахналады.
Режиссерлік ізденістер шығарманы толық ішінен көруге мән берген. Қойылымның атмосферасы бірден көрерменді өзіне баурап алады. Режиссерлік ұтымды шешімдердің бірі – бас кейіпкерді үш орындаушы арқылы бөліп көрсетуі. Толғанайдың жан дүниесін қызыл, ақ, қара орамалмен байланыстырып көрсетіп, мағынасын биіктетеді. Себебі, жастық шағы қызыл орамал, қызғалдақ болып жайқалған болса, ақ орамал үйдің от ошағы болып, жар, ана аттанған кезін көрсетеді. Ал, қара түспен майдан уақытында айрылған жақындарының бар екендігін көрсетпек. Және көрерменге алда болар жайтқа сілтеме береді. Толғанайдың болмысын көрсетудегі басты деталь осы ормалдар. Және келіні Алиман кейіпкерінің екі актерлердің орындауы да мағыналы. Себебі, ер жігіттері майданға кеткен кезде, осы өмірдің қиындығы мен қатаңдығына нәзік жандар жауапты болып, ызғарына көнген еді. Соғыс жылдарына дейінгі колхоздағы рахат өмір мен қамсыз тіршілік сахнасы көңілге жылулық береді. Қойылым барысындағы уақыт бірлігінің өтуін ән арқылы да көрсетеді. Бастапқы кезінде көңілді айтылған ән, оқиға желісі өрбіген сайын мұңайта айтылады. Яғни, музыка арқылы әр сахнаға баға беріп отырады. Сахнада актерлердің шеңбер жасап, айнала жайғасып отыруы символикалық үлкен шаңырақ ретінде көреміз. Ортада тұрған кішкентай үйлер бірігіп, бір-біріне жақын орналасқан. Тату-тәтті өмір сүрген отбасын көрсетеді. Ойыншық поезд, машина, тағы басқа реквизиттер азан-қазан өмірдің көрінісін көрсетеді. Қойылым қолында шырақ шам ұстап шыққан Толғанайдың репликасымен басталады. Сөзі мен ісінің арасынан байланыс тауып көрсеткен. Өмірінің соңында қараңғылық көріп, бір ғана кішкентай сәулесі – немересіне үміт артады. Толғанайдан басқа кейіпкерлер қуыршақ бейнесімен бейнеленген. Қуыршақ пен қуыршақ жүргізушілердің костюмдері бірдей болғандықтан визуалдық тартымдылық болды. Сонымен қоса, тұтастық байқалады. Аса үлкен мән беретін реквизиттің бірі – сабы ұзын қасықтар. Яғни, колхоздық өмірде бірлік, жанашырлық болған заманның белгісі. Өзіңді ғана емес, өзгелерді де ойлауың керек деген ұғым. Және де Толғанай мен Смағұлдың отбасында ынтымақ болғандығын көрсетеді. Режиссер тек жанды дауыстағы дыбыстыр, әндер, музыкалық ырғақтар арқылы қойылымды бағалап отыр. Қойылымның динамикасы баяу басталып, кейін келе өрби түсіп жоғарғы нотада ойналады. Майданға шақырылған ер жігіттердің әрбір қадамы ауыр және нық басылды. Суреткер аттанған ер адамдардың эмоциясыз қатқыл тұсын көрсетеді. Алиман мен Қасымның қоштасу сахнасын қуыршақтар арқылы бейнеледі. Қуыршақты жүргізе отыра актерлер өз жандарының бір бөлігімен сырласқандай орындайды. Марионетка тәсілін қолданады. Қуыршақтардың бет әлбетінің әрбір сызығына дейін шебер жасалған.
Шығарманың құдық түбіндегі қазынасын табуға суретші Ю.Чернованың таптырмас еңбегі зор. Сахнада шашылып жатқан сары шөп, оның аңқып тұрған иісімен араласқан шаң, топырақ көрерменге әсер етеді. Себебі, бірден сол ғасырдың ортасына түскендей сезімде боласың. Декорациялар мен бутафория қуыршақ әлемде жүзгенніңді байқатады. Бидай жиып, тырмалап, ән салған сахна жанға ләззәт береді. Азаматтардың өлімін етіктің шешілуімен көрсетеді. Етіктерді спектакльде ер азаматтарға теңеу ретінде көреміз. Себебі, иесіз бос қалған етіктерді ортаға жинайды. Оған қоса ішіне шөп салып тік тұрғызады. Бұдан біз әйелдердің тағдыр тәлкегінен еркектердің орнын басқанын көреміз. Кейіпкерлерден айырылып қалған кезде қуыршақты ортаға әкеліп тастайды. Яғни, Смағұл, Қасым, Майсалбек, Жайнақтың өлімімен шаңырақтың ортаға түскенін символикалық тұрғыдан көрсетеді. Актерлердің киген костюмдері сол уақыттың дәлдігін көрсетеді. Майсалбекті жолдан тосқан анасы көрінісінде бірден үш Толғанайдың айқайлағаны қандай жағдайда да ана жүрегі баласы үшін отқа да, суға да түсуге дайын екенін тағы бір еске түсіреді. Суреткер қойылымда көпшілік сахналарды өте әсерлі және ұтымды қолданған. Табиғаттың дауысын жанды ырғақпен шығару, поезд дыбысын шығару спектакльді құнды етеді.
