Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Есеналиев Талғат Қамқабайұлы

Есеналиев Талғат Қамқабайұлы 1977 жылдың 3 қарашасында Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Тәтті ауылында дүниеге келген.

1993 жылы орта мектепті бітірген соң өнердің астанасы Алматы қаласына келіп, Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің «Көркем сөз шеберлігі» мамандығы бойынша білім алған.

1999-2003 жылдары ОАУ-те «Қазақ тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша, 2009-2011 жылы ҰББУ-дің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша, 2014-2016 жылы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Режиссер» мамандығы бойынша академиялық магистр дәрежесін иеленді.

Алғашқы еңбек жолын 1997 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында әкімгер қызметінен бастаған. Аталмыш өнер ордасында қызмет еткен жылдары театр өнерінің тарландары, халық артистері Е.Обаев, А.Әшімов, Ф.Шарипова, Ш.Жандарбекова, Х.Бөкеева, т.б. сынды театрдың шежіресіне айналған ардагерлері, абзал жандардың сахнадағы шеберханаларынан рухани дәріс алған.

2003 жылы жинаған тәжірибесі бойынша осы театрда директордың орынбасары, 2013 жылы бөлім меңгерушісі, артынша директордың орынбасары қызметтерін атқарған.

2006 жылы  Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бекітуімен «Мәдениет қайраткері» белгісі берілсе, 2010 жылы «Құрмет» грамотасының иегері атанды.

2015-2016 жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына директордың бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.

2016 жылдың қазан айынан бастап Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры  қызметіне тағайындалды.

Т.Қ. Есеналиев 20 жылдан астам уақыт жасаған еңбек жолында көптеген алғыс хаттар мен мараппаттарға ие болған. Халықаралық және Республикалық байқауларға қатысып жүлделі орындарды иеленіп, лауреат атанды.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында және Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттеріне дәріс беріп келеді.