Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Балаларды қорғау күні – қуыршақ театрында

30 Мамыр 2023

Театр -  өнердің ерекше түрі ғана емес, адам үшін қуатты антидепрессант, рахани жеңілдік, көтеріңкі көңіл-күй сезімін тудыратын жағымды эмоциялардың, рухани жаңарудың мекені. Осындай қағидаларды ұстанып, бүлдіршіндердің жүрегіне қуаныш, көңілдеріне шаттық сыйлаудан жалықпайтын театрлардың бірі де бірегейі 90 жылға жуық тағылымды тарихы бар, мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайған киелі өнер ордасы -  Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры.

Балалар мерекесі бүлдіршіндер үшін көптен күткен қуаныш, жаңаша әсерлер мен ұмытылмас сәттердің, пайдалы да тиімді уақыт өткізудің таптырмас мүмкіндігі. Кез-келген ата - ана  үшін баласының әрбір күні шаттыққа толы болып, демалыс пен тәрбиенің қатар ұштасып рухани өсіп жетілуі басты назарда екендігі айқын. Осы орайда, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалық шақ» ойын-сауықтық мерекелік бағдарламасын, жуырда ғана тұсауы кесілген «Есте сақта, балақай!» ақпараттық-танымдық қойымының көрсетілімін қаламыздағы мүмкіндігі шектеуші, аз қамтылған, мүгедек және көп балалы отбасылардың бүлдіршіндеріне ұсынбақ. Қоғам өмірінде маңызды орын алатын, әрбір адам білуге және ұстануға тиіс салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, өрт қауіпсіздігі және жол жүру ережелерін қаншалықты жетік білеміз?! Күнделікті өмірде осы ережелерді қатаң сақтап жүрміз бе?! Бүлдіршіндер қызығушылығына сай интерактивті бағытта сахналанған «Есте сақта, балақай!» ақпараттық-танымдық қойылымы осы сауалдарға жауап іздейді. Астары терең тәрбиеге ие жауапкершілікке, тазалыққа, жан-жақтылыққа, кішіпейілділікке шақыратын қойылым көрермендерді бейжай қалдырмасы анық. Сонымен қатар, онлайн форматта ұйымдастырылған «Мен бақытты баламын!» көркем сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау жоспарлануда.  

Көрермен санына емес, ұсынылатын қойылым сапасымен санасатын ұжым балалардың демалыс уақытын дұрыс бағытта ұйымдастыру мақсатында репертуар көкжиегін ұлттық сана-сезімнің қайнар бастауы, қазақ ртегілерінің озық үлгілері «Ұр, тоқпақ», «Ер төстік», «Қаңбақ шал», «Алтын адам» сынды қойымдарымен кеңейтуде. Өн бойына терең мағына, астарлы ақиқат тұндырған, шынайы болмысымен бөлек сезімге бөлейтін қуыршақ театры ұсынған қойылымдар көрсетілімінде жүздескенше!

Мадина Төле

Әдебиет порталы

Сілтеме: https://adebiportal.kz/kz/news/view/balalardy-qorgau-kuni-quyrsaq-teatrynda__24652