Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕР ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ БАҒЫНДЫРҒАН БЕЛЕСТЕР

9 Желтоқсан 2019

 2019 жыл қазақ театр өнері үшін өзіндік естеліктерге толы жыл болды. Еліміздің бірнеше облыстарында, атап айтқанда Ақтау, Атырау, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау қалаларында түрлі деңгей мен дәрежедегі театр фестивальдері өтті. Гастрольдік сапарлар да толастамай, Алатауға ат басын бұрып, мәдени астанаға есеп беруге шалғайдағы театрлар ағылып жатты. Бұл, облыстық театрлардың қарқынды жұмыс жасап бәсекеге қабілеттіліктері артып жатқанын аңғартады. Дәл осы жылы облыстық екі театр (С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық Қазақ драма театры, Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық Қазақ музыкалық драма театры) «академиялық» мәртебесін иеленсе, жеке театрлар да өз миссиясын ұмытпай жаңашыл дүниелерді жарыққа шығарып жатты.

        Хош, өнерді өзінше түсінген сахнагерлер түрлі театр іс-шараларын өткізгенімен Алматыдағы театрлар атойлаған театр фестивалін өткізген жоқ. Театрішілік деңгейден аса алмаған үш театр фестивалі өтті.

        Болашақ драма театрларының көрермендерін дайындайтын және сол жолда тынымсыз еңбектеніп келе жатқан, қатарынан үшінші жыл театр фестивалін өткізуді жоспарлап отырған Мемлекеттік Қуыршақ театры.

         Ересектерге арналған спектакльдерінің сахналануы театр өнері әлемінде жаңалық болған жаңашыл ұжым биылғы жылды желтоқсан айында жетінші театр фестивалімен қорытындылайды. Осы және өзге де театр жетістіктері жөнінде кеңірек.

 Саналы ұрпақ білімді тұлғаға айналуы үшін тек сауат ашу жеткіліксіз. Қоршаған ортаны тануға, ой-пікірін қалыптастырып, адами асыл қасиеттерді бойына сіңіруге балаларға арналған театрдың әсері мол.

        Екі тілде көрермен сұраныстарын қанағаттандырып отырған театр «ТЕАТР БЕЗ ОТПУСКА» аталып, көрермендері үшін тоқтаусыз жұмыс атқарып жатқалы бірнеше жыл болған. Тәжірбиелерден қорықпайтын театр қуыршақ өнерінің көпшілікке беймәлім қырларын ашып, әлемдік деңгейге құлаш ұрғалы да көп уақыт өте қойған жоқ. Ал, биылғы жыл тіпті ерекше. Ағымдағы жылдың 24-25 қаңтар күні классиканың жаухар жақұты, Шекспир шығармашылығының шыңы «Ромео мен Джульетта» трагедиясы тұңғыш қуыршақ тілінде көрермендерге жол тартты. Режиссері – Д. Жұмабаева.

18 жастан жоғары көрермендерге арналған бұл спектакль жарыққа шыққаннан соң Татарстан Республикасы, Казань қаласында өтетін «NAURUZ — 2019» XIV Халықаралық театр фестиваліне шақырту алып, маусым айында аталмыш фествивальде абыроймен өнер көрсетті.

26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Ресей Федерациясы, Челябинск қаласында өтетін «CHELoВЕК ТЕАТРА» кіші формада сахналанатын спектакльдердің VII Халықаралық театр фестиваліне «Ана – жер Ана» (авт.: Ш. Айтматов, реж.: Д. Жұмабаева) қойылымымен қатысып, ресейлік көрермендер мен сарапшылардың жоғарғы бағасын алып оралды.

         Балалар әлемі шынайы, таза әлем. Ал, қоғам осындай тазалыққа құштар! Балалар мен жасөспірімдердің сұранысын қанағаттандыратын театр репертуарындағы «Ана жүрегінің» (реж.: А. Зайцев) кезекті жетістігі Ресей Федерациясы, САНКТ-ПЕТЕРБУРГ қаласында өткен «КУКART» Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде «ҮЗДІК АКТЕРЛІК АНСАМБЛЬ» номинацясын жеңіп алуы.

Отандық және шетелдік театр мамандарының көңілінен ерекше орын алған ұжым және қойылым осы мемлекетте Омск қаласында өтетін «В ГОСТЯХ У АРЛЕКИНА» Халықаралық театр фестиваліне шақырту алды.

  Ағымдағы жылдың театр үшін ең айтулы жаңалығы қараша айында ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Абай Құнанбаевтың қара сөздеріне негізделген «МЕН БІР ЖҰМБАҚ АДАММЫН… АБАЙ» (реж.: А. Зайцев) қойылымы сахналанды. Қазақтың бас ақыны, философ Абай Құнанбаевтың бейнесі алғаш рет қуыршақ бейнесінде театр сүйер көрермен назарына ұсынылды. Негізгі мақсат – дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Мұнда әр оқиға мен кейіпкерді символика арқылы жеткізеді. Режиссер театрда тек бір ұлттың мәселесін ғана көтерумен шектеліп қалып, жалпыадамзатқа ортақ мәселені қарастыра алмаса құлдыруға алып келетінін жақсы түсінеді. Сондықтан, бұл қойылымда тек Абай бейнесі мен болмысы ғана емес, білімге, көкірегі ояу халыққа айналу үшін қажетті ұғымдарды біріктіре отырып, жалпыадамзаттық мәселені көтереді. Биылғы жылы кәсіби деңгейі жоғары екі спектакльдің премьерасын өткізген театр ұжымы алдағы уақытта көрермендері үшін жаңа спектакльдерге дайындық үстінде.

 

Бір ғасырға жуық ұлт мәдениеті мен руханиятына зор үлес қосып келе жатқан Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының жаңа бағыттағы шығармашылық жолы, ересектерге арналған спектакль сахналаудағы жетістіктері әлі талай ізденушілер мен зерттеушілердің еңбектеріне арқау болады деп сенеміз.

 

http://zhas-zhanary.kz/?p=3851&fbclid=IwAR1Fn_0IuQFiniosjfCSkGd_t2xGKwzQpG8X2sLoC7AONQxzGN-YBhy5Bxc