Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының «Taza.kz» спектаклі

 

Жанр: буффонада

Жас ерекшелігі: 12+

Ұзақтығы: 60 минут

 

Тілі: сөзсіз

Өтетін орны: Үлкен зал

Өтетін уақыты: 22-қазан, 20:00

 

Байқаудан тыс көрсетілім

 

Спектакльдің шығармашылық құрамы:

- Автор әрі режиссер – Алияр Нұраділ

- Суретші – Юлия Чернова

- Хореограф – Меруерт Кализатова

 

Спектакль туралы:

Табиғатты қорғау – әр адамның жауапкершілігінен басталады!

«Taza.kz» спектаклі қоршаған ортаға ұқыпты қарау, туған жерді аялау және тазалық мәдениетін қалыптастыру тақырыптарын әзіл мен ойынға құрылған ерекше сахналық формада ұсынады. Буффонада жанрындағы қойылымда күлкілі әрі күтпеген жағдайлар арқылы табиғатқа деген немқұрайдылықтың салдары көрсетіліп, көрерменді қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Қызықты оқиғалар мен жарқын сахналық әрекеттерге толы спектакль балаларға экологиялық мәдениетті жеңіл әрі әсерлі түрде түсіндіреді.

 

Театр туралы:

Алматы қаласындағы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының негізі 1935 жылы қаланған. Бұл театр – Қазақстан тарихындағы ең алғашқы қуыршақ театры. Театр шығармашылығының негізгі бағыты – кәсіби қуыршақ жүргізе алатын артистердің қатысуымен көркемдік деңгейі жоғары қуыршақ спектакльдерін сахналау және көрермен назарына ұсыну. Театрдың спектакльдері жас ұрпақтың рухани, адамгершілік, патриоттық тұрғыдан қалыптасуына қызмет етеді. Театр сахнасында жылдар бойы қарапайым таяқшалы қуыршақтардан бастап күрделі марионеткаларға дейінгі әралуан қуыршақ түрлері пайдаланылып келеді.

Театр ұжымы республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде жоғары деңгейге қол жеткізу мақсатында үздіксіз еңбек етіп келеді. Театр репертуары жыл сайын белгілі әлемдік ертегілер, қазақ халық ертегілері, сондай-ақ классик қаламгерлердің шығармалары негізінде қойылған жаңа спектакльдермен толықтырылып отырады.

Қазіргі репертуарда отандық және шетелдік авторлардың әдеби әрі драматургиялық туындылары негізінде сахналанған 60-ден астам спектакль бар. Спектакльдер қазақ және орыс тілдерінде балалар мен ересектерге ұсынылады.