Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Театр тарихы

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. 1935 жылы ашылған театр ордасы таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. «Алдар көсе» және «Өтеген батыр» қойылымын дайындаған қазақ драма театрының артистері Қ.Бадыров, С.Телғараев театрдың тұңғыш режиссерлары атанды. Сондай-ақ, «Қуыршақ театрының режиссері» курстарын бітірген А.Федорченко, А.Анчаров және арнайы шақыртылған  қуаршақ жүргізу шеберлері Д.Липман мен О.Тарасовалар да режиссерлік етті. Л.Хамиди мен Б.Ерзакович сынды көрнекті композиторлар алғашқы қойылымдарды музыкалық жағынан көркемдеді. Театрдың қалыптасуы мен өркендеуі жолында талантты өнертанушылар мен режиссерлер тынбай еңбек етіп, театрдың дамуына өз үлестерін қосты.

84 жылдық терең тарихы бар театр әр елдің шығармаларын ұлттық тілде сахналаумен бірге талантты артистердің, қуыршақ шеберлерінің, режиссерлардың, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету,  кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу. Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған театрдың репертуарлық саясатының ауқымы да кең. Репертуардағы отыздан астам қойылымдар орыс және қазақ тілдерінде көрермен назарына ұсынылып отыр.

Өз көрерменін тапқан театрдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл толады. Театр әр жылдары көптеген фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып, қазақ қуыршақ өнерінің дамуына үздіксіз үлес қосуда. Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі қатысқан өнер додаларын тізбелер болсақ:

  • Театрдың шығармашылық ұжымы 2009 жылы қуыршақ жанры саласында қытай және қазақстандық мамандар арасында тәжірибе алмасу және ортақ жобаларды ұйымдастыру мақсатында Гуанчжоу қаласында (ҚХР) гастрольдік сапарда болды;
  • 2012 жылы Ресейдегі «Театр кукол – XXI век» ассоциациясының шақыртуымен Мемлекеттік қуыршақ театры Мәскеу қаласы Орталық шығармашылық қызметкерлер үйінде және «Огниво» қуыршақ театрында (Мәскеу облысы) өнер көрсетті;
  • 2015 жылы өткен халықаралық ІV қуыршақ фестивалінде Үнді, Грекия, Германия, Түркмения, Грузия т.б. театрларын баса озып, режиссер К.Адыловтың сахналауындағы «Каштанка» қойылымымен (авт.: А.Чехов) бас жүлдені иеленді;
  • 2017 жылы 25-29 мамыр аралығында театр ұжымы Бішкек қаласында (Қырғызстан  Республикасы) М.Жанғазиев атындағы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткен драматург, режиссер, қуыршақ театрларының негізін салушы Виктор Александрович Швембергердің 125-жылдығына орай ІІ Халықаралық «Так-теке» қуыршақ театры фестиваліне қатысып, А.Чеховтың «Каштанка» ертегісі үшін «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» номинациясымен, қоюшы режиссері Қ.Адилов «Ең үздік режиссер» номинациясымен, сондай-ақ Қырғыз театр қайраткерлері одағының арнайы дипломымен марапаттады;
  • 2017 жылдың 28 мамырында Кишинев қаласында (Молдавия Республикасы) өткен «Под шапкой Гугуцэ» атты Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне театр ордасы халық ертегісі «Қаңбақ шалды» жиырма бес мемлекеттен келген өнер өкілдерінің назарына ұсынып, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» және театр директоры Т.Есеналиев «Үздік менеджер» дипломымен марапатталды;
  • 2017 жылдың 5-9 маусым аралығында Татарстан Республикасында өткен ХІІІ Халықаралық «Наурыз» фестиваліне драматург Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» эпикалық спектакльімен қатысты (реж.: Ю.Уткин);
  • Анкара муниципалитетінің ұйымдастыруымен Түркия Республикасында 2017 жылдың 1-9 тамызында өткен Халықаралық VII театрлар фестивалінде театр ұжымы «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) қойылымымен қатысып, арнайы дипломмен марапаталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Түркия мемлекетіндегі елшісі Абзал Сапарбекұлының арнайы алғыс хатына ие болды;
  • 2017 жылдың 2-8 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық драма театрларының жас режиссерлерінің арасында өткен форум-фестиваліне режиссер Р.Жаныаманов сахналаған Ж.Омаровтың «Құлыншақ пен Бөлтірік» ертегісімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды;
  • 2017 жылдың қазан айының 19-27 аралығында Түркия Республикасында өткен III Халықаралық Анкара фестиваліне театр ұжымы шақырту алып, үшінші рет өткелі отырған фестивальге қатысып,  фестиваль қатысушылары мен қонақтары назарына «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: Қ.Ешмұратова, С.Шүкіров) және «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) қойылымдарын ұсынады. Фестивальдің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің көкжиегін кеңейтіп, халықаралық стандартқа сай ете отырып, кәсіби театр мамандары мен түрік суретшілері, режиссерлері, продюсерлері мен қарапайым өнер сүйер қауымның талабынан шығу, жаңа тынысын таныту болды.  Фестиваль барысында қойылымдардан тыс театр артистеріне арнайы дәрістер, семинарлар оқылып, қуыршақ театр өнеріне байланысты көрмелер ұйымдастырылады;
  • 2018 жылдың ақпан айының 1-15 күндері аралығында Франция, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Өзбекстан және Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысып, бақ сынап, өзара тәжірибе алмасқан «Откровение» V Халықаралық орындаушылық өнер фестиваліне театр ұжымы «Ана жүрегі» (авт.: Е.Ионов, реж.: А.Зайцев) қатысып, кәсіби сарапшылардың жоғары бағасына ие болды;
  • Ағымдағы жылдың сәуір айының 20-22 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен Т.Ахтановтың 95 жылдығына арналған III Халықаралық «Balausa» фестиваліне өнер ордасы «Ана-жер Ана» (авт.: Ш.Айтматов, реж.: Д.Жұмабаева) спектаклімен қатысып, театр ұжымы алғыс хатқа ие болып, актриса Д.Иса «Әлиман» ролі үшін «Ең үздік дебют» номинациясына ие болды;
  • 2018 жылдың қыркүйек айының 22-27 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен  «Ассалаумағалейкум – V» Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне театр ұжымы «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен қатысып, бас  жүлде мен «Ең үздік қойылым» номинациясын иеленді;
  • 2018 жылдың 22-29 қазан аралығында Душанбе қаласында Тәжікстан Республикасы өткен «ЧОДАРИ ХАЁЛ» VI Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне «Ана жүрегі» (авт.: А.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымымен қатысты;
  • Театр ұжымы ағымдағы жылдың 10-14 қараша күндері аралығында Өскемен қаласында өткен Рүстем Есдәулетов атындағы II Республикалық театр фестиваліне Еврипдтің Медея (реж.: А.Салбан) трагедиясымен қатысып, облыс әкімі атынан Р.Есдәулетов атындағы «Арнайы сыйлық» және «Ең үздік режиссер» номинацияларымен марапатталды;
  • 2018 жылдың 12-17 қараша күндері аралығнда Бішкек қаласында Қырғызстан Республикасы өткен «Айтматов және театр» Халықаралық фестиваліне «Ана – Жер Ана» (авт.: Ш.Айтматов, реж.: Д.Жұмабаева) қойылымымен қатысып, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» марапатына ие болды. 

 

2013 жылы театр ғимараты күрделі қайта жөндеуден өтіп, көрерменге өз есігін ашты. Бүгінгі таңда заманауи шеберханамен жабдықталған екі зал қызмет жасайды. Үлкен зал – 214, кіші зал – 60 орынды құрайды.

Мемлекеттік қуыршақ театрының бүгінгі таңдағы шығармашылық құрамында жас режиссерлар Р.Жаныманов, А.Зайцев қызмет атқарады. Актерлік құрамында – 30 актер, оның ішінде 1 – Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі, 3 – ҚР Мәдениет қайраткері, 2 – «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының, 2 – «Серпер» Жастар сыйлығының иегерлері, «Сахнагер – 2018» ұлттық театр сыйлығының «Үздік қуыршақ актері», «Сахналық ғұмыр», «Үміт» номинациясының иегерлері бар.

Бүгінде театрдың директоры қызметін ҚР мәдениет қайраткері Талғат Есеналиев атқарады.

Көркемдік жетекші – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек.

Театр режиссерлары Антон Зайцев, Рүстем Жаныаманов, Еркебұлан Қабдыл.