Бүгінгі таңда 85 жылдық тарихы бар өнердің қарашаңырағы Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 22 қазан күні салтанатты түрде кезекті 86-маусымын ашады. Бүлдіршін қиялының шамшырағына айналған өнер ордасы жаңа маусым шымылдығын жас көрермендерді мейірімділікке, достыққа, еңбекқорлыққа, терең түсінік пен кешірімділікке жетелейтін режиссер Антон Зайцев сахналаған орыс халық ертегісі «Үйшік» қойылымымен ашпақ.
Сондай-ақ, сағат 17.00-де театр ұжымы аса көрнекті сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойына орай режиссер Еркебұлан Қабдыл сахналаған «Өмір – Өзен» музыкалық театрландырылған қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынады. Ғажайып саздылығы, көркем табиғаты, лирикалық әлемі, наздылық сипатымен миллиондаған тыңдармандардың жүрегінен ардақты орын алған көрнекті композитор, қазақ эстрадасының негізін салушы – Шәмші Қалдаяқов әндерін спектакль режиссері Еркебұлан Қабдыл бүгінгі күн көрермендеріне лайықтап, талант табиғатын айқындайтын өзгеше қырларын нәзік элементтермен толықтыра, жаңаша бағытта көрсетуді басты назарға алған.
85-маусым жетістіктері:
Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры бүгінгі таңда әр бағытта, әр жанрда жұмыс жасап келеді. 85-маусым да театр үшін ерекше шығармашылыққа толы жылдың бірі болды. Өнер ордасы кезекті еңбек демалысында 84-ші маусымын жаппастан үздіксіз жұмыс атқарып, өз көрермендерін күнделікті қойылымдарымен қауыштырды.
Сондай-ақ карантин уақытында театр ұжымы онлайн форматта жұмыс жасады. Көрермендерге театрдың YouTube каналы арқылы сапалы да мағыналы қойылымдар мен маңызды да пайдалы жобалар ұсынды. Балдырғандарымыздың балдай күлкілері мен таңдай қағар таңданыстарын туғызатын қарапайым қуыршақ арқылы ғана бүкіл бір шексіз әлемді жасап шығарып, жан сарайыңа сәуле себетін қасиетті орда кішкентай көрермендерге арналған «Балаларға базарлық», «Қайырлы түн, балақай!», «Қуыршақты сағынған құлыншақ», «Үйрен де, жирен», «Таңғы жаттығу жасайық», т.б. айдарлармен және кәсіби қуыршақ әлемін танытатын «Театртанушылар талдауы», «Онлайн сұхбат» сынды ақпараттық-танымдық айдарлар арқылы оқырмандармен тығыз байланыста жұмыс жасады.
Маусым барысында төменде көрсетілген халықаралық театр фестивальдеріне қатысты:
- 2019 жылдың 19-27 қазан аралығында Түркия Республикасы, Анкара қаласында өткен V Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестиваліне «Ана жүрегі» қойылымымен қатысты;
- 2019 жылдың 30 қазан – 4 қараша күндері аралығында Көкшетау қаласында өткен «ТеART-Көкше» I Халықаралық театр фестиваліне «Ана жүрегі» қойылымымен өнер көрсетті;
- 2019 жылдың 15-18 желтоқсан күндері аралығында Қарағанды қаласында өткен «Кукляндия» I Халықаралық қуыршақ театрлар фестиваліне «Қуыршақ думан» қойылымымен қатысты;
- 2020 жылдың ақпан айының 13 күні театр ұжымы режиссер Д.Бурман сахналаған «Айко және Страшко» қойылымы үшін Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің «Сыншылар жүлдесімен» марапатталды;
- Сонымен қатар, 2020 жылдың қазан айының 17-25 күндері аралығында Түркия Республикасы, Анкара қаласында онлайн форматта өткен VI Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестиваліне «Ромео мен Джульетта» қойылымымен қатысып, бақ сынауда.
Фестивальдер барысында театр ұжымы фестиваль қатысушыларымен жан-жақты тәжірибе алмасып, бүгінгі күнде балалар тақырыбында жазылған пьесаларды талқылап, кәсіби театр мамандары ұйымдастырған шеберлік-сағаттарына қатысты.
Сондай-ақ, 2019 жылдың қараша айының 14-15 күндері аралығында театр ұжымы қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай тәлімі бөлек, мәні зор «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж.: А.Зайцев) қойылымының премьерасы көрермен назарына ұсынылды. Ойлы ортаны толғандырып жүрген оқиғаларды қуыршақ бейнесінде көрсетіп, заманауи театр стилистикасында сахналанатын символикалық шешімдерге толы спектакль фантасмагория жанрында жол тартты. Мақсат – Абай тақырыбын көтеру ғана емес, сол арқылы ақындықпен ұшталып даналыққа ұласқан кемеңгердің ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу.
Балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келе жатқан республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры желтоқсан айының 5-6 күндері аралығында балаларға арналған «Аққұтан мен қарақшы» ертегісінің желісімен «Айко мен страшко» (реж.: Д.Бурман) ертегісінің премьерасын көрермен назарына ұсынды.
Театр ұжымы желтоқсан айының 21 мен 2020 жылдың 7 қаңтары аралығында көрермен назарына қазақ және орыс тілдерінде балаларға арналған «Құпияға толы ғажайып – 2020» (реж.: Е.Қабдыл, Р.Жаныаманов) атты жаңа жылдық думанды шоу бағдарламасын ұсынды.
Желтоқсан айының 17 күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен «Сахнагер – 2019» Ұлттық Театр сыйлығының салтанатты марапаттау кешін өткізді. Айтулы театр бәйгесінде ҚР мәдениет қайраткері, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Т.Есеналиев «Үздік театр менеджері» жүлдесіне, актирса А.Байырбекова «Үміт» жүлдесіне ие болды.
86 маусымда өнер ордасы қазақ халық ертегісі «Ер Төстік», Шарль Перроның «Күлше қыз» және Уильям Шекспирдің «Макбет» туындыларын сахналауды жоспарлауда.
Қуыршақ театрының ұжымы Алматы қаласының балдырғандары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін репертуардағы сүйікті кейіпкерлерімен қауышуға шақырады!
www.QAMSHY.kz