Қойылым барысына жарық жұмысы назардан тыс қалмаған. Жалпы алғанда үш негізгі жарық қолданылады. Айтып өткендей дыбыспен режиссер жіті қадала жұмыс істеген. Бастапқы кезіндегі жанды дауыстағы «Сары бидай» әні шарықтау шегінен кейін жоқтау әніне айналады. Айта кететін тағы бір мәселе, Толғанайдан басқа кейіпкерлеріміздің репликаларын сахнаның түбінде орталасқан микрафон арқылы сөйлетеді. Бұл ретте Дина Жұмабай өкінішке орай өзін қайталайды. Себебі, «Ромео және Жульетта» қойылымында дәл осылай микрафонды қолданады. Әрине, екі түрлі мағыналы болса ақталар ма еді. Театр – нәзік, себебі өзіне немқұрайлықпен қарағанды кешірмейтін өнер ордасы. Көрермен сахнаның үш қырын көре отырып, қойылымды толыққанды көруге, сезінуге мүмкіндік береді.
Қуыршаққа жан бітіріп қана қоймай кейіпкерлерінің тағдырын өздерінің жан дүниесінен өткізген орындаушыларға келетін болсақ. Тек балаларға арналған деген пікірді жойып, қуыршақтар жас ерекшелігін таңдамайды деп айтпақ. Бұл ретте қойылымның қуыршақ жүргізуші актерлер өз ісінің маманы екенін дәлелдеді. Толқын Тлеулиева, Тәуекелова Марал, Рахимова Гүлім – бас кейіпкер Толғанайды сомдайды. Әйелдің мықтылығы мен қайсарлығын тексерген соғыс жылдары болды. Актрисалардың сахнада тәжірбиелерінің бар екенін ескергеніміз жөн. Себебі, әрқайсы ішкі толғанысты өзіндік түсінікпен ойнады. Десек те, шашыраңқы дүниеге шыққан жоқ. Актрисалардың кейіпкеріне деген қарым-қатынысты да байқаймыз. Толғанай – әйел, Толғанай – жар, Толғанай – ана, Толғанай – бригадир және әже деген қөзқарастарға көрінбейтін жіппен байланып тоқталған. Толқын Тлеулиева кейіпкерінен көзі мейірімге толған, жүрегі жұмсақ, жанашыр бейнені көреміз. М.Тәуекелова Толғанайдың қиын-қыстау кезеңдегі қайсарлық мінезін көрсетеді. Г.Рахимова орындауында нәзік жанды Толғанайды, оның осалдығын, көздегі жасын, амалсыздығын сахналайды. Пазл секілді суреттері сан түрлі болғанымен, үлкен тұтас картинаны көреміз. Д.Жұмабай басты кейіпкерлер ансамблін құра отырып спектакльдің дәнегін тапқан.
Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің негізгі идеясы алып соғысты көрсетуде емес. Әйелдің төзімділігі мен батылдығын көрсету. Алиман соның дәлелі. Жастық шағынан қор болып, жарынан тым болмаса аманат қалмағаны жанға батар зат. Қойылымдағы Алиманды Сақтағанова Арай, Байырбекова Арайлым сомдады. Режиссер бұл бейнені жан-жақты тәсілдермен көрсетеді. Яғни, актрисалар арқылы және қуыршақ бейне арқылы. Сонымен, соңғы тенденциялармен пантомима биі сахнасы да бар. Пьесада Алиманның болмысын Толғанайдың сөзінен ғана білеміз. Орындаушыларға осы ретте қиындық болды деуге болады. Кейіпкерді екі актриса ойнады. Десекте, екі суреткер де бір бейне көрсетті. Яғни, өте нәзік, жас, бейкүнә, жұмсақ жүректі, кейбір кездері әлсіз. Бір сөзбен айтатын болсақ, құрбан болған қызды көрсетеді. Қасыммен қоштасқан сахнасын қуыршақтармен ойнатады. Актрисаның қуыршақ жүргізу техникасын да байқаймыз. Марионетка тәсілін қолдана отырып, орындаушы мен қуыршақ бір болмағанын көруге болады. Дегенмен, ойнаушының қуыршақ кейіпкеріне деген көзқарасын көреміз. Әріптестік зейін мен қарым-қатынастың болғанын жоққа шығара алмаймыз. Тіпті, сахнада бір ғана актриса жүр деген ойға да ерік бересің.
«Театр – топтық өнер» демекші орындаушылардың толық ансамбль болғаны байқалады. Синхронды әркеттер, сахналық қарым-қатынас, спектакль динамикасын бір деммен көріп тамсанасың. Жанды дауыста айтылған ән жүрекке тимей қоймасы да бар. Ер азаматтарды Болат Момынжанов, Айдын Жақыпбаев, Руслан Әбу, Мақсат Камалов, Шоқан Құлназаров сахнада жан бітірді. Репликаларын сахна түбіндегі микрофонға ақырын, баяу сөйлеп, дауыс ырғағымен әсерлі ой қалдырып, бейнені көруге мүмкіндік аламыз. Жоғарыда айтып кеткендей сахнада ойнаған кезде эмоциясыз қатаң ер азаматтарды көреміз. Бірақ дәл сол микрафонға келгенде жылулыққа ерік берген, сезімдерін еркіндікке жіберген жандарды аңғарамыз. Демек, ерлердің болмысы сонда екенін еске салады.
Сұм соғыс жылдарындағы әйел тағдыры, қайғысы мен қайсарлығы көрсетілген ащы шындық оқиғасы.
Ұлбосын Тулақ
Сілтемесі: https://www.oner.kz/theatre/view/15666-sahnada-tirilgen-tragediya