Ұлттық ойындарымыздың негізімен дүниеге келіп, ұлттық драматургиямен астасу арқылы халықтың қошеметіне бөленген қуыршақ өнері қоғамда маңызы талас тудырмайтын театрға айналды. Бүгінде әлемдік театр тәжірбиелерін кеңінен қолданып жүрген Мемлекеттік қуыршақ театрының репертуар саясаты мен ересектерге арналған спектакльдердің қуыршақ тіліндегі интерпретациялары, театрдағы шығармашылық иелерінің ізденістері зерттеуге арқау боларлықтай қарқында. Театр тынысына үңіліп, сахнаға тізерлеп жүріп қызмет ететін артистер жайында әңгіме өрбітсек. Иә, қуыршақ театры артистері тура мағынасында қуыршақтарды технологиясы мен сахналық нұсқасына қарай тұрып, тізерлеп, отырып, кейде қолмен жүргізеді.
«Қуыршақ театрының актерлері екінші деңгейдегі актерлер деген сөзді де естіп жатамыз, осы жөнінде не айтасыз?» деген сауалға: «Біздің көрермен, ең қатал көрермен. Сынның шынын айтар көрермен. Бала үлкендердей жалған айта алмайды, шынайы эмоциясын жасырмайды. Олай болса, осыншалық қатал көрерменнің көңілінен шығу, "екінші деңгейдегі актердің" қолынан келмес еді. Бала әуелі жанды жолдастарымен емес, жансыз қуыршақпен сырласып, достасады. Адам есейеді, бірақ, тұңғыш қуыршағын ұмытпайды. Дос болу үлкен жауапкершілік, достаса білу – ұлы өнер. Ендеше қатал көрерменнің сүйікті театры болу да оңай емес», - деп жауап берген болатын қуыршақ театрында табаны күректей жиырма екі жыл еңбек етіп келе жатқан өнер иесі кезекті бір сұхбатында.
Иә, бүгінгі қоғамда, әсіресе өнер әлемінде өз жасаған еңбегіңді жарнамалай білу де алдыңғы орында. Ал, Қуыршақ театрының артистері табанды еңбек етіп, шығармашылықтарын шыңдағанымен өздерін артист ретінде жарнамалау жағы қалыптаспаған. Ол дәлелдеуді, дәріптеуді қажет етететін құбылыс емес деп есептейтіндерінен болар. Бастысы, бала жанының сенімді әрі сүйікті сырласы бола білу жарнамасыз жан тыныштығын сыйлайтын сезім болса керек. Қалай десек те бүгінде аты жиі аталатын мемлекеттік Қуыршақ театрында зерттеп, зерделеуге тұрарлық ізденімпаз артистер өте көп. Солардың бірі – Тәуекелова Марал.
Марал Зейнелқызы – 1973 жылы 1 шілдеде дүниеге келген. 1997 жылы Ташкент институтын бітіріп, сол жылдан бері мемлекетттік қуыршақ театрында актриса ретінде күрделі де қызықты образдарды сахналап келеді.
«Каштанка» - қаз, «Құтан мен қарақшы» - құтан, түлкі, «Орыс халық ертегілері» - мысық, «Көңілді қонжықтар» - кірпі секілді бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлері кішкентай көрермендерімізді қуанышқа бөлеп келеді. Осылардың қатарындағы ерекше тартымды әрі көрерменнің сүйікті ертегісі «Түймеқыздың» орны бөлек. Қуыршақ театры артистері бір бейнені бірнеше рет қана емес, бірнеше жылдар бойы ойнауы мүмкін. Ол рольді ойнауда жас ерекшелігі, сыртқы формасы әсер етпейді. Мәселен, М.Тәуекелова 45 жаста болса да таңғажайып гүлдің ішінен пайда болған, кішкентай саусақтың биіктігіндей ғана әдемі түймеқыз ролін сахналап келеді.
Мұнда үн тазалығы, дауыс ырғағының қалыпты әрі шынайы болуы бірінші орында. Сырт келбеті көрінбегенімен артистің ішкі-хәл күйі қуыршақты ойнатудағы шеберлігі балаларға бірінші әсер ететін құбылыс. Балалар ересектер секілді эмоциясын жасыруды, жалған күлуді білмейді. Оларда бәрі шынайы және қоршаған ортасынан тек соны күтеді. Қуыршақ театры балалардың әдемі әлемін одан әрі ғажайып пен жақсылыққа толтыру үшін талмай еңбектенеді. Ал, бұл жолда иненің жасуындай жасандылыққа жол беруге болмайды. Сондықтан да болар, қуыршақ театры артистеріне артылар жүк екі есе ауыр, есесіне ұлттың болашағы үшін маңызды.
Ал, бүгінде қуыршақ театры ересектерге арналған спектакльдерді сахналап, артистердің алдыңғы планға шығуы қуыршақ театрының кең тынысты екендігін көрсетуде. Атап айтқанда, Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повестінің негізінде Д.Жұмабаева режиссурасымен сахналанған «Ана – Жер Ана» спектаклі және ондағы Толғанай бейнесі кімді де болса тебірентпей қоймасы анық. Үш актриса Толғанайдың үш түрлі кезеңін сомдайтын болса М.Тәуекелова Сұбанқұлмен енді отасқан кезеңдегі ананы бейнелейді. Бұл кезге дейін ширманың артында көрерменін қуанышқа бөлеген артистер енді өз потенциалдарын толық көрсетуге мүмкіндік алды. Алғашында қорқыныш емес, қобалжу болғанын да жасырмайды. Көпшілікті қуантудың жолы тек өз бейнеңмен емес, қуыршақтармен екендігіне жылдар бойы үйреніскен олар қуыршақты да, өздерін де жаңа бағытқа дайындай бастады.
Театр кеше өмірге келгендей таңданудың қажеті жоқ деп білеміз. Себебі, әр жылдары қуыршақ театры өз деңгейлеріне сай түрлі белестерді бағындырып келді. Шығармашылық жолын жоққа шығару жазуға оңай болғанымен, оның артында қаншама тағдырлар мен ғұмырын қуыршақ театрына арнаған тұлғалардың тынымсыз еңбегі жатқанын да ұмытпауымыз қажет. 1935 жылы шымылдығы түрілген дала театрының сипатына ұқсас болған қуыршақ театры өнерінің сексен жылдық еңбек жолы театртанушы- ғалым Е.Жуасбектің «Қазақ қуыршақ театры» атты жинағында тамырынан терең талданып, 1992 жылғы кезеңіне дейін келеді. Ұлттық ойындарымыз ақсүйек, қулар ойынынан бастап, Ортекенің қуыршақ театрының қалыптасуындағы роліне басымдық бере отырып зерттеу жүргізілген.
Қуыршақ театры соңғы жылдары жаңа бағыттағы спектакльдерді сахналауды қолға алса, «Мен деп ойла...» актрисаның тырнақалды режиссерлік жұмыстарының бірі. 2017 жылы сахналанған композициялық спектакль ақиық ақын М.Мақатаев жырларын қуыршақ тілінде шебер бейнелейді. Поэтикалық кеш ақын өлеңдері мен жырларын түрлендіре отырып, балғын бүлдіршіндерге қызықты әрі түсінікті тілде сахналанады. Бүгінде «Мен деп ойланың» өз тұрақты көрермендері бар. Бұл балалардың ой-қиялының, таным-көкжиегінің кеңейе түсуіне ықпал ететін жарқын қойылым.
Әдетте ата-аналар кішкентай күнінен балаларын өнерге баулып, киелі сахна төрінен көргісі келсе түрлі байқауларға апарып бақ сынатып жатады. Ал, балғын бүлдіршінді өнер әлеміне қызықтыру үшін ең алдымен өнердің мектебі саналатын Қуыршақ театрына әкелу керек. Сонда өнерге деген шынайы ынта-ықыласы әлде түрлі ертегілер мен қойылымдарды көріп, қандай да бір қабілеті дараланып, айқындала түседі ме аңғаруға болады. Сондықтан, балаға болашақтағы мақсаттары мен қиялының ұштасқан тұсын дәл таңдауына көмектесу үшін, әсер сыйлайтын сәттерді жиі өткізіп, қиялына қанат бітіру қажет. Міне, осындай арманшыл баладан еңбекқор, жанашыр тұлға қалыптасады.
Баламен үлкен мәселелер жөнінде сөйлесіп, ертерек үлкен өмірге дайындаймыз деп ойлайды кейбір ата-аналар. Шын мәнісінде, адамдар қанша есейгенімен жүрек түкпірінде ғажайыпқа деген сенім, ертегі әлеміне деген құштарлық сынды балалықтың белгілері қалады. Біз керісінше, осынау мөлдір тұнық тазалықты лайламаудың жолын іздеуіміз қажет. Әр баланың қалыптасқан болмысын бақылай отырып, әрбіріне өзінше дамыту тәсілін қолданатын театр артистері бала қиялының шамшырағына айналған жарық іспеттес. Ендеше, қуыршақ театры артистеріне "қартаюға болмайды". Мұнда ата-әже болып ақыл айтудан гөрі, өзінің сырын айтып сенетін қуыршақ-ойыншақтары арқылы жақсылыққа жетелеу жеңілірек.
Бүгінде әлемдік театр тәжірбиелеріне сүйене отырып, қай театрды алмасаңыз да қойылымға арналған кеңістік, қажетті құрылғылар, репертуар, артистердің кәсіби біліктілігі, қуыршақ театры артистеріне білім беру жүйесі, сценография ролі және театр техникасына дейін өзгеріске ұшыраған. Қызықты әрі күрделі өнерге қызмет еткісі келетін жастардың да саны артып келеді. Бұл қуыршақ өнерінің болашағы жарқын, келешегі кемел екенін айқындайтындай